ЕЛДІҢ ҚАЛАУЫ – ЕЛБАСЫ ЖОЛЫ

542
0
Бөлісу:

Бүгін Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезі өтеді. Онда алдағы Қазақстан Президенті сайлауына партиядан қатысатын кандидаттың есімі белгілі болмақ. Осы ауқымды жиын алдында кеше партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен партия Саяси кеңесінің отырысы болып өтті.

Іс-шараға Саяси кеңес мү­шелері, соның ішінде Пар­ламент депутаттары, ат­қарушы мемлекеттік органдар­дың және үкіметтік емес ұйым­дардың басшылары, кәсіп­керлер, дәрігерлер, білім, мә­де­ниет, спорт саласының өкіл­дері, Қазақстан халқы ассам­блея­сының мүшелері және та­ғы басқалар қатысты. Сон­дай-ақ отырысқа пар­тияның ке­зектен тыс XIX съезінің деле­гат­­тары да шақырылды. Бас­қосуда атал­ған съездің қарауы­на шыға­рылатын Қазақстан Прези­денттігіне Nur Otan партия­сынан кан­дидат ұсыну туралы мәселе талқыланып, съездің жұмыс органдарының құрамы пы­сықталды.
Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда елі­міздің аса маңызды тарихи кезеңді бастан өткеріп жатқа­нына назар аударды.
– Алдымызда үлкен саяси науқан – Президент сайлауы тұр. Елбасы 10 сәуірде партия басшылығымен кездесуінде қолда бар барлық ресурсты жандандырып, алдағы сайлауға белсенді түрде қатысуды тап­сырды. Партия аталған нау­қанға тас-түйін дайын. Соған байланысты ертең Елбасы, партия Төрағасының қатысуы­мен партияның кезектен тыс XIX съезін өткізіп, алдағы сай­лауға қатысатын кандида­тымызды ұсынамыз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы, партия Төрағасының абырой-беделі мен дана бас­шылығының арқасында Nur Otan партиясының 20 жыл­дың ішінде еліміздегі мүшелері ең көп, жетекші саяси күшке айналғанын айтып өтті. Сон­дық­тан партияның алдағы не­гізгі міндеті Елбасы саясатын ары қарай жалғасуына басты кепіл болу және Тұңғыш Пре­зи­дентіміз анықтап берген барлық стратегиялық мақсат­тарға қол жеткізу болып қала бермек.
– Nur Otan Елбасы анықтап берген еліміз үшін маңызды құндылықтар – тәуелсіздік, жалпыұлттық бірлік, бәсекеге қабілетті, қуатты экономика, білімді, өркендеген қоғам және бүкіл әлем мойындаған беделді мемлекет құру сияқты басым­дықтарды сақтайды. Осы мақ­сат­тарға қол жеткізу үшін пар­тия­ның ұзақмерзімді саяси көш­басшылығын сақтап, оны ары қарай нығайту керек.
Бұл – бізге жүктелген үлкен жауап­кершілік, – деді партия Төрағасының Бірінші орын­басары.
Сонымен қатар М. Әшімбаев Президент сай­лауына қа­тысатын нұротандық кан­дидаттың есімін ертеңгі съезде Елбасы айтатынына да көңіл бөлді.
– Қазақстанның Тұңғыш Президентінің ұсынысымен партиямыздан ел Президент­тігіне кандидат ұсыну билік сабақтастығының маңызды факторы болып саналады және Nur Otan партиясының Елбасы саясатын толығымен ары қарай жалғастыратынын көрсетеді, – деді Nur Otan партиясы Төра­ғасының Бірінші орынбасары.
Партия Жарғысының 9,1-тармағына сәйкес Қа­зақстан Президенттігіне пар­тия атынан кандидат ұсыну тек партияның жоғары басшылық органы – Съездің шешімімен жүзеге асырылады. Осыған орай, аталған мәселені съездің күн тәртібіне шығару жөнінде партия Саяси кеңесінің мү­шелері сөз сөйлеп, бұл жайттың маңызы туралы айтты.
Сенат депутаты, Эконо­микалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік ко­митетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев еліміздің қарқынды дамуы Елбасының көреген саясатының жемісі екенін ерекше атап өтті.
– Бүгінде қоғам өміріндегі саяси зор маңызы бар тарихи кезеңді бастан кешіріп отыр­мыз. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев Ата Заңымыздың қағидаттарын берік ұстана отырып, өз еркімен прези­денттік өкілеттігін тоқтату арқылы, өзі бастауында тұрған қазақстандық демократияны жаңа биік белеске көтерді. Мұның өзі ел тарихындағы ғана емес, сонымен қатар әлемдік саяси демократиялық даму үрдісіндегі үлгі боларлық оқиға. Бұл қадам Қазақстанның конституциялық құнды­лық­тар­ға адалдығын және демо­кратия қағидаттарына берік­тігін бүкіл әлемге дәлелдеді, – деді сенатор.
Бұдан басқа ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Қазақстан Прези­дентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешімі осы бір сабақтас үрдістің жарқын көрінісі деп қабылданып, ел ішінде және халықаралық деңгейде өте маңызды әрі орын­ды ұйғарым деп бағалан­ғанын жеткізді.
Осындай жауапты кезеңде Қазақстанның ішкі саяси тұрақтылығы, халық ынтымағы мен қоғамның ертеңге деген сенімі өте маңызды екенін айтқан депутат елдің Nur Otan партиясына үлкен үмітпен қарап отырғанын да тілге тиек етті.
– Халықтың Nur Otan партиясынан үлкен жауапкер­шілік пен тарихи дұрыс шешім күтетіні белгілі. Сондықтан бүгінгі съезде Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін салған сара жолды, мемлекетте орныққан қоғамдық-саяси тұрақтылық­ты, ұдайы экономикалық дамуды сенімді жалғастыратын кандидат ұсынамыз деп се­немін, – деді Асқар Бейсенбаев.
Өз кезегінде партияның Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі филиалы төрағасының бірінші орынбасары Александр Макаренко Президенттің ке­зек­тен тыс сайлауы туралы ше­шімнің дер кезінде қабыл­данғанын айтты.
– Қостанай облысындағы барша нұротандықтар және еліміздегі ең ірі өндіріс орындарының бірі Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің ұжымы Президентіміздің бұл шешімін толығымен қолдайды. Аталған шешім қоғамды алаңдатқан кейбір сауалдарға берілген нақты жауап болды. Қазақстан­дықтар үшін тұрақтылық, бейбітшілік және келісім ел дамуындағы басты ұстындар болып саналады. Сондықтан осы басымдықтарды сақтауға бар күш-жігерімізді жұм­саймыз, – деді А.Макаренко.
Сондай-ақ ол Елбасының өз еркімен Қазақстан Прези­денті ретіндегі өкілеттігін тоқ­татқаны нағыз демократияның жарқын көрінісі болғанын айтты. Сондықтан Тұңғыш Президент саясатын жалғас­тырудың маңызы зор екеніне мән берді.
– Алдағы сайлаудың нәти­жесі бізді саяси және экономи­калық дамудың жаңа белесіне шығарады. Жаңа кезеңде бізге халық сенім артқан, Елбасы бастаған барлық игі істі ары қарай жалғастырып, мемле­кеттік бағдарламалар мен ре­формаларды жүзеге асыратын Мемлекет басшысы керек. Сол үшін партияның кезектен тыс XIX съезінде осы талаптардың үдесінен шығатын кандидаты­мызды ұсынамыз, – деді ССТӨБ филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Ал «G38 жас көшбасшылар қоры» қоғамдық қорының жетекшісі Айсұлу Ерниязова елімізде Елбасының арқасында жастарға ұдайы қамқорлық көрсетіліп, сапалы білім алуға және бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуға барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Биылғы жылдың Жастар жылы деп жариялануының өзі елдегі жас буынға үлкен дем беріп, алдарына жаңа мақсаттар қоюы­на себеп болғанын жеткізді.
– Елбасы «Болашақ» бағ­дарламасын қолға алу арқылы жастарға жаңа мүмкіндіктер беріп, әлемдік деңгейдегі кә­сіби маман болуымызға жол ашты. Соның арқасында 13 мың­ға жуық қазақстандық жас азамат шетелдің ең озық жо­ғары оқу орындарында білім алып, көңіл көкжиектерін кеңейтті. Тұңғыш Президен­тіміздің жастарға деген қам­қорлығын Nur Otan партиясы да лайықты жалғастырып, елдегі жетекші саяси күш ретінде осы салаға ерекше көңіл бөліп келеді. Партияның таяуда ғана қабылданған алда­ғы он жылға арналған жаңа бағдарламасында жастардың әлеуметтік жағдайын жақ­сар­туға арналған басым­дық­тарға орын берілген. Сондықтан ел жастары алдағы уақытта осы басымдықтардың нәтижелі жүзеге асырылуын және бар­лық салада Елбасы саясатының жалғасуын қалайды, – деді А.Ерниязова.
Талқылау нәтижесінде пар­тия Саяси кеңесінің мүшелері Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ұсыну туралы мәселені пар­тияның XIX съезінің қарауына енгізу туралы ұсынысты қол­дап, көтерілген мәселе бойын­ша Саяси кеңестің Қаулысы қабылданды.
Одан бөлек, отырыста ке­зектен тыс XIX Съездің жұмыс органдары – Мандат, Есеп, Редакция комиссияларының және Съезд Хатшылығының жеке құрамдары қаралып, ұсынылды.
Жиын соңында партия Төрағасының Бірінші орын­басары ертеңгі Съездің ел дамуы үшін маңызы зор екенін тағы бір мәрте еске салды.
– Өздеріңіз көріп отыр­ғандай, Съездің қарауына еліміздің ары қарай дамуы үшін өте маңызды мәселелер шы­ғарылып отыр. Сондықтан алдағы үлкен іс-шаралардың абыроймен өтуіне баршамыз бір кісідей атсалысайық, – деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, Саяси кеңес партияның жоғары өкілдік ор­ганы. Оның өкілеттігіне партия Съезінің шешімдерін орындау бойынша партия органдары қызметінің негізгі бағыттарын анықтау, пар­тияның қатысуы­мен болатын сайлау кампания­ларына қатысты мәселелерді қарау, партия атынан саяси мәлімдемелер мен үндеулерді қарау және енгізу, қалыптасқан қоғамдық қатынасқа байла­нысты партияның ұстанымын анықтау, партия Төрағасының ұсынысы бойынша өз құра­мынан партия Саяси кеңесінің Бюро мүшелерін сайлау, партия Съезін шақыру, олардың күн тәртібін қалыптастыру, пар­тияішілік талқылауларды өт­кізу туралы шешім қабылдау, оларды өткізуді ұйымдастыру және қорытындылау, партия съезінің ерекше құзіретіне қатысы жоқ партия қызметін­дегі басқа да мәселелерді шешу кіреді. Партия Саяси кеңесінің өкілеттік мерзімі – 4 жыл.


Нұрлан ӘБДІРОВ,
Мәжіліс депутаты,
Nur Otan партиясы
Саяси кеңесінің мүшесі:

– Қазақстан­ның дамуындағы жаңа тарихи кезең басталды. Пар­тиялық жоба­лар­ды іске асыру – пар­тияның негізі міндеті. Сон­дық­тан партия мүшелері сайлаудың маңы­зы мен жауапкершілігін ұғы­нады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың мерзімінен бұрын прези­денттік сайлау өткізу туралы шешімі – Елбасының стратегиялық бағы­тын сақтау әрі жалғастыру. Бұл басқа саяси партияларға сайлауға белсенді қатысуға мүмкіндік береді. Ха­лықтың би­лігіне ие болған Прези­дент ең көп сенім мен жауапкершілікке ие бола­ды деп ойлаймыз.

Анар ЖАЙЫЛҒАНОВА,
Мәжіліс депутаты,
Nur Otan партиясы
Саяси кеңесінің мүшесі:

– Nur Otan партиясы саяси науқанды өт­кізу­ге сақадай сай. XIX съезде ал­да­ғы сайлауға қа­ты­сатын партия канди­даты белгілі болады.
Елді дамытудың бағыт-бағдарын Тұңғыш Президент айқындады. Елбасы ұсынған кандидатураға партияның барлық мүшесі бі­рауыз­дан қолдау көрсететініне се­нім­дімін. Партиялықтар сайлауға белсене қатысады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­масымен Қазақстанда және бүкіл әлемде тұрақтылық, экономикалық даму, қоғамдық келісім байла­ныс­тары белсенді түрде дамуға ықпал етті.

Бақтияр МӘКЕН,
Мәжіліс депутаты,
Nur Otan партиясы
Саяси кеңесінің мүшесі:

– Президенттің кезектен тыс сайлауы – барлық қазақстандықтар үшін маңызды тарихи оқиға. Бұл науқан – мемлекетіміздің саяси, әлеу­­меттік және экономикалық тұр­ғы­дан дамуы үшін өте маңызды шешім.
Қазақстан халқы Елбасымыздың негізгі қызметіне толығымен қолдау көр­сетіп, сайлауға сақадай сай отыр. Осы орайда Nur Otan парт­ия­сы біздің мемлекетіміздің саяси үде­­рісінде шешуші рөл атқарады. Елі­міз халық­аралық саясатта Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың сараб­дал саясатын іске асыруға мүдделі.
Қазіргі таңда сайлау науқаны кезінде әрбір өңірде ұйымдастыру­шылық жұмыстары толыққанды жүріп жатыр. Сайлаумен қатар, пар­тия «Бақуатты қоғам: онжыл­дықтың 10 мақсаты» бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алуда. Бағдар­ламаның негізгі мақсаты – әлеу­меттік аз қам­тыл­ған отбасыларды қолдау, ден­сау­лық сақтау, білім беру, кәсіпкерлікті дамыту.

Ерлан СЫДЫҚОВ,

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры,

Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің мүшесі:

– Қазақстан халқы тарихи әрі шешуші кезеңді бастан өткеруде. Ел­басы – партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын аяқ­тады. Бұл жағдай елдің дамуына арналған стратегиялық бағыттың өзгермейтінін айқын көрсетті.
Партияның XIX съезінде прези­денттікке үміткерді ұсынамыз. Бұл барлық қазақстандықтар үшін Тұңғыш Президенттің сындарлы саясатын әрмен қарай жалғастыра­тынын көрсетеді. Оның әлеуметтік жаңғыртуға бағытталған баста­ма­лары жүзеге асырылатындығын есте ұстау керек. Бұл бәріміз үшін маңыз­­ды.

Баһадүр НАРЫМБЕТОВ,
Шымкент қалалық Nur Otan партиясы филиалы

Төрағасының бірінші орынбасары:

– Nur Otan партиясы елімізде жетекші рөл ат­қарып келеді. Партияның саяси-эконо­микалық реформалар жүргізу, мемле­кетті дамыту, соның ішінде қазақстан­дықтардың әл-ау­қатын жақсарту мақсатындағы бағыты, ұстанымы айқын. Партия бастамалары әр­дайым халықтың қолдауына ие. Сон­­дықтан біз Ел­басы партия Төрағасы Н.Назарбаев негізін қалаған жол­мен дамуға бет аламыз. Ал пар­тия халық­тың әл-ауқатын жақсарту мақсатында партиялық жобалалар аясындағы жұмыстарды жалғастыра береді. Осыған орай партия Төрағасы Nur Otan партиясы жұмысының тиім­­ділігін түбегейлі арттыру бойын­ша нақты міндеттер қойды.
Кезектен тыс сайлаудың жоғары дең­гейде өтуіне нұротандықтар бар күш-жігерін жұмсайды. Сайлаудың өтуі орынды деп санаймын. Сон­дық­тан біз халықты сайлауға қа­тысу­ға шақырамыз.

Әсет АМАНЖОЛОВ,
Nur Otan партиясының Жаңаарқа аудандық филиалы

төрағасының бірінші орынбасары:

– Cайлау – еліміз үшін саяси өз­ге­рістерге сенімді қадам. Өйткені бұл күн тарихта алтын әріптермен жа­зылады. Алдағы Пре­зиденттің кезектен тыс сайлауына партия мүше­лері белсенді атсалысады.
Жаңа Президент сайланғаннан кейін де Елбасының мемлекеттік бағ­­дарламалары, бастамалары жал­ғасын табатын болады. Себебі, бұл бағ­­дарламалар – халықтың әлеу­мет­тік тұрмысын жақсарту үшін сәт­­ті қа­дам. Игі бастамалар ары қа­­рай жал­ғасын табатынына сене­міз.

Константин КУЗМИН,
UMP Uranium Production компания­сының директоры,
Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің мүшесі:

– Ұзақмерзімді саяси көшбасшы­лық –Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының негізгі кепілі. Бүгінгі таңда Nur Otan партиясы жетекші саяси ұйым ретінде еліміздің бола­шағы үшін жауапты.
Металлург ретінде мен барлық өндірісшілердің пікірін білдіруге кел­дім. Қазіргі таңда отандық өнер­кәсіп дамып келеді. Біз Nur Otan партиясы ұсынатын кандидатты қолдаймыз.
Еліміздегі жетекші партия сай­лауға қатысуда тәжірибесі мол. Біз­дің аймақтағы XIX съезге дайындық жоғары болды. Енді осы қарқынмен алдағы сайлауда да белсенділік танытамыз.

Андрей ЛАВРЕНТИЕВ,

Қазақстандық автобизнес қауымдасты­ғының президенті,
Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің мүшесі:

– Қазақстан экономикасын дамыту инвесторлар үшін өте маңыз­ды. Елдегі саяси өзгерістерге бей-жай қарамаймыз. Отандық кәсіп­кер­лер, әсіресе, халықаралық ком­пания өкілдері мерзімінен бұ­рын президенттік сайлауды өткізуді то­лық қолдайды. Менің ойымша, елдің болашағы үшін инвестициялар ха­лықаралық бизнес қауымдастық тара­пынан үлкен қолдауға ие. Кәсіп­керлер үшін ең бастысы елдегі тұрақ­тылық, бейбітшілік әрдайым бас­ты назарда.

Бөлісу: