ЖЕМІСТІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ЖОЛЫ

1251
0
Бөлісу:

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев Корея Республика­сының президенті Мун Чжэ Инмен кездесті. Әңгімелесу барысында Елбасы жоғары мәртебелі қонаққа ілтипат білдіріп, екі мемлекет арасындағы экономикалық және саяси ынтымақтастықтың тиімділігін айтты.

– Сізбен Қазақстанда жүздескеніме қуаныштымын. Тәуелсіздігіміздің алғаш­қы күнінен бастап Оңтүстік Кореямен жақсы қарым-қатынас орнаттық. Біз экономикалық және саяси ынтымақ­тастығымызды жаңадан қалыптастырдық. Сіздердің жалпы Қазақстанға және Орталық Азияға деген ықыластарыңызды жоғары бағалаймыз, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Н.Назарбаев Оңтүстік Корея мен Корей Халық Демократиялық Республи­касы арасында қол жеткізілген корейа­ралық уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңызын атап өтті.
– Сіздер күрделі мәселемен – Корей түбегінде бейбітшілік пен өзара сенім орнату ісімен айналысып жатырсыздар. Бұл оңай емес, бірақ бұл – игілікті іс. Сіздердің күш-жігерлеріңізге жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Оңтүстік Корея Президенті Қа­зақстанның Тұңғыш Президентіне жүздескені үшін ризашылық білдіріп, бұл сапардың екіжақты байланыстарды дамыту үшін маңызды екенін айтты.
– Брюссельде өткен АСЕМ саммиті аясында кездескеніміз есімде. Сол кезде мені Қазақстанға сапармен келуге ша­қырдыңыз. Бұл сапарға баса мән беремін. Өйткені биыл екі ел арасындағы страте­гиялық серіктестігіміздің 10 жыл­дығын атап өтеміз, – деді Мун Чжэ Ин.
Оңтүстік Корея президенті Қа­зақстан­ның экономикалық даму тұрғы­сынан қол жеткізген жетістіктерінің бәрі Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген сая­сатының арқасы екенін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ Мун Чжэ Ин Қазақстан­ның бейбітшілік пен келісім бағытында, соның ішінде ядролық қарусыздану мен оны таратпау саласында жүргізіп жатқан саясатына тоқталды.
Сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаев Қытай Халық Республи­касының Қа­зақстандағы Төтенше және өкілетті ел­шісі Чжан Сяомен кездесті. Кездесу ба­ры­сында Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті екі мемлекет арасында ор­нық­қан қарым-қатынастың жоғары дең­гейде екенін атап өтіп, оны ары қарай да­мытудың перспективаларына тоқ­талды.
– Сізбен жүздескеніме қуаныш­тымын. Төраға Си Цзиньпиннің бір­лескен жұмыстарымыздың нә­ти­же­лері мен перспективалары талқы­ланатын «Бір белдеу, бір жол» атты форумға қатысуға шақыруын ризашылықпен қабыл алдым. Сонымен қатар біз жеті жыл бойы өзара түсіністік рухында бірлесе жұмыс істеген Қытай Халық Республикасының төра­ғасымен келіссөз өткізу жоспарланып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар Елбасы барша Қытай халқын Қытай Халық Республикасының 70 жылдығымен құттықтап, зор табыс және бақ-береке тіледі.

Бөлісу: