ҒҰН БІТІГІ мен «ТҮРКІ РУНИ» ЖАЗУЫНДА ҰҚСАСТЫҚ БАР

724
0
Бөлісу:

– Қазақстанда Ғұн бітігі (жазу) алғаш рет былтыр Қазақ ұлттық университетінде «Қазақ елі» тари­хи-көркем көр­ме­сін­де таныстырыл­ды. Көрмеде бұрма­ланған, жоғал­ған, саналы түрде ұмыттырыл­ған тарихымызды қалпына келтіруге әр қазақ мүдделі болу керегін түсіндік. Олай болса, ғұн тақыры­бын  зерттеулер туралы не айтасыз?

OLYMPUS DIGITAL CAMERA

– Қазақстанда Ғұн бітігі (жазу) алғаш рет былтыр Қазақ ұлттық уни­вер­ситетінде «Қазақ елі» тарихи-көр­кем көрмесінде таныстырылды. Көрмеде бұрмаланған, жоғалған, саналы түрде ұмыттырылған тарихы­мызды қалпына келтіруге әр қазақ мүдделі болу керегін түсіндік. Олай болса, ғұн тақырыбын зерттеулер туралы не айтасыз?
– Тарихты түгендеуге қатысты Елба­сымыз да «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Еуропа­центристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүм­кіндік берген жоқ» деген болатын. Бұл мақаланы зейін қоя оқып шықтым. Мақала қазақ елінің тарихы мен болашағына тікелей қатысты өзекжарды мәселелерді қоз­ғайды. Қытай ғалымдарының ста­тистикасына жүгінсек,
2016 жыл­­ға дейін Азия, Еуропа және Латын Америкасын қосқанда ғұн тақырыбындағы монография саны 500-ге жуықтаған, ал жа­рия­лан­ған ғылыми мақалалар 2 000-ға жетіп жығылады. Бірақ оның арасында Қазақстан ғалымдары жазған ең­бек­тер аталмайды.
Біз – қазақтар ұлы дала мұра­гері­міз, ұлы дала иесіміз, ұлы дала елі­міз дейміз, ал біз соны дәлелдей алдық па? Қазақ тарихы, қазақ мә­де­ниеті мен қазақ өркениеті ке­сек болмай, бүгінгі қазақтың біті­мі де кесек болмайды. Бітімі кесек бол­ма­ған қазақ ұлы дала елімін дей ал­­майды, оны ешкім қабылда­май­ды.
– Қытай ғалымдары жариялаған «Ғұн бітігіне» тоқталсаңыз?
– «Ғұн бітігін» Қытайдағы Ішкі Моңғолияның ғылыми орталығын­да­ғы ғалымдар тобы дайындап, «Хунну әліпбиі» деген атпен ұсын­ған болатын.
Ғұн бітігінің таңбалары – ғұн этносының ғасырларға созылған тарихи даму үдерісінде дүниеге келген рухани жәдігері, мәдени мұрасы. Ол – ғұн этносының тамы­ры терең руханияты мен ауқымы кең мәдениетінің жемісі. Қазақ этно­генезі болған ғұндардың өрке­ниет коды. Қытай тарихшылары мен лингвистері ғұн бітігінің бол­ға­нын дәлелдеп, оның алғашқы эле­менттерінің тарихы кем дегенде 7 000 жылдың тереңінен бастау алады дейді.
Ғұндарда жазу болған дегенді қуат­тайтын зерттеушілер елу жыл­дай уақыт жұмсап, ғұн бітігі таңба­лан­ған жәдігерлер мен материал­дар­ды Хунгария, Германия, Бол­га­рия, Голландия, Норвегия, Моң­ғо­лия, Ресей және Қытай қатарлы ғұн­дардың тарихи іздері қалған елдің бәріне барды. Ондағы Ғылым академиясының тарих, архео­логия, лингвистика және шығыс­тану институттарымен, сол жұмыспен ұзақ жыл үзбей айна­лы­сатын ғалымдармен кең ауқымда іс жүргізді. Ондағы археологиялық қазба жұмыстарында табылған жәдігерлердегі ғұн бітігінің таңба­лары болады-ау деген материал­дарды ыждағатпен жинады. Салыс­тырды, сараптады, дәлелдеулер арқылы бастапқы 500-дің үстіндегі ғұн бітігі таңбаларын топтастырды. Тарихшылар мен лингвистер сұрып­­тауы негізінде 500 әріпті 300 әріпке ықшамдады, соңынан тағы да мұқият талдау мен саралау нәти­жесінде, ғұн бітігі таңбаларын 136 әріпке тұрақтандырды. Суретте көрсетілген ғұн бітігі Моңғолия, Германия, Хунгария, Болгария, Нор­вегия, Ресей және Қытай қатар­лы елдердегі ғұн тайпалары­ның көне қорымдары мен қоныс­тарынан табылған жәдігерлерде таңбаланған.
– Үш мың жылдық жазба тарихы бар көршіміз ғұн бітігін қандай дереккөздерде келтіреді?
– Бірінші, қытай лингвисі Кы Чаң Чи «Қола бітіктерін аймақтарға бөліп қарастыру» деген еңбегінде Қытайдағы археологиялық қазба жұмыстарында табылған ғұн тәңір­құты бітікшісінің мөрін таныс­тырды. Мөрде «Сюн-ну хуту би чы чи» «бұл қытай тілінде берілуі» деген жазулар ойылғанын, мұны ғұн жазуын зерттеумен айналысып келген ғалымдардың ғұн бітігі деп келіскенін, мұндағы сюн-ну – ол ғұн, хуту – тәңірқұты, би чы чи – хатшы. Яғни «ғұн тәңір­құты бітік­шісі» деген мағыналарды беретінін баяндаған. Сыма Чиан (шамамен б.з.б. 145–86 жж.) жазған «Тарих­нама» еңбегіндегі «Ғұн баяны» бөлі­­мінде ғұндарда «бітікші» ла­уазы­­мы болғанын анық көрсет­кен. Бітікші – жазумен айналы­сатын, қатынастарды қабылдайтын, сырт­қы байланыс жүргізетін, кеңсе істе­рін ұйымдастыратын қызмет­кер.
Қытай ғалымы Тау Кытау «Да­ла­­лықтар жылнамасы. Ғұн тарауын­да» «мөрдегі бітіктер» мен «бітік­ші» лауазымы болғаны «ғұн­дарда бітік болғанының бұл­тарт­пас айғағы, ғұндар мен қытайлар арасындағы қанша хаттар мен қатынастар міне, осы бітікшілердің қолымен жазы­лып, жұмысымен таратылып отырған», – дейді.
Екінші, Қытайдың танымал тарихшысы Лүй Сымиян «Янши бітігіндегі жазбалар» деген еңбе­гінде «ғұндар батысқа көшкенде, Хан Юанди патша ғұндардан әке­лін­ген олжалар арасынан ғұн жазба­ларынан тұратын олжаларды патша ордасының бір бұрышына көрмеге қойғызып, oрда ұлықтарын сонда ертіп келіп, олжаланған ғұн жазба мұраларын мақтанышпен көрсететін» деген дерек бар.
Үшінші, Хан патшалығының оқымыстысы Хуан Куан жазған «Тұз бен темір» атты кітапта: «Со­ғыс кезінде соғысып жатқан ғұн шеріктеріне кейінгі жақтан тәңір­құттың бұйрықтары жеткізіліп тұра­тын» әрі ол бұйрықтар «сүйек­ке, ағашқа немесе теріге» жазы­ла­тын деп көрсетілген.
– Қазақ этногенезі болған ғұн және түркілер бітігінің сабақтастығын қалай қарастырған жөн?
– Ғалымдар пәнаралық салыс­ты­рудың нәтижесінде, ғұн бітігі мен «түркі руни» жазуының ұқсас­ты­ғы 90 пайыздан жоғары, ал «ғұн бітігі» мен Еуропадан табылған «руни» жазуының ұқсастығы
80 пайыздан жоғары екенін байқап, мұндай ғажайып ұқсастықта ақылға қонымды сабақтастық бар деп ұй­ғарды. Ғұн бітігінен «түркі жа­зуы» дамыған, ғұн жазуының бір тармағы Еуропаға азиялық жуан жуандар (немесе аварлар) арқылы жетіп, «руни жазуы» деген атпен орнық­қан. Әсілі бұлардың дұрыс сабақ­тасуы «ғұн бітігі», «түркі ғұн бітігі», «авар ғұн бітігі» болады деседі.
– Тарихи кезеңдер, этностар, территориялар, тілдер және жазулар басқа болған соң, айтылу да, жазылу да өзгеріп тұрады. «Ғұн» этнонимінің этимологиясын қарастыруға бола ма?
– Қытайлар «сюн-ну», «ху» деп түрліше жазып келді. Қазақтар бір­де Еуропаға еліктеп «хұнни», бір­де орыс пен моңғолға сеніп «хунну» деп жазды. Кейін келе «ғұн» деп жазу орныға бастады, бұл құп­тарлық.
«Қытайдың ежелгі терістігінде қоныс­танған этностардың мәде­ниет тарихы» деген еңбекте «ғұндар бөріні «cinu» деп айтатыны көр­се­тіл­ген. Демек, «сюн-ну» – таза ғұн тілі, әсілі оның дұрыс ды­быс­та­луы «шин-ну», бұл – түбір сөз­ге көп­тік жалғау қосу арқылы жасал­ған зат есім. «Сюн», «шин» – «қасқыр» не­­месе «бөрі»; «ну» – «лар», «лер­ді» білдіретін көптік жалғау. Көне ғұн тілін қазақ тілінде қарастырсақ, «шин-ну», «бөрі ну» немесе «бөрі­лер» – бұл бізге бүгінде түсінікті. Көне моңғол тілінде қасқырды «чин но» деген, бұл «сюн-ну», «бө­рі­­лер» деп аталған ғұн этнони­мі­нің моңғол тілінде сақталуы және қол­данылуы. Демек, «сюн-ну» этно­нимінің этимо­ло­гиясы – «бөрі­лер».
– «Сюн-ну» – «бөрілер» болса, онда «ғұнды» қалай түсінеміз?
– Дала бірлестіктері түрлі тайпалардан немесе ұлыстардан ұйымдасады. Ғұндарда сондай 24 ұлыстан құрылған дала империясы болған. Сол империяның жоғары аппаратында Елантек ұлысы билік ұстаған. Ғұн империясындағы 24 ұлыстың ішіндегі беделдісі де, ықпалдысы да солар. Ғұн импе­риясында билік жүргізген тәңір­құттардың барлығы осы ұлыс­тан шығады. Олардың тілі, сенімі және әрекеті империяда өктем орынды иеленді.
Елантек ұлысы Күнге, Тәңірге табынған, олар билігін Күннің құді­ре­тімен, Тәңірдің әмірімен берілген деп білген және бүкіл империяда со­лай қабылдаған. Олардың қолын­да Күннің құдіретін, Тәңірдің пәр­ме­нін білдіретін ерекше тәбәрік – «Алтын адам» болған. Сыма Чиян­ның «Тарихнама» еңбегінде: ғұн­дарда сап алтыннан құйылған «Алтын адам» бар, оның бойының биіктігі бір аршын. Ғұндар осы «Алтын адамды» «күн», «ғұн» деп атаған.
«Алтын адамды» тек Елантек ұлысынан шыққан тәңірқұты ғана қолында ұстаған. Ғұндар жылына үш рет атап өтетін жалпы этностық айтулы күндерде, «Алтын адамды» аса бір құрметпен алып шығып, Тәңірден амандық, тыныштық, береке, молшылық тілеп, тәу ететін болған.
Ғұн тәңірқұттың қолындағы «Алтын адам» – Тәңірдің жер бетін­дегі бейнесі, аспандағы Күннің жер үстіндегі нұры. Тәңірқұттың Күн­нің әмірімен таққа отырып, жер бетінде билік жүргізуінің символы болған – «Күн» немесе «ғұн». «Ғұн­ның» этимологиясы «Күн» – «нұр» – «ғұн». Мұны қытайлар өз тіл­де­ріне бейімдеп «ғұнды» «ху» деп жазып деректерінде қалдырған.
«Алтын адам» қазақ жерінде Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарынан табылды, соның ішін­де Қарағанды облысынан табыл­ған «Алтын адам» жөнінде экспедиция жетекшісі, археолог Арман Бейсенов: «Жұқа алтын табақ­шалардан жасалған көптеген конус түріндегі әшекейлер бар. Олар түйіршіктерден жасалған. Бұл көбінесе ғұндарға тән болған» дейді.
– Ғасырлар бойы қақтығыспен күн кешкен ғұндар мен Қытай қандай қатынаста болды?
– Ғұндар мен қытайлар ара­сын­да б.з.б. III ғасырдан IV ғасырға дейін үлкенді-кішілі қақтығыстар мен соғыстар толастамаған. Ғұн­дар­дан басқа ешбір халық Қытай­мен ғасырларға созылған сұрапыл соғыс жүргізген емес. Осы қанды тарихтың бүгінге жеткен өшпес айғағы Қытайдың Ұлы қорғаны. Қытай қорғаны б.з.б. V ғасырдың басында салына бастады. Сол кез­дегі атауы «жүй ху» – «ғұннан қор­ға­ну қабырғасы», кейін «фаң үй» – «қорғаныс қабырғасына» өз­гер­тіл­ді, қазіргі атауы «Чаң чың» – «Ұлы қорған» немесе «Бітеу қабыр­ға».
Ғұн этнонимін сақтап қазақ жерінде тұрып қалған ең үлкен дала бір­лестігі – арғындар. Гонконг университетінің профессоры Хы Чи Лоң «Жетісудағы арғындар» тура­лы еңбегінде ғұндар Шығыстан көшкенде қазақ даласына келді, олар­дың бір бөлігі Жетісуға тоқ­та­ды, сонда арғын тайпасы болып қауымдасты. Арғындар Испид­жап, Тараз (Талас) және Бала­сағұнды қамтыған кең алқап­тың иесі болды деп жазады. Қытай ғалымдарының зерттеуінше, бастау тарихын 7 000 жылдың тереңінен алатын ғұн бітігі терең тарихтың, ауыр да жауапты жүгін арқалап бүгінге жетті.

Сұхбаттасқан
Шыңғыс ЖӘНІБЕК

Бөлісу: