Тұрғын үй сертификаты кімге беріледі?

Ел Үкіметі тұрғын үй сертификаттарын кімдерге және қанша көлемде беретінін анықтады. Осы мақсатта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің «Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы әзірленді. Оған сәйкес, 1 миллион теңгелік сертификаттың екі түрі болмақ: бірі өте арзан кредит түрінде беріледі, ал екіншісін алғандардан миллионды қайтару талап етілмейді.
Тұрғын үй сертификаттары әрине, Қазақстан ойлап тапқан жаңалық емес. Ол әлемде бұрыннан қолданылады. Мәселен, алысқа бармай-ақ, Ресей Үкіметі біраз жылдан бері осы сертификаттарды беру кестесін бекітіп келеді. Солтүстік көршіде биыл 16,24 миллиард рубль көлемінде 7 мың 151 адамның баспана сатып алу шығындары бюджеттен өтелмек. Яғни, әр адамға шамамен 2 миллион рубльден келеді. Рас, оларда да тұрғын үй сертификаты кім көрінгенге берілмейді. РФ федералдық заңы бойынша сертификаттарға жұмыстан босатылатын баспанасыз әскерилер, ІІМ қызметкерлері, Чернобыль секілді радиациялық апаттар мен авариялар құрбаны болған немесе олардың зардаптарын жоюға тартылған ресейліктер, табиғи апат кесірінен мәжбүрлі көшушілер, Қиыр Солтүстік (Крайний Север) аудандарынан және соларға теңестірілген жерлерден қоныс аударушылар иелене алады. Бір қызығы, қазір Ресейдің «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырулар санын доғара бастауына орай «Байқоңырдан» қоныс аударушы ресейлік офицерлерге, инженерлерге және басқа мамандар мен тұрғындарға да осындай сертификат алу мүмкіндігі ұсынылып жатыр екен.
Ал Қазақстанда «Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларына» сәйкес, бұл құжаттардың екі түрі айқындалды.
«Ұлттық банк бекіткен ипотекалық бағдарлама (7 – 20 – 25) аясында және Үкімет бекіткен тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасы («Нұрлы жер» және басқасы) аясында азаматтардың ипотеканы пайдалана отырып, меншігіне тұрғын үй сатып алу құқықтарын іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй сертификаттарын әлеуметтік көмек ретінде немесе бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдау ретінде ұсынады» делінген қағидаларда.
Сонда бұл екеуінің айырмашылығы қандай?
Оның біріншісі, яғни «әлеуметтік көмек» деп аталатыны – азаматтарға тегін, еш ақысыз және қайтарусыз негізде берілетін тұрғын үй сертификаты.
Екіншісі, яғни «әлеуметтік қолдау» деп аталатыны – азаматтарға бюджеттік кредит түрінде, яғни ақылы әрі қайтарымды негізде, оның үстіне шектеулі белгілі бір мерзімге ғана берілетін тұрғын үй сертификаты. Жалпы, оның тек кредит деген аты ғана, әйтпесе, пайызы өте аз – 0,01%.
«Бюджеттік кредит түріндегі әлеуметтік қолдау көрсетілген жағдайда, әкімші (әкімдік) өтініш берушімен және сенім білдірілген өкілмен жылдық 0,01% сыйақы ставкасы бойынша 15 жылға дейінгі мерзіммен кредиттік шарт жасасады. Бюджеттік кредиттер беру, өтеу және қызмет көрсету бойынша қосымша талаптар кредиттік шартта белгіленеді» деп түсіндіріледі құжатта.
Қазақстанда бұл игілікке нақты қандай санаттағы азаматтар қол жеткізетінін жергілікті әкімдіктер өздері анықтайды.
Бұл ретте «Тұрғын үй сертификаттарын беру тәртібінде» «Әкімші тұрғын үй сертификаттарын алушылар санатының тізбесін өзі әзірлейді және жергілікті мәслихаттың қарауына және бекітуіне енгізеді» делінген.
Өңірлік билік, қала басшылығы осы тізбеге қосу үшін өз өңіріне қажетті, аса тапшы, маңызды мамандықтарды анықтайды.
Әйткенмен, ел Үкіметі ол тізбеде міндетті түрде кімдердің болу тиістігін де нақтылады: «Тізбеде міндетті тәртіппен тұрғын үй сертификаттарын алушылар қатарында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, полиция қызметі саласына жататындар, сондай-ақ әлеуметтік мәртебесі бойынша көпбалалы, толық емес отбасылар және кемтар балалары бар отбасылар болуы тиіс».
Әкімші бекітілген тізбені және тұрғын үй сертификаттарын алу мүмкіндігі туралы хабарландыруды интернет-ресурстарда жариялануын қамтамасыз етуі шарт.
Аталған санатқа жататын азаматтар баспананы ипотекаға алуға өтініш берген кезде екінші деңгейлі банкке тұрғын үй сертификатын алу ниеті барлығы туралы жазбаша хабарламаны қоса ұсынады.
Тұрғын үй сертификатын алу үшін мынадай құжаттар қажет: тиісті формадағы өтініш, өтініш берушінің жеке куәлігі, жұмыс орнынан анықтама, тұрғылықты жерінен тиісті елдімекенде тұратынын растайтын мекенжай анықтамасы, несие сомасы, бастапқы жарнаның мөлшері және эскроу-шот реквизиттері жайындағы мәліметтерден тұратын, өтініш берушіге бастапқы тұрғын үй сатып алу үшін ипотекалық қарыз берудің мақұлданғаны туралы банктің хаты ұсынылуы керек. Осы құжаттарын жиған соң, азамат әкімдікке жүгінеді.
Қаржысын қайтару талап етілмейтін «әлеуметтік көмек» түріндегі сертификат бойынша өтініш беруші мен әкімші арасындағы келісім 2 жұмыс күні ішінде жасалады. Ал бюджеттік кредит түрінде әлеуметтік қолдау көрсетілген жағдайда, келісім 3 жұмыс күні ішінде бекітілуі керек.
Бірақ алда әкімдіктерде ұзын-сонар кезек тудыра бермеу үшін бұл рәсім өзгереді. 2019 жылғы 1 қыркүйектен бастап, сертификат алуға өтініш берушілерден құжатты «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы, яғни ХҚКО-лар қабылдай бастамақ.
Қағидада көрсетілгендей, әр әкімдік «жыл сайын 1 миллиард теңге жиынтық сомасындағы 1 мыңнан кем емес тұрғын үй сертификатын» таратуға міндеттеледі және жергілікті бюджетте тиісті соманы қарастырады.
Жергілікті билік кімге қанша көлемде сертификат беріп, баспана алуына жәрдемдескені жөнінде «есептік айдан кейінгі айдың 5 күніне дейінгі мерзімде» Үкіметке есеп ұсынып отырады.
Ескерер жайт, тұрғын үй сертификаттарын иеленушілер баспананы тек «бастапқы тұрғын үй нарығынан» ғана ала алады. Егер қолдан алса, қолданысқа енгізілгеніне көп жыл болған тұрғын үйді таңдаса, оған сертификат жүрмейді, тиісінше, бюджеттік субсидия берілмейді.
Иегерлердің нақты қандай баспананы сатып алатыны да атап көрсетілген: «бастапқы тұрғын үй – тұрғын үйді құрылыс салушыдан, тапсырыс берушіден, құрылыс инвесторынан, жергілікті атқарушы органнан немесе құрылыс салушының, тапсырыс берушінің, құрылыс инвесторының, жергілікті атқарушы органның атынан өткізетін басқа заңды тұлғалардан сатып алған кезде меншік құқығы бірінші рет тіркелетін жылжымайтын мүлік нысаны».
Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» бірлесіп, тұрғын үй сертификаттарын алушылардың тізімін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Елордалық әкімдіктің Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының тұрғын үй беру бойынша азаматтарды есепке алу бөлімінің бас маманы Данияр Балтиннің мәліметінше, бас қалада 2019 жылы 2000 тұрғын үй сертификатын беру жоспарланған.
Оның айтуынша, әлеуметтік көмек алушылардың алдын ала тізімін уәкілетті органдар жергілікті бюджетте осы мақсаттарға көзделген қаражат көлемі және әкімдік белгілеген квота шегінде қалыптастырады және банкке жібереді. Өз кезегінде банк үміткерлерді топтастыру шараларын жүргізеді. Соның нәтижесінде төлем қабілетін растаған үміткерлерге хабарлама жібереді. Бекітілген тізімге енгізілген алушылардың, банктің және әкімшінің арасында Эскроу-шот шарты жасалады. Содан кейін 5 жұмыс күні ішінде әлеуметтік көмек қаражаты аталған шотқа ақшалай түрде аударылады.
Қағидаларда жазылғандай, өтініш беруші өзінің эскроу-шотына қаражат аударылған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде ипотека ресімдемесе, әкімші тұрғын үй сертификатын жергілікті бюджетке кері қайтарып алады.
Айхан ШӘРІП