ЖОҚШЫЛЫҚ ЖОЛЫ

Екі жол бар: бірі – тоқшылық жолы, екіншісі – жоқшылық жолы. Осының қайсысы кең?
Мемлекет тарапынан ел азаматтарын кәсіпкерлікке бейімдеу, қажетті мамандықтарға қайта даярлау шаралары жасалды. Бұл – тоқшылыққа апаратын әрекет.
Енді сол қайта даярланған мамандардың жағдайына келейік. Ауылда тігінші, шаштараз, аспаз мамандықтарына мемлекет қаржысымен оқып, үйреніп өз ісін бастағандардың ахуалы қалай? Тігін машинасын сатып алды дейік. Ары қарай не болды? Тігіншілігін жүргізуге мата жоқ. Бірдеңе тіккендей болса, оны сатып алатын адам, мекеме тағы жоқ. Алақандай ауылдарда күн сайын шаш қидыратын адам шыға бермейді. Қайшысын жарқылдатып, шаштараз атаулы жұмыссыз отыр. Аспаз торт пісірген, онысын тойға өткізген болады. Оның жасаған тәтті-пәттісіне де сұраныс шамалы.
Көп адам өз-өзінен жоқшылық жолына түскендей.
Мал ұстау?.. Оған жайылымдық жердің жоқтығы қолбайлау. Жем-шөп әзірлеу де бір машақат.
Қазір қай өңірде де жылқы ұстаудың пайдасы бар сияқты. Саумал сату!
Бұл – жақсы бизнес. Бие байлап, саумал, қымыз өндіріп сату етек жайып келеді. Біржола осыған көшкен жөн бе?
Мұның да бір кілтипаны табылды. Жақында Түсіпхан Түсіпбеков деген азамат әлеуметтік желідегі парақшасында былай деп жазды:
«Бердібек Мәшбекұлы әлеуметтік салаға басшы болып келгенде қуанбаған жан болған жоқ. Өмірді көрген, тәжірибесі мол, саланы жақсы білетін адам ретінде Бекеңді ел өте жақсы біледі. Ендеше, Бекеңе айтар бір ұсынысымды осы әлеуметтік желі арқылы қойғанды жөн көрдім. Ұсынысты қарап бір шара қолданатынына сенімім зор. Мемлекеттің аз қамтылған, көпбалалы отбастарына берілетін атаулы әлеуметтік көмекті есептеген кезде қосалқы шаруашылықтан табатын пайданы алып тастаса жөн болар еді. Сонда көптеген отбасы атаулы әлеуметтік көмек алуға қол жеткізер еді. Ал қосалқы шаруашылық дегеніміз, әсіресе, ауылда үлкен күнкөріс көзі. Жәрдемақы алу үшін жалғыз сиырын сатып, қаз-тауығын қырып тастағандарды кезінде 1999 жылдары көзіміз көрген-тұғын. Қазір де дәл солай болуы әбден мүмкін. Ауылда тігерге тұяқ қалмаса не болмақпыз? Немесе мемлекеттік жәрдемақы тек балаларға берілуі тиіс деп ойлаймын. Бала елдің болашағы, балаға бүгін берсек, олар мемлекетке бүгін алған дүниесін ертең еселеп қайтаратын болады. Әр балаға берілетін 20 мың теңге мемлекет үшін онша көп ақша емес. Бұл біздің бай мемлекетіміздің болашаққа салған инвестициясы болар еді».
Атаулы әлеуметтік көмекті есептеу барысында қазақтың ұлттық сипаты ескерілгені дұрыс.
Біздің қазақ мал бағуға икемді. Ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан малшылық үрдісін осы күні үзіп те алдық. Бізден гөрі қосалқы шаруашылығында сиыр, жылқы, қой мен ешкі ұстауға басқа ұлт өкілдері ептірек: түрік, күрд, әзірбайжан, өзбек ағайындар сиыр сүтімен күн көріп отыр; төрт түлік малдан алынатын өнімдер – қаймақ, айран, сыр, брынза, ірімшік тәрізді жалпы нарықтағы сұранысы мол азық түрін базарға толтырып отырғандар да солар.
Ауылда тұрып бір-екі сиыр ұстамайтын қазақ отбасылары жетіп артылады. Тым болмағанда тауық пен қаз-үйрек ұстауға болар еді, ол да жоқ. Осынша жеріміз бола тұрып, жайылымдық жер таппаймыз. Шабындық жер табу да үлкен мәселе.
Мал ұстауға ниеттенгендер «атаулы әлеуметтік көмектен қағыламыз ба?» деп онша тәуекел ете бермейді. Сонда қалай болмақ керек?
Ауылда мамандыққа қайта даярланғандардың кәсібін өркендетуге мемлекеттік үйлестіру шарасы жетпей тұрғандай. Тігіншінің тіккен өнімі сол жергілікті аудан, облыс көлемінде сұранысты өтейтін болса, еңбегі еш болмас еді. Ауыл тұрғындарының өндірген сүтін қазір кім алады? Бұрын сүт зауыттары таза сүтті елден жинайтын. Қазір түрлі қоспа қосып, «сүт» деп сата беретін жағдайға жетті.
Тоқшылық жолына түсудің орнына, түрлі себеппен жоқшылық жолына түсіп жатырмыз. Бұл қалай?!.
Нұртөре ЖҮСІП