Ләззат СҮЛЕЙМЕН, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі: ҮМІТКЕР МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ЕРКІН БІЛУІ КЕРЕК

546
0
Бөлісу:

Қазақстан Республикасы Президентіне үміткер мемлекеттік тілді жетік меңгеруі тиіс деген талап бар. Кандидат мемлекеттік тіл – қазақ тілін қай деңгейде білуі керек? Үміткердің қазақ тілін білу деңгейін кім бағалайды? Осы және өзге де сауалдарға ­Орталық сайлау комиссияның мүшесі ­Ләззат Сүлеймен жауап берді.

– Ләззат Жаңылысқызы, Қазақстан Президенті атанғысы келетін үміткер мемлекеттік тілді қай деңгейде білуі керек? Әуелгі әңгімені осыдан бастасақ?
– Қазақстан Республикасы Президентінің мемлекеттің тілін жетік меңгеруі керек деген талап ҚР Конституцияның 41-бабында көзделген. Президенттікке үміткердің азаматтығы, жасы, мемлекеттік немесе сайланбалы органдардағы қызметі, отырықшылығы сынды талаптардың қойылатынын білесіз. Сол сияқты мемлекеттік тілді білуі де негізгі талаптың бірі.
Қазақстан Конституциялық кеңесінің «ҚР Конституциясының 41-бабының 2-тармағын ресми тү­сін­діру туралы» 1998 жылғы 9 қазандағы №280 қау­лы­сына сәйкес «ҚР Конституциясының 41-бабының 2-тармағы нормасының «мемлекеттік тілді еркін меңгеретін» деген бөлігін қазақ тілінде сауатты түрде оқиды, жазады, өз ойын қиналмай оңай жеткізеді және көпшілік алдында сөйлей алады деп ұғу керек» деп анықталған. Осы қаулыға сәйкес, Қазақстан Рес­публикасы Президенттігіне кандидаттың мемлекеттік тілде еркін меңгеруін Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен құрылған, құрамында тіл мамандары және басқа мамандар бар, кем дегенде, 5 адамнан тұратын лингвистикалық комиссияның қорытындысы анықтайды.
Үміткердің мемлекеттік тілді қалай, қай деңгейде меңгергенін осы комиссия анықтайды. Осыған орай, өткен аптада Орталық сайлау комиссиясының жанынан лингвистикалық комиссия құрылды.
– Лингвистикалық комиссия алдында мемлекет­тік тілден сынақ тапсыратын үміткерге қандай талап ­қойылады?
– Орталық сайлау комиссиясының 2005 жылғы 31 тамыздағы «Қазақстан Республикасының Прези­дент­тігіне кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімі туралы» арнайы қаулысы бар. Осы қаулыға сәйкес, Мемлекет басшысы лауазы­мына үміткер мемлекеттік тілді еркін меңгеруін ­анық­тау үшін лингвистикалық комиссия ұсынған тақырып­қа көлемі екі беттен аспайтын жазбаша ­жаттығу жазады.
Екінші талап бойынша лингвистикалық комиссия ұсынған көлемі үш беттен аспайтын баспа мәтінді оқуы қажет. Үміткерге қазақ классиктерінің кітаптары ұсынылады. Соның бірін үміткер өзі таңдайды.
Үшінші талап бойынша, лингвистикалық комиссия ұсынған тақырыпқа көпшілік алдында кемінде он бес минут сөйлейді.
Жазбаша жаттығу, қазақ әдебиеті классиктерінің туындыларын оқу және еркін тақырыпқа сөйлеу үшін тақырыптарды лингвистикалық комиссия алдын ала айқындайды, үміткер емтихандағыдай тапсырмалардың үш түрінің әрқайсысынан бір-бірден таңдап алады.
Емтиханның әр кезеңіне дайындалу үшін кандидат­қа жеткілікті уақыт беріледі. Мәселен, жазбаша тап­сыр­маға бір сағаттан кем емес уақыт беріледі. Егер үміт­кер үлгермей жатса, оның өтініші бойынша жарты сағат­қа ұзартылады. Көпшілік алдында 15 минут сөз сөйлеуге дайындалу үшін де 1 сағаттан кем емес уақыт беріледі.
– Болашақ Президенттен сынақ алатын лингвистикалық комиссия құрамы қалай жасақталды?
– Орталық сайлау комиссиясы Білім және ғылым министрлігімен, жетекші жоғары оқу орындарының ректорларымен консультация өткізіп, Орталық сайлау комиссиясы жанындағы лингвистикалық комиссияның құрамына қазақ тілі мен әдебиеті саласындағы көрнекті ғалымдар ұсынылып, бекітілді. Комиссия төрағасы – филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түркітану кафедрасының меңгерушісі Мырзатай Жолдасбеков. Комиссия құрамында филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық жоғары мектеп ғылым академиясының академигі Әділ Ахметов, философия ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Сейіт Қасқабасов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Назарбаев университеті» ДББҰ «Рухани жаңғыру» мәдени орталығының директоры Гүлтас Құрманбай, филология ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының кор­респондент-мүшесі, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек бар.
Халық арасында бұл емтиханды Президенттікке кандидаттар үшін қазақ тілін білуге арналған емтихан дейді. Емтихан барлық белгіленген қағидалар сақтала отырып өткізіледі. Лингвистикалық комиссияның отырыстары туралы баспасөз орталығында алдын ала хабарланып, тапсырманы алу кезеңі мен емтихан қорытындыларын шығару журналистер үшін қолжетімді болады.
– Үміткерлер үшін дайындалып жатқан тапсырма құпия екені белгілі. Дегенмен оларға берілетін тапсырма қай бағытта болатынын айта аласыз ба?
– Бұған дейін өткен сайлаудағы тапсырмаларды еске түсірсек, шығарма жазу үшін «Менің елім», «Қазақ халқының рухани құндылықтары» сынды тақырыптар берілген болатын. Ал мәнерлеп оқуға Абай Құнанбаевтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Мұқағалидың, Фаризаның поэзиясы, 15 минуттық сөз сөйлеу үшін «Тіл тағдыры», «Әлемдегі Қазақстанның алатын орны» т.т. ұсынылған.
Лингвистикалық комиссияның қызметі мейлінше жариялы болады, барлық рәсімдер заң шеңберінде орындалады, барлық үміткерлерге тең мүмкіндіктер қарастырылады.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Айдана БЕГІМ

Бөлісу: