Головкин мен Роллс тұңғыш рет баспасөз жиынын өткізіп, көз түйістірді (видео)

460
0
Бөлісу:

Орта салмақтағы әлемнің бұрынғы чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин мен канадалық Стив Роллс жекпе-жек алдында көз түйістіру рәсімін жасады.

Роллстың айтуынша, бұл кездесуде ол өзінің аутсайдер екенін жақсы біледі. Дегенмен әлемді таңғалдыруға дайын екенін де айтты.

«Жаратушыға, GGG Promotions компаниясына, оның командасына және өзімнің промоутерім Ди Беллға және осындай мүмкіндік ұсынған DAZN сервисіне алғыс айтамын. Мен аутсайдермін, бірақ қателеспеңіздер. Бұл жәй дене қыздыру емес, мен төбелесу үшін барамын. Қазір мені ешкім білмейді. Бірақ 8 маусымнан кейін сіздер мені ұмыта алмай қаласыздар. Мен Геннадий Головкинді өте қатты құрметтеймін. Алайда әлемді тәнті етуге дайынмын» депті Роллс.

Өз кезегінде Головкин де алдағы жекпе-жектен не күтетінін жеткізді.

«Мен бақыттымын. Madison Square Garden-ге қайта оралғаным үшін қуанамын. Бұл мен үшін өте қызықты сәт. Біріншіден, телесеріктесім – DAZN компаниясына алғысым шексіз. Бұл бокс үшін, спорт үшін, адамдар үшін керемет уақыт. Сондай-ақ екінші үйіме айналып кеткен Madison Square Garden аренасына да алғысым зор.

Біздің қайта оралатынымыз және керемет шоу жасайтынымыз туралы көп айтылды. Және солай болады да. Осындай керемет кешке қатысуға келісім берген қарсыласыма да рахмет. Қарсыласыма бір ғана нәрсені айтқым келеді. Мейлі, мына жерде не түрлі әңгіме айтсақ та рингте тек екеуміз ғана боламыз. Ал жеңіске тек күшті ғана жетеді. Ең бастысы кім жеңсе де екеуміз де үйімізге аман-есен оралайық.

Бізде көп уақыт та қалмады. Дегенмен көпшілікке ғажайып шоу сыйлауға мүмкіндік бар. Барлық бокс және спорт жанкүйерлерін 8 маусымда болатын сәтті көруге және қолдауға шақырамын» деді Головкин.

Қазақстандық боксшы қарсыласы туралы онша білмейтінін де мойындады.

«Шынымды айтсам, бұл боксшы туралы көп білмеймін. Ол бізге нұсқа ретінде ұсынылды. Өзін дамытуға тырысып жүрген канадалық боксшы екен. Мен дайынмын» депті боксшы.

Еске салсақ, Головкин – Роллс жекпе-жегі 8 маусым күні Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтеді.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: