Зеленскийдің билікке келуін батыс елдері қалай қабылдады?

664
0
Бөлісу:

Кеше Украинадағы президент сайлауындағы экзит-пол нәтижесі жарияланғаннан кейін-ақ шет мемлекеттер басшылары Владимир Зеленскийді құттықтай бастады.

Еурокомиссия төрағасы Жан-Клод Юнкер Зеленскийге Еуроодақтың қолдау танытатынын айтып өткен. «Сіз Украина президенті ретінде реформа жасау, макро қаржылық тұрақтылықты нығайту, энергетика секторын реформалау жолында ЕО қолдауына сүйене аласыз. Украинаның ЕО-мен қауымдастық туралы келісімін орындауы және еркін сауда аймағы туралы келісімін одан әрі іске асыруы – біздің қатынасымыздағы маңызды құралы бола алады деп сенеміз. Сондай-ақ Украинаның біртұтастығы, тәуелсіздігі жолында ЕО-ның тұрақты қолдауына иек арта аласыз» деді Юнкер.

Оқи отырыңыз – ПОРОШЕНКО МЕН ЗЕЛЕНСКИЙ ТІКЕЛЕЙ ЭФИРДЕ СӨЗГЕ КЕЛІП ҚАЛДЫ (ВИДЕО)

Ал Германия канцлері Ангела Меркель жаңа президентті Берлинге шақырған.

«Украинадағы тұрақтылық және қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу – сот реформасын жүзеге асыру, жемқорлықпен күрес секілді аса маңызды мәселе. Германияның федералды үкіметі территориялық біртұтастығы мен егемендігін сақтау бойынша Украинаға белсенді көмектесетін болады. Мен сізбен жақын арада Берлинде кездескім келеді» деді Меркель.

Оқи отырыңыз – ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ ФРАНЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІ МАКРОНМЕН КЕЗДЕСТІ (ВИДЕО)

Зеленскийді Канада премьер-министрі Джастин Трюдо да құттықтаған.

«Владимир Зеленскийді Украинадағы президент сайлауының  қорытындысымен құттықтаймын. Канада мен Украина арасындағы байланысты нығайта түсу және екі ел азаматтарына жаңа мүмкіндіктер сыйлау үшін мен сізбен бірге жұмыс атқаруды асыға күтемін» делінген хабарламада.

Оқи отырыңыз – ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ: ЕГЕР БІЗ ЖЕҢЕТІН БОЛСАҚ – БҰЛ ҚЫРЫМДЫ ҚАЙТАРЫП АЛУҒА ДЕГЕН АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ БОЛМАҚ

Ал Ұлыбритания сыртқы істер министрі Джереми Хант жаңа мемлекет басшысын «енді нағыз «халық қызметшісі» болды» депті.

«Енді сіз нағыз халық қызметшісіне айналдыңыз. Ұлыбритания Украинаның еуроатлантикалық жолын, реформалар процесін және қауіпсіздігін қолдауын жалғастыратын болғандықтан бірге сәтті жұмыс істейміз деп үміттенемін» дейді Хант.

Зеленскийді құттықтағандар тізімінде АҚШ президенті Дональд Трамп, Франция президенті Эммануэль Макрон, Польша президенті Анджей Дуда және Еуропарламент төрағасы Дональд Туск та бар. Құттықтаулар әлі де жалғасып жатыр.

Еске салсақ, кеше Украинада президент сайлауының екінші туры өтіп Владимир Зеленский айқын басымдылықпен жеңіске жетті. Қазіргі президент Петр Порошенко өз жеңілісін мойындап, қарсыласын құттықтап қоңырау шалған. Дегенмен ол әзір саясат сахнасынан кетпейтінін мәлімдеген.

Зеленский көпшілікке «Квартал 95» жобасы арқылы актер ретінде жақсы таныс. Әсіресе, ол басты рөлді сомдаған «Слуга народа» (Халық қызметшісі) сериалы жұртшылық көңілінен шыққан болатын. Онда Зеленский – Василий Голобородько есімді Украина президентінің рөлін ойнайды.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: