ӨЗБЕК ПОЭЗИЯСЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ

506
0
Бөлісу:

2018 жылдың «Қазақстандағы Өзбекстан жылы» деп жарияланып, екі елге де оң әсері бар бірқатар іргелі істердің атқарылуына себепші болған еді. Соның бірі – өзбекстандық 20 жас ақын өлеңдерінің қазақ тіліне аударылып, «Жүз өлең» деген атаумен жарық көруі болды.

Аталған жоба «Тұлға – дос­тық» қоғамдық қоры, «Әдебиет әлемі» орталығы және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің қолдауымен жүзеге асты. Берекелі бас­тамаға Өзбекстан Жазушылар одағы мен «Жастық» журналы да елеулі үлес қосты.
Қазақ тіліне тәржімаланған өзбек ақындарының өлеңдері «Жүз өлең» деген атаумен кітап болып жарияға шығып отыр. Шараға Өзбекстан Республикасының Қазақстандағы елшісі Аброр Фатхулааев, қазақ әдебиетінің майталмандары Исраил Сапарбай, Бауыржан Жақып, басқа да қаламгерлер қатысты. Сонымен қатар өлеңдері қазақ тіліне аударылған жас та талантты өзбек ақындары Нодир Жанузақ, Мухиддин Абдусамад, Фахириддин Хайит, Носиржан Жураев, Журабек Жахон, Мехирноз Аббосова, Башорат Отажоновалар да тұсаукесер шарасына арнайы келіп, қонақ болды.
– Өзбек халқы Абайды біледі, біз Науаиды білеміз. Ал кейінгі буын бір-бірін жіті тани бермейді. Сол олқылықтың орнын толтырып, екі ел арасындағы әдеби байланысты нығайту мақсатында осы шара қолға алынып отыр, – дейді жобаға жетекшілік жасаған белгілі ақын Мұратхан Шоқан.
Жиынға қатысқан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып та игі бастамаға орай өз көзқарасын білдіріп, тілегін арнады.
– Өзбек пен қазақ халқы дос­тығының тамыры тереңде жатыр. Екі елдің әдебиет өкілдері де бір-біріне өте бауырмал. Мәселен, Ғафур Ғұлам деген қалам­гермен біздің Сәбит Мұқанов ерекше дос болған. Бірде Өзбекстанда көлге барған кезде Сәбең досынан: «Ғафур ака, мынау көлдің суы қанша шелек болады екен?» деп сұрапты. Сонда Ғафур ағамыз «егер шелектің үлкендігі көлдей болса бір-ақ шелек болады» деп жауап берген екен. Мінекей, осындай өзара әзілдері жарасым тапқан, – деді ақын.
Бұл ретте Өзбекстан тарапы да қайтарымсыз қалмайды. Қа­зір­гі кезде 20 жас қазақ ақын­дары­ның өлеңдері өзбек тіліне аударылып, баспаға дайындалуда. Алдағы уақытта кітапқа шығармалары енген Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің жас ақындары мен Ташкент Мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университетінің талантты жастары арасында шы­ғармашылық байланыс орнату үрдісін дамыту да көзделіп отыр.
Биыл – Өзбекстандағы Қазақстан жылы. Елімізде «Жастар жылы» да басталып кетті. Бұл серпінді бастамалар да әдебиетке құмар жастарымыздың өрісінің кеңеюіне әсерін тигізеді деген үкілі үміт бар.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу: