Жамбыл облысында автобус апатқа ұшырап, 11 адам қаза тапты

1093
0
Бөлісу:

Жамбыл облысында көлік апатынан 11 адам қаза тауып, отыздан астам азамат жарақат алды. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

20 сәуір күні, шамамен таңғы 5:00 шамасында Жамбыл облысының Қордай ауданында, Алматы-Ташкент тасжолының 181 шақырымы тұсында Toyota Camry жеңіл автокөлігі Mersedes-Benz 814 жүк көлігіне соқтығысты.

Дәл осы уақытта Шымкенттен Алматыны бетке алған жолаушылар автобусы аталған жол апатына бетпе-бет келіп қалып, одан қашпақ болып аударылады.

Оқиға салдарынан апат орнында 8 адам тіл қатпай мерт болады, 32 адам медициналық мекемелерге жеткізіледі. Онда тағы үш адам қайтыс болды.

Апат орнына шұғыл түрде жедел жәрдем мен төтенше жағдай қызметі, Қордай ауданының әкімі жетті. Зардап шеккендерді Қордай, Отар ауруханаларына жеткізді.

Жедел көмек көрсету үшін Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Жұманқұловты 3 оташы-дәрігермен бірге тікұшақпен Қордайға жеткізді.

Айта кету керек, орын алған оқиғаға қатысты шұғыл арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбеков, облыстық полиция департаментінің бастығы А.Оразалиев, басқа да тиісті лауазым иелері бар. Комиссия  оқиғаның орнына барып, жол-көлік оқиғасының мән-жайын анықтап, зардап шеккендерге сапалы  көмек көрсетуді ұйымдастыруда.

Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өзінің Фейсбук парақшасында Жамбыл облысында орын алған ірі жол апатында көз жұмған марқұмдардың отбасына көңіл айтты.

«Айқын» ақпарат

 

Бөлісу: