ЕКІ АНЫҚТАМА КЕРЕК

360
0
Бөлісу:

Президенттікке үміткер ретінде тіркелу үшін кандидат Орталық сайлау комиссиясына өзі мен зайыбының (жұба­йының) табысы мен мүлкі туралы салық декларация­сын тапсырғаны туралы  анықтама мен  денсаулығының жай-күйін растайтын медициналық қорытынды ұсынады. Бұл жөнінде ОСК мүшесі Бақыт Мелдешов хабарлады. 

Бұл міндеттер «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңның 59-бабы 5-тармағы 4, 2, 6 тармақшаларында көзделген. Оның айтуынша, Сайлау туралы заңның 59-бабының 2-тармағында кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына ұсыну мерзімі басталған айдың бірінші күніндегі, яғни 2019 жылғы 1 сәуірдегі кірістері мен мүлкі туралы декларацияны ұсынуы көзделген. Кірістер мен мүлкі туралы декла­ра­цияларды тапсырғаны туралы анықтаманы Президенттікке кандидатты тіркеу мерзімі аяқ­талғанға дейін, яғни 2019 жылғы 11 мамырға дейін ұсынуға болады. Кандидат анықтаманы ұсынбаған жағдайда тіркеуден өтпейді.
– Кандидат тіркелгеннен кейін ОСК кандидат пен оның зайы­бы (жұбайы) декларацияла­ған кірістері мен мүлкі туралы мәліметтердің дұрыстығын анықтау үшін уәкілетті органға сұрау салады. Ол мәліметтерді мемлекеттік кірістер органдары кандидат тіркелген күннен бастап 15 күн ішінде тексереді. Анықтамадағы кірістер мен мүлік туралы мәліметтердің дұрыс еместігі анықталса, ОСК тіркеу туралы ше­шімнің күшін жояды», – деді.
Сонымен қатар ол «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңының 59-бабының 2-1-тармағына сәйкес Президенттікке кандидат тіркелгенге дейін денсаулығының жай-күйі туралы медициналық қорытындыны Орталық сайлау комиссиясына міндетті түрде ұсынатындығын айтты. Осы нормаға сәйкес кандидатқа Республика Президенті ретінде міндеттерін орындауына кедергі келтіретін ауруларының жоқ­тығын растау үшін медициналық куәландыру жүргізіледі. Оның қо­рытындысы денсаулық жағ­да­йы туралы тиісті медициналық қорытындымен ресімделеді. Ме­ди­циналық қорытындыға қойы­латын талаптар мен кандидат болып тіркеуге кедергі келтіретін аурулар тізбесін ОСК мен Ден­саулық сақтау министрлігі бір­лес­к­ен нормативтік құқықтық акті­де белгіледі. Ол құжатта канди­дат ретінде тіркеуге кедергі кел­ті­ретін 107 ауру тізбесі көрсе­тілген.
«Қазіргі уақытта «Қазақстан Президенттігіне кандидаттың денсаулық жағдайы туралы медициналық қорытындыға қойылатын талаптарды және Қазақстан Рес­публикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуге кедергі келтіретін аурулардың тізбесін бекіту туралы» Орталық сайлау комиссиясы мен Ден­саулық сақтау министрлігінің бірлескен нормативтік құ­қық­тық ­актісі қабылданды және Әді­лет минис­трлігінде 2019 жы­лғы 13 сә­уірде тіркелді. Нормативтік құ­қық­тық актілер электронды түрдегі эталондық бақылау банкінде 2019 жылғы 15 сә­уірде тіркеліп, жарияланған ­күннен бастап заңды кү­шіне енді», – деді Б.Мелдешов.
Медициналық қорытынды кандидат медициналық куәландыру жүргізу үшін жүгінген кезден бастап күнтізбелік 3 күннен аспайтын мерзімде беріледі және Пр­езидент сайлауы мерзімі ішінде жарамды болады. Берілген медициналық қорытындылардың есебін денсаулық сақтау ұйымдары жүргізеді.

Айдана БЕГІМ

Бөлісу: