Станимир Стойлов қазақстандық футболшылардың артық-кем тұстарын ашық айтты

399
0
Бөлісу:

«Астана» командасы мен Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Станимир Стойлов отандық БАҚ-қа сұхбат беріп, еліміздегі футболдың жәй-күйіне кеңінен тоқталған. Ол қажет болса Қазақстанға қайта оралатынын да жасырмапты.

Шешу керек жеке шаруаларым бар. Мұнда (Нұр-Сұлтан) сол бойынша келдім.

Еркебұлан туралы

Еркебұланның «Левскиге» ауысуы дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Себебі оған ойын тәжірибесі керек. Әрине, «Левскидің» директоры мен бапкері маған хабарласып ол туралы сұрады. Мен өз пікірімді айттым. Менің оған 18 жасында құрамадан орын бергеніме қарап ол туралы қандай пікірде екенімді білуге болады. Болашағы жарқын. Алда өзін дәлелдеп, «Левскиге» пайда әкеледі деп сенемін. Ең бастысы жарақаттан аман болуы. Бір-екі ай тұрақты ойнаса баяғы қалпына келеді.

Зайнутдинов туралы

Зайнутдиновтың қабілеті ә дегеннен байқалған. «Астанада» да, құрамада да өзін жақсы қырынан көрсетті. «Ростовта» әлі де өзінің мықты екенін дәлелдеп, көрсететін мүмкіндік болады.

Твумаси туралы

Твумаси «Астанадағы» соңғы жылында жұмыс істеу және амбиция деңгейін тым төмен түсіріп алды. Сол себепті, Ла Лигада да ойыны жүретін емес. Қанша рет әңгімеге тарттық, ойынға жауапкершілікпен қарау керегін де талай айттық. Ақырында «ол жеткілікті дәрежеде жұмыс істемейді, оны сату керек» деп айттым. Айыппұл салып, скамейкаға отырғыздық. Ол аз жұмыс істеп, көп жетістікке жетемін деп ойлады. Егер Испания чемпионатында орныға алмаса өзі ғана кінәлі. Басты кінәсі – өзіне деген талапты төмендетіп жіберді.

Деспотович туралы

Джордже Деспотович үнемі жақсылап жаттығу жасап, барын салатын. Оның проблемасы психологиялық тұрғыдан. Жоғары мақсат қойылды, көп үміт күттік. Бірақ дәл сол уақытта Кабананга тұрақты гол салып жүрді. Ал Деспотович болса өзін аздап жоғалтып алды. «Легиямен» ойында жарақат алып, үш ай алаңға шықпады. Бірақ үнемі өзін қамшылайтын. Қазіргі клубы да (Оренбург) оның ыңғайына келген сияқты. Ол қазіргіден де деңгейі жоғары клубта ойнайды деп сенемін. Өз футболшыларыңды басқа клубтардан көрген де жағымды.

«Астана» туралы

Біртіндеп жастарды дайындау керек. Бірақ қандай жағдайда да бұрынғы ойыншыларды тізімнен сызып тастауға болмайды. Олар әлі біраз уақыт жоғары деңгейде ойнай алады. Иә, көбісінің жасы 30-32-ні маңайлады. Бірақ ойыншылар үшін бұл уайымдайтын жас емес. Дегенмен лайықты ауыстыра алатын шебер ойыншыларды дайындау керек. Сөйтіп, біртіндеп алаңға кіргізіп, бағдарлай бастау қажет. Мен өзім жұмыс істеген бес жылда жастарды барынша тартуға тырыстым. Олардың қатарында Максимович, Твумаси, Кляйнхайслер, Деспотович бар. Қазақстандықтардан Зайнутдинов пен Перцухты айта аламын.

Меркель туралы

Александр Меркельден паспорты туралы сұрағанымда ол бұл мәселе бойынша проблема бар екенін айтты. Ал мен кеткен соң құрамаға келгенде қатты таңғалдым. Маған федерация солай айтқан. Мен не дей аламын? Паспортты мен тексермеймін. Дегенмен тағы бір жақсы футболшының Қазақстан құрамасына келіп, көмектесіп жатқанына қуаныштымын. Бұл ойыншының деңгейі жоғары. Голландияда тұрақты ойнап жүр. Меркель менің шабуылдаушылық стиліме өте қолайлы деп айтар едім.

Исламхан туралы

Құрамада жүріп Бауыржанмен сөйлескеннен кейін менде жақсы әсер қалды. Ол футболды сүйеді. Ойнағысы келеді. Дамуды қалайды. Ол белгілі бір позициялар бойынша қойылған тапсырмалардан басын тазартуы керек. Себебі, алаңда әр позицияда әртүрлі тапсырма жүктеледі. Ал ол болса алаңда бәрін істеуге дайын – гол соғуға да, пас беруге де, доп тартып алуға да. Тек соған өзін сәл-пәл ыңғайлау қажет. Ол өте жақсы футболшы және керемет жігіт. Тек өзінің алдына биік мақсат қойып, үлкен жауапкершілік жүктей алса деймін. Жеткілікті жұмыс істейді, сенімділік бар. Алаңда артық қимылдарды көп істеп кететінін қою қажет. Соның кесірінен басқасына үлгермей жатады. Бауыржан еуропалық деңгейдегі ойыншы. Қазіргі деңгейімен Еуропаның кез келген командасында ойнап кете алады.

Чемпиондар лигасы туралы

«Ливерпуль» – «Барселона» жұбының жеңімпазы чемпион болады деп ойлаймын. Бірақ «Барселона» әрқашан фаворит. Оларда Месси бар. «Ливерпуль» де соңғы 2-3 жылда жақсы ойнап жүр. «Аякстың» клубтық стратегиясы мықты. «Тоттенхэм» биыл жаңа стадион салды. Мен стадион, алаң туралы үнемі айтып жүремін. Олардың салған стадионының құны миллиард фунт стерлинг тұрады. Ал біз 300-500 мың долларлың алаңда ойнап жүрміз.

Аударған Абай Қазбекұлы

Бөлісу: