Порошенко жеңілісін мойындап Зеленскийді жеңісімен құттықтады (видео)

2854
0
Бөлісу:

Бүгін Украина елінде өткен президент сайлауының алғашқы экзит-пол нәтижелері жария етілді.

Экзит-пол қорытындысы бойынша кандидат Владимир Зеленский 73,2 пайыз дауыс жинаса, Петр Порошенко 25,3 пайыз дауыс алған.

Зеленский үшін елдің батыс аймағы 57,0, орталығы 73,0, оңтүстігі 85,4, ал шығысы 87,7 пайыз дауыс берген.

Кандидат Порошенко сайлаудағы өз жеңілісін мойындаған. Дегенмен ол алдағы уақытта саясатта қалуды жоспарлап отыр.

«Келесі айда мен мемлекет басшысы міндетімен қош айтысамын. Украиндықтардың басым бөлігі солай шешті. Мен офистан кетемін, бірақ саясаттан кетпеймін. Саясатта қаламын және Украина үшін күресемін. Өйткені біздің команда бәріміз бірігіп қол жеткізген жетістікті қорғауы тиіс» депті Порошенко.

Оның айтуынша, Порошенконың командасы Еуроодақ пен НАТО-ға мүше болуды, визасыз режимді, украин тілі мәртебесін, елдің қаржы-банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге күресті жалғастырады.

«2014 жылы мен ел билігін қолыма алдым. Ол кезде президент болғысы келгендер әлдеқайда аз еді. Сол кезде ешқашан берілме дегенді естігенмін. Қазір экзит-пол нәтижесін білгеннен кейінде ешқашан берілмеу керектігін түсінемін. Дәл қазіргі сәтте қарсыласыма қоңырау шалып, оны құттықтауыма тура келіп тұрғанына қарамастан…» дейді Порошенко.

Ал Владимир Зеленский экзит-пол нәтижесінен кейін мәлімдеме жасады.

«Біз мұны бірге істедік. Мен тек ата-анама «рахмет» деген сөзді айтқым келеді. Әйеліме де қолдауы үшін алғыс білдіремін. Балаларыма, отбасыма да алғысым шексіз. Командама рахмет! Адал қызметі үшін ұлттық қауіпсіздік қызметіне, құқық қорғаушыларға да рахмет! Мені қолдап, өз таңдауларын жасаған украин халқына рахмет!» деді Зеленский.

«Мен әзірге президент емеспін. Бірақ посткеңестік одақ елдерінің азаматтарына қарата «бізге қараңдар – бұл мүмкін болады» деп айтқым келеді» деп атап өтті Зеленский.

Фото: РБК Украина

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: