АТУ ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ІІІ ФОРУМЫ ӨТТІ

485
0
Бөлісу:

Алматы технологиялық университеті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Болашаққа бағдар» атты түлектердің III форумын өткізді.

Аталған форумға АТУ-дың әр жылдардағы түлектері – қазіргі өндірістік компаниялардың басшылары, жеке кәсіпкерлер, өнер адамдары шақырылды. Түлектер форумын өткізудің негізгі идеясы – университет пен түлектер арасындағы байланысты нығайта отырып, университетті әр жылдары бітірген ұрпақтардың бас қосуы.

«Оқу ордамыздың түлектері – біздің мақтанышымыз. Осы уақытқа дейін біз технологиялық мамандықтар бойынша білікті мамандар дайындадық. Олар республикамыздың экономикасын, әлеуетін жақсарту үшін өз үлестерін қосуда. АТУ-да білім алған әрбір студент білікті маман болып, кәсіби деңгейге жетіп, өз мансабын жасады. Түлектеріміз республикамыздың түкпір-түкпірінде қызмет атқаруда. Біз әрбір түлегімізбен мақтанамыз» деді университет ректоры, академик Талғат Құлажанов.

Бұдан кейін АТУ түлегі, белгілі актер, продюсер Фархад Абдраимов қонақтарды құттықтай отырып, өзі білім алған оқу ордасына алғысын білдірді. Осы оқу ордасынан түлеп ұшып, бүгінде тіршіліктің әр саласында табысты еңбек етіп жүрген өзге де азаматтар жылы лебіздерін жеткізді.

АТУ түлегі, әнші Ерлан Орынбасаров студенттік шақтағы қызықтарымен бөлісе отырып, жары Баян Нұрмышева екеуі әсем әндерімен шараның сәнін кіргізді.

Шара барысында университеттің талантты студенттері ән және би өнерлерін ортаға салды. Университет студенттерінен құрылған «Тұмар» би ансамблі де мың бұралған билерімен көрерменнің ықыласына бөленді.  Сондай-ақ форум аясында «Өз жолыңды таңда!» атты түлектер жәрмеңкесі өтті. Жыл сайын өтетін АТУ түлектерінің жәрмеңкесі – университет пен жұмыс берушілер арасындағы ынтымақтастықтың тиімді түріне айналып келеді. Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – түлектер мен жұмыс берушілерді кездестіру.

Форум АТУ студенттерінен құралған вокал үйірмесінің қатысушыларының орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқталды. Келген қонақтар мен түлектер форумнан көңілдері көтеріңкі күйде тарады.

Айқын Ақпарат

Бөлісу: