Қазақстан мен Корея – сенімді әрі стратегиялық серіктес

279
0
Бөлісу:

«Таң самал елінің» басшысы Ұлы дала еліне тұңғыш мемлекеттік сапармен келді. Ақордада биік мәртебелі мейманға арналып ұйымдастырылған ресми қарсы алу салтанатынан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Республикасының президенті Мун Чжэ Ин оңашаланып, шағын құрамда келіссөздер өткізді.

Алдымен сөз алып, оңтүстіккореялық әріптесіне ықылас-ілтипатын білдірген Қ.Тоқаев Президент Мун Чжэ Иннің алғашқы мемлекеттік сапары екі елдің саяси диалогы мен экономикалық ын­тымақтастығының дамуына қуатты серпін беретінін атап өтті.
– Президент мырза, Нұр-Сұлтан қаласына қош келдіңіз! Біз кеше екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар маңызды мәселелерін талқыладық. Бұл сіздің Қазақстанға алғашқы мемлекеттік сапа­рыңыз. Кеше сіз ұлттық батырларыңыздың мәйіттерін Отанға қайтарудың маңызды рәсіміне қатыстыңыз. Осы оқиғаға орай құттықтауымды қабыл алыңыз, – деді Мемлекет басшысы.
Өз кезегінде Президент Мун Чжэ Ин Қазақстанға мемлекеттік сапар жасауға шақырғаны және жылы қабылдағаны үшін ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, бұл сапар ерекше маңызға ие. Себебі, биыл Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы стратегиялық әріптестіктің 10 жылдығы атап өтілуде.
– Қазақстан – Еуразия континентінде бейбітшілік орнатуға және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған Кореяның «Жаңа Солтүстік саясатын» ілгерілетудегі басты әріптесі. Менің бұл сапарым екіжақты қарым-қатынасты ғана емес, сонымен қатар Корея Респуб­ликасы мен Орталық Азия елдері арасын­дағы көпжақты өзара іс-қимылды нығайтуға серпін береді деген үміттемін, – деді Оңтүстік Корея президенті.
Кездесуде қос мемлекет басшылары саясат, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларындағы екіжақты ықпалдастықтың келешегін, сондай-ақ елдеріміздің халықаралық ұйымдар аясын­дағы өзара іс-қимылын талқылады.
Осыдан кейін келіссөздер қос мем­лекеттің ресми делегациялары өкілдерінің, яғни үкімет мүшелері мен ірі компания­лар басшыларының қатысуымен, кеңей­тілген құрамда жалғасты. Бұл ретте Қ.Тоқаев Қазақстан мен Корея – сенімді әрі страте­гиялық серіктес екенін қадап айтты.
– Екі халықтың мәдени және сауда байланыстары сонау Ұлы Жібек жолы заманында-ақ өркендеп, ғасырлар бойы жалғасып келеді. Қазақ және корей тіл­дерінің бір топқа – Орал-алтай тілдік то­бына жатуы халықтарымыздың тарихының да жақындығын растайды, – деді ол.
Қ.Тоқаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан мен Оңтүстік Корея қарым-қатынасының қалыптасып, нығаюына зор үлес қосқанына ерекше екпін түсірді.
– Екіжақты серіктестіктің бастауында Елбасы тұрды. Ол елдеріміз бен халық­тарымыздың арасындағы достық пен ынтымақтастықтың берік іргетасын қалады, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері екі елдің қаты­настары барлық дерлік бағыттарда ық­палдастықтың жаңа, сапалы деңгейіне көтерілгенін айтты. Сондай-ақ ол Үкі­метаралық комиссия мен Іскерлік кеңестің жұмысын жоғары бағалады.

 

– Оңтүстік Корея – Қазақстан үшін сауда-инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан маңызды 10 ел­дің бірі. Өзара тауарайналым көле­мінің қарқынды өсіп келе жатқаны қуантады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша оның көрсеткіші рекордтық деңгейге, яғни 4 миллиард долларға жетіп, 2017 жылға қарағанда екі еседен астам өсті. Инвес­тиция саласындағы ынтымақтасты­ғымыз жос­парлы түрде дамуда. Мәселен, Кореядан Қазақстанға тартылған тікелей инвестиция көлемі 7 миллиард долларға жетті. Оңтүстіккореялық бизнес тамақ өнеркәсібі, тау-кен байыту, автомобиль және экономикамыздың басқа да салаларында табысты жұмыс жасауда, – деді Қ.Тоқаев.
Екі елдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайтуға корей диаспорасы да зор үлес қосқанына назар аудартқан ол кәрістердің Қазақстандағы ірі этникалық топтар қатарына кіретінін жеткізді: республикада 100 мыңнан астам корей тұрып жатыр және саны жөнінен қазақ еліндегі ірі диаспоралардың «ондығына» кіреді. Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекетімізде тұратын кәрістердің этномәдени болмысын сақтау үшін Үкіметтің барлық жағдай жасайтынына сендірді.
Өз сөзінде Корея президенті «Қазақстан – 2050» даму стратегиясына оң бағасын беріп, Орталық Азия елдерінің арасында Қазақстанның аса жоғары қарқынмен өркендеп келе жатқанын атап өтті.
– Қазақстан Корей түбегіндегі бейбіт үдерісті қолдайды. Осы сәтті пайдаланып, қолдау көрсет­кенде­ріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Қазақстан – ядролық қарудан өз еркімен бас тартқаннан кейін экономикалық өрлеуге қол жеткізген ел. Бұл – Корей түбегі үшін өте маңызды үлгі, – деді Мун Чжэ Ин.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның достығын ары қарай нығайтуға ықпал ететініне сендірді.
Жоғары деңгейдегі барлық келіссөздер аяқталған соң, президенттер екі елдің ақпарат құралдарының алдына шығып, брифинг берді. Журналистерге қайырылған Қ.Тоқаев президент Мун Чжэ Ин бастаған оңтүстіккореялық делегацияны қонақжай қазақ жерінде қабылдау үлкен мәртебе екенін және бұл мемлекеттік сапардың екі елдің стратегия­лық қарым-қатынастарының он жылдығына орай өтуінің өзіндік сим­­волдық мәні барлығын мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Корея Республикасы сауда-экономикалық тұрғыдан Азиядағы ең ірі екінші әріптесіміз екенін еске салды және жаһандық, аймақтық деңгейлердегі мәселелердің кең ауқымы бойынша жоғары деңгейдегі диалог қалыптасқанына тоқталды.
Қазақстанның әлемдік ядролық қаруға қарсы қозғалыстағы көшбасшылық рөлін атап өткен Мемлекет басшысы Корей түбегін атом қаруынан адалауға бағытталған Сеулдің қадамын қолдайтынын нықтады. Оның пікірінше, бұл мәселе бүкіл әлемде қауіпсіздікті, тұрақтылықты, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін өте маңызды.
Қазақстан Президенті журналистерге корейлік әріптесімен болған келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың, халықаралық және өңірлік күн тәртібінің мәселелері талқыланғанын әңгімеледі. Ол екі елдің халықаралық ынтымақтастығы мәселелеріне жеке тоқталды.
– Қазақстан Оңтүстік Корея­мен БҰҰ, ДСҰ, «Орталық Азия – ­Корея Республикасы» форумы және тағы басқа құрылымдар аясында тығыз қарым-қатынас жасап отыр. Бүгінгі сапардан кейін әріптестігіміздің аясы кеңейе түсері сөзсіз, – деді
Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы сауда-­экономикалық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын ескерте келе, бұл жұмыстардың не­гізгі басымдықтары Қазақ­стан мен Оңтүстік Корея ара­сында Ақордада қол қойылған «Са­мал жел» жаңа экономикалық ­ынтымақтастық бағдарламасында көрініс тапқаны туралы құ­лағдар етті.
– Елдеріміз машина жасау, жол құрылысы және инфра­құрылым, ауыл шаруашылығы, қаржы секторы, денсаулық сақ­тау, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар салалары бойынша ірі жобаларды қа­зірдің өзінде жүзеге асырып жатыр. Корея бизнесінің ынтымақ­тастықты жандандыруға қызығушылығының артқаны қуантады. Бүгінде 500-ден астам бірлескен кәсіпорын Қазақстан ­аумағында белсенді жұмыс жасауда. Бұлардың қатары арта түседі деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ақордадағы келіссөздер барысында білім, денсаулық салалары, Арал теңізінің проблемасын шешу, экологиялық апат аймағындағы жағдайды оңалту және парламенттік дипломатия сияқты бірқатар бағыттар бойынша уағдаластыққа қол жеткізілгені анықталды.
Бұл ретте Мун Чжэ Иннің мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Корея Республикасының бірлескен мәлімдемесі қабылданды. Бұдан бөлек, «Самал жел» жаңарған экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы және жоспары; Төртінші өнеркәсіп революция жөніндегі меморандум; бірлескен Халықаралық ІТ орталығын құру жөніндегі ниеттестік туралы хаттама; Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта бірлесе зерттеу және пайдалану саласында өзара түсіністік туралы меморандум секілді бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: