«Атлетикке» қарсы ойында Бензема хет-трик жасады (видео)

438
0
Бөлісу:

Испания чемпионатының 33 турында «Реал» билбаолық «Атлетикті» 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Ойындағы үш голды да шабуылшы Карим Бензема соқты.

Әуелі Бензема шабуылшы Марко Асенсионың пасынан кейін есеп ашқан. Араға уақыт салып әлемнің биылғы үздік футболшысы Лука Модрич французға сәтті пас асырды. Ал 90 минутта Бензема «Атлетик» қақпашысы Яго Эррериннің қателігін пайдаланып кетті.

Осы матчтан кейін «Реал» 64 ұпай жинап, турнир кестесінің үшінші сатысында тұр. Ал Бензема бомбардирлер тізімінде 21 гол соғып, «Барселона» шабуылшысы Луис Суарестен озып кетті.

Осылайша, француз шабуылшысы осы маусымдағы алғашқы хет-тригін жасады. Жалпы, соңғы 5 матчта Бензема 8 гол салыпты. Ол биылдыққа 49 матчқа қатысып 27 гол салып, 10 нәтижелі пас шығарған.

«Бензема мен «Реалға» оралғалы бері үздік ойын көрсетті. Мен үшін Карим – әлемнің үздік шабуылшысы. Оның мүмкіндіктерін білетін болғандықтан бұл мені қатты таңғалдырған жоқ» депті «Реалдың» бас бапкері Зинедин Зидан.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: