ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ ӘР АЗАМАТТАН ЖАУАПТЫЛЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

767
0
Бөлісу:

 

 Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде  Nur Otan партиясы облыстық филиалы, «Бірлік» бастауыш партия ұйымының ұйымдастыруымен  конференция өтті.

 

«Президенттік басқару жүйесінің теориясы мен практикасы және Қазақстандағы Президенттік сайлау» атты конференцияны Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры, профессор, облыстық мәслихат депутаты, «Бірлік» бастауыш партия ұйымы төрағасы Абзал Талтенов ашып, конференцияның күн тәртібіндегі мәселелеріне тоқталды.

– Біз қоғамды және қоғамдық сананы жаңғыртудың жаңа және маңызды жолында тұрмыз. Nur Otan партиясының XVIII съезі әлемдегі орын алып жатқан дағдарыстар мен қиындықтарға қарамастан, экономиканың қарқынды дамуына қол жеткізгендігін нақтылап, елімізді тұрақты дамытудың алда тұрған басым бағыттарын айқындап берді. Партия съезінде Елбасы берген тапсырмаларды орындау үшін «Халыққа көмек», «Бақытты отбасы», «Ауыл – ел бесігі» және «Құтты мекен» атты төрт жоба бастау алды. Бұл жобаларды жүзеге асыру бізге зор жауапкершілік жүктеп отыр. Бүгінде 9 маусымға жарияланған президенттік сайлауды өткізуге қатысты алдымызда үлкен жұмыстар бар, – деген Абзал Ахатұлының  сөзін  Nur Otan партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған «Саясаттанушылар» орталығының төрағасы, съезд делегаты Лесқали Бердіғожин жалғады.

«Қазақстандағы президенттік басқару жүйесі» тақырыбында талдамалы баяндама жасаған Л.Бердіғожиннің сөзін әріптесі, «Атырау өлкесінің тарихы, археологиясы және этнографиясы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, саясаттану ғылымдарының докторы, «Саясаттанушылар» орталығының төраға орынбасары, съезд делегаты Сайпулла Сапанов жалғады.

Ол өзінің «Қазақстандағы Президенттік және парламенттік сайлаулардың ерекшеліктері» тақырыбында елімізде  президенттік институттың қалыптасуы, президенттік сайлау хронологиясы, Қазақстандағы конституциялық өзгерістер мен  Nur Otan  партиясының құрылуынан бүгінгі жетістіктеріне дейін саралап айтып жеткізді.

Университет жастары атынан сөз алған Гуманитарлық ғылымдар және өнер факультетінің тарих мамандығының 2-курс студенті  Ерлан Баймағанбетов:«Президент Қ.Тоқаев елімізге қатысты аса маңызды үндеу жариялады. 9 маусымда ел Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы шешімін қолдаймыз. Қазақстан Республикасы – демократиялық мемлекет. Қазақстан жауапты кезеңге қадам басты. «Сайлау құқығы» түсінігі көпмағыналы. Біз оны екі мағынада қарастырамыз: объективтік және субъективтік. Объективтік мағынада сайлау құқығы – бұл мемлекеттің өкілді органдарын және жеке лауазымды тұлғаларын сайлау тәртібін реттейтін нормалардың жиынтығы. Субъективтік мағынада сайлау құқығы – бұл азаматтың мемлекеттің сайланбалы органдары мен тұлғаларын құруға, қалыптастыруға қатысу құқығы. Біз осы сайлаудан үміт күтеміз. Тәуелсіз Қазақстанның болашағын басқаратын Президентті жастар қолдап, әділ сайлау арқылы таңдауы керек» –деп жастарды сайлауға белсене қатысуға шақыратынын айтты.

 

Тұрсын  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

Атырау облысы

Бөлісу: