Ілияс ИСАЕВ, экономист, ғалым: ЕБІН ТАУЫП ЕКІ АСАЙТЫНДАР ЖЕТЕДІ

457
0
Бөлісу:

– Сіз бір сұхбатыңызда «қазақ психологиясы нарықтық психологияға бейімделе алмай жатыр» дедіңіз. Неге сүйеніп айттыңыз?
– Алдымен «қазір Қазақстан қандай қоғам орнатып жатыр?» деген сұраққа жауап беріп ала­йық. Біз капиталистік қоғам орнатып жатырмыз. Ал жалпы капиталистік қоғамнан басқа бірнеше қоғамдық-экономикалық формация бар: құлдық қоғам, феодализм, капитализм, сосын социализм. Бірақ кезінде Қазан төңкерісінен кейін Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан секілді Орта Азия мемлекеттері капиталистік қоғамды аттап, социализмге өтті. Шын мәнінде, Қазан төңкерісінің негізгі мақсаты сол кезде қалыптасып, енді-енді дамып келе жатқан капиталистік қоғамды «бесігінде» тұншықтырып, со­циа­лизмге өткізу еді. Онда біз еш­қандай өнеркәсіп ошағы жоқ, тек мал шаруашылығымен айналысқан, ру-ру болып елдімекен құрап, көшіп-қонып жүрген халық едік, былайша айтқанда, феодалдық-экономикалық қо­ғам­дық құрылымда едік. Қоғамдық құрылымның даму сатысындағы бір баспалдақ – капитализмді аттап, социализмге өттік. Онымен жетпіс жылдай өмір сүрдік. Ал тәуелсіздік алған соң социалистік қоғаммен де қош айтысып, қайтадан капиталистік қоғамға бет бұрдық. Кері қарай жүрдік.
Социалистік қоғамда, өзіңіз білесіз, бүкіл зауыт, фабрика, яғни барлық кәсіпорын мемлекет меншігінде болады. Ал біз бір күннің ішінде жетпіс жыл бойы қалыптасқан мемлекеттік меншікті тас-талқан етіп, капиталистік қоғам құрамыз дедік.
Осы екі ортада қарапайым халыққа ауыртпалық түскені рас. Алдыңғы құрылымда қалыптасып қалған қазақтың психоло­гиясы капиталистік қоғамға қажет психологиялық үйлесім­ді­лікке бара алмай отырғаны – соның көрінісі. Капиталистік қоғам дегеніміз – нарық.
– Сонда қазір біз капиталистік қоғам құрып жатырмыз, ал қарапайым халық социалистік қоғамның өлшемімен қарап жүр ме?
– Қазақ психологиясының бір шеті – феодализмде, бір ше­ті – құлдық қоғамда, бір шеті со­циа­лизмде қалып қойған. Ал жаңалыққа, жаңашылдыққа бе­йім­­деліп кете алатындар, әсіресе, жас­­тар капиталистік көзқараста.
– Біздің нарықтық қатынасқа бейімделе алмай келе жатқанымыздың бір көрінісін еңбекті ба­ғалау ұғымынан көруге болатын сияқты. Өнердің кейбір салалары бойынша еңбекті бағалау жақсы жолға қойылған. Ал кей сала өкілдері еңбегін бағалауды, сатуды білмейді. Мысалы, өз еңбегіне қаламақы сұрағанда қарыз сұрап тұрғандай именшіктейтін қаламгерлер бар.
– Социалистік қоғамда еңбекті үкімет бағалайтын. Ақындардың еңбегін үкімет бағалап, олардың шығармаларына жақсы қаламақы беретін. Кітаптарын жиырма-отыз мың данамен шығаратын. Соның арқасында көп ақын-жазушылар, мысалы, Сәбит Мұқанов, бертінде Қадыр Мырзалиев миллионер болды. Қазір арамыздағы ақсақалымыз Әбдіжәміл Нұрпейісов те мил­лионер болды. Мәселен, «Қан мен тер» романы бірнеше рет қайта басылып, оған бірнеше рет қаламақы төленді. Ал қазір кім қаламақы береді?
Нарықтық қоғамда сенің еңбегіңді үкімет бағаламайды, нарық бағалайды. Шығармаңды, еңбегіңді нарықтағы тұтынушылар қызығып, сатып алып жатса, қалтаңа ақша түседі. Еңбегің бағаланғаны, міне, осы.
– Сонда шынымен нарыққа бейімделе алмай отырған ма­мандар, негізінен, ақын-жазу­шылар ма?
– Ақын-жазушылар бұрыннан мемлекеттен ақша алып үйреніп қалған. Мемлекеттің көмегімен ғана табыс тауып, шығармашылықпен айналысқысы келеді. Ал қазіргі заңдылық бойынша олар өз шығармасын кітап етіп бастыру үшін баспаға өзі ақша төлеп шығаруы керек. Одан соң кітабы өтсе, қайта ­бастырады. Кітаптары сатылып жатса, соның ақшасын алады.
– Яғни, кез келген кәсіпкер секілді олар да өз шығарма­шы­лы­ғын табыс көзіне айналдыру үшін алдымен ақша салуы керек пе?
– Міндетті түрде. Әрбір капиталистік қоғам мүшесі өзіне керегін ғана алады. Мемлекет ешқашан біреудің жеке тірлігіне, өнеріне, шығармашылығына араласпайды. Мемлекеттің өзі – тұтынушының бірі. Қажет болса, ол да автордың кітабын сатып алып шығарады.


Мысалы, Теодор Драйзердің «Қаржыгер» деген трагедиясы, «Америка трагедиясы» деген шығармасы бар. Мені осындай дүниелер қызықтырады. Ал маған біреулердің құдалыққа барғаны, сыйлық алғаны секілді дүниелер керек емес. Жа­зушы шығармасының өтім­ділігі кімді кейіпкер етіп алғанына да байланысты.


– Яғни, қаламгер де өзіне, ең­бегіне сұраныс туғыза білуі керек.
– Онсыз болмайды. Мысалы, «Гарри Поттер» әлемдегі ең сұранысқа ие шығарма болды. Авторы миллионерге айналды. Біздің қаламгерлер сондай еңбек жаза ала ма? Бұл – бір. Екіншіден, шығарма керемет болуы мүмкін, бірақ оның тақырыбы қоғамды қызықтыра алмауы мүмкін. ­Мысалы, өзімнің маманды­ғыма қатысты көркем әдебиетті ғана оқимын. Мысалы, Теодор Драйзердің «Қаржыгер» деген тра­гедиясы, «Америка трагедиясы» деген шығармасы бар. Мені осындай дүниелер қызықтырады. Ал маған біреулердің құдалыққа барғаны, сыйлық алғаны секілді дүниелер керек емес. Жа­зушы шығармасының өтім­ділігі кімді кейіпкер етіп алғанына да байланысты. Әр тақырыптың өз оқырманы болады.
– Қазір жастар көбіне кәсіпкерлердің, жетістіктерге жеткен тұлғалардың бестселлерлерін жақсы оқиды. Бұл нені білдіреді?
– Олар да жақсы тұрмысқа қол жеткізгісі келеді. Оларға, демек, осы тақырыптағы дүниелер қажет. Мысалы, «Бай әке, кедей әке», «Қалай миллионер болуға болады?» деген секілді кітаптар бар. Мұндай кітаптар қазақтың әдебиет әлеміне тыңнан түрен салғандай жаңа кейіпкер алып келді. Ал бізде ондай кейіпкерлер жоқ. Мысалы, әлемді билеп отырған Рокфеллер деген бар. Әулеттің ең үлкен ақсақалы осыдан екі-үш жыл бұрын дүниеден өтті. Олар кезінде көшеде суық су сатып, ақша жинаған. Сөйтіп, келе-келе Американың теміржолын, мұнай саласын, қара металлургиясын, тағы басқа өндіріс салаларын сатып алады. Сөйтіп, капитал жинайды. Ақыры мил­лиар­дерлер әулетіне айналады. Ал бізде ондай кейіпкерлер бар ма? Жоқ қой.
– Біздің қоғамның байларды жек көру көзқарасынан арыла алмай отырғанына осының да себебі бар шығар…
– Бізде Рокфеллер сияқты өз маңдай терімен су сатып, сүт сатып, үлкен байлыққа кенелген адам жоқ. Болуы мүмкін емес. Себебі, капиталистік қоғамға енді қадам басып жатырмыз.
– Ал қазір ше? Біздің қоғамда қарапайым адамдардың су сатпаса да, осылай қарапайым еңбекпен байлыққа жетуі мүмкін бе?
– Капиталистік қоғамның алғашқы қадамы әр уақытта байлыққа ие болудың түрлі жолдарын жоққа шығармайды. Бізде де қарапайым бір әйел, мысалы, сүт сатып баюы мүмкін. Бірақ бұлай адал, қара еңбектен бастап үлкен байлыққа кенелу үшін мемлекет толығымен экономикадан іргесін алыстатуы керек. Қазір Қазақстандағы экономиканың 60 пайызы – әлі де мемлекеттік экономика.
– Сонымен, нарықтық сананы толығымен қабылдау үшін қазір біздің халыққа қандай мінез қажет?
– Дарақылықтан ада болу, ысырапшылдықтан бойды алыс ұстау және үнемшілдік, сергектік қажет. Абайдың қара сөздерінде бұлардың бәрі жақсы түсіндірілген. Соны оқып, жадымызда ұстауымыз керек. Тапқан табысың, жинаған ақшаң маңдай теріңмен келсе, үнемшіл боласың. Ал оңай жолмен немесе ұрланып келсе, оған жаның ашымайды. Өкініштісі, бізде ебін тауып екі асайтындар көп. Мемлекеттің бюджетін де солай кеміріп жатады. Әркім еңбегінің нәтижесін көріп, өз еңбегіне сай өтем алатын болса, үнемшіл болар еді. Үнемшілдік еңбекке, бейнетке, ақылға, өз еңбегіңе, өзіңе құрметке алып барар еді. Ысырапшылдық, мақтаншақ­тық, дарақылық секілді жаман мінезге ұласып жатады. Қазір бай­қасақ, қазақтың көп ма­­қалмәтелі, ауыздан ауызға кө­шіп, ел арасына тарап кеткен кейбір сөздері ескірген. Бізге жаңаша ойлауға, заманға бе­йімделу­ге, ертеңіміз үшін қам­дануға кө­шу керек. Мысалы, балаңның ­болашағына қажет қорың, ­жинаған капиталың бол­маса, «шүкір, қанағат» деп ар­қаны кеңге салып отыра берген дұрыс емес.

Әңгімелескен
Нәзира БАЙЫРБЕК

Бөлісу: