БАСТАУ – ОҢАЙ, АЯҚТАУ – ҚИЫН

Осыдан бір апта бұрын «елордамызда жерүсті метросының құрылысы тоқтайтын болды» деген хабарды естідік. Қала әкімдігі қаржы тапшылығының себебіне байланысты деді. Он жылдан бері қанша рет жобаланып, құрылысы мандымай тұрған осы нысан басталғалы төрт бірдей әкім ауысты. Үкімет отырысында «LRT құрылысы қайта жалғасады» деген жаңалық құлаққа жағымды естілді.
Әуежай мен «Нұрлы жол» вокзалының арасын жалғайтын 22 шақырымдық жеңіл рельсті жол белгіленген мерзім бойынша биыл бітуі тиіс болатын. Бірақ қазіргі таңда бетон қаңқалар қала көркін кетіріп тұр. Басталған құрылыс қаржы тапшылығынан тоқтап қалған. Негізі құны 2 миллиард долларға жуық жобаның 80 пайызын Қытай даму банкі, қалған 20 пайызы республикалық бюджеттен қаржыландырылуы керек.
Үкімет басшысының бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов елордада жеңіл рельсті көлік құрылысы бойынша жоба жалғасын табады, – деп мәлімдеді. «Бұл инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Қазіргі таңда Қытайдың Мемлекеттік даму банкімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл займды қайта қаржыландыру туралы келісетін секілдіміз, яғни осы жобаны қаржыландыруға қатысты ел ішінде қаржы көзі қарастырылатын болады» деді ол.
Сонда қала әкімдігі бір бөлек, Үкімет бір бөлек жұмыс істей ме? Бірі «тоқтайды» десе, бірі «жалғасады» дейді. Ел өміріндегі өзекті жобалар Үкімет деңгейінде пысықталып, есеп-қисабы бастан-аяқ түгел жасалып, жұмысты алаңсыз атқару жүйесін белгілеу қиын болғаны ма?
Осындай кереғарлық зейнетақы қоры төңірегінде де орын алып отыр. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржы пәленбай триллион теңгеге жетті дейміз. 10 миллионнан астам Қазақстан азаматтарының жеке салымдары кім көрінгеннің қанжығасына байланды. Қордағы қомақты қаржы инновациялық жобаларға жұмсалады деді. Ел соған сенді.
Қазақстандықтардың бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаражаты тиімді жұмсаудың тетігі табылмай-ақ қойды. «Қордағы қаржыны инвестициялық салымға саламыз, оның тиімділігі көп күттірмейді» деген сөздерге талай адам теріс айналып кетті. Зейнетақы жинақтары болсын, мемлекеттік бюджет немесе Ұлттық қор қаражаты инвестицияланып, әрдайым айналымда болуы тиіс. Бұл түсінікті. Құр қорда жатқан ақша пайда әкелмейді.
Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруға тек Ұлттық қор мен бюджеттің, Даму банкінің қаражаты, сондай-ақ зейнетақы қорының қаржысы да жұмсалады деп келдік.
Енді сол зейнетақы қоры туралы Қазақстанның Даму банкі басқарма төрағасы Болат Жәмішев мынадай пікір білдірді. «Менің ойымша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру қателік болды. Кетер қателік кетті, енді оның артықшылығын тиімді пайдалану керек. Бұл үшін басқаруды қадағалаушы органға емес, БЖЗҚ-ның өзіне беру керек», – деді Жәмішев.
Сонда не болды өзі?!.
Нұртөре ЖҮСІП