«Қыз көп деген соң, қарауға келдік» демесін

599
0
Бөлісу:

Miss Kazakhstan байқауын өткізуге ел қазынасынан 73 миллион теңге бөлінеді. Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов бұл қаражаттың далаға кетпейтінін, қайта еселеп ақталатынын мәлімдеген болатын. Конкурс ұйымдастырушылары да 2 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін байқауға бөлінген әр тиынның орынды жұмсалатынын айтып отыр. Қалай десек те, сұлулық байқауын туризмді дамытатын құрал ретінде қолдану қаншалықты ойға қонымды?

Естеріңізге сала кетсек, республикалық бюджеттің орындалуын бақылайтын Есеп комитеті ту­ристік салаға бөлінген қаражат­қа қатысты аудит жүргізген еді. Нәтижесінде, 1,5 миллиард теңгенің есебі дұрыс емес болып шықты. Бұдан бөлек, көпшілікті сұлулық байқауына бөлінген 73 миллион теңге алаң­датты. Биыл аталған конкурс жаңа форматта өткізіледі-мыс. Әр қатысушы өз аймағын таныстырып, туған жерінің тұмса табиғаты мен тарихын тереңнен зерделеуі тиіс. Сол мақсатта видеороликтер мен фотосессиялар жасалады. «Әлем­дік тәжірибеге сүйене отырып, осындай арнайы жоба ашқанымызға қуаныштымыз. Бүгінде 30 ролик әзірленіп жатыр. Қазақстан­ның барлық аймағын қамтыдық. Қасиетті орындар, ерекше ландшафтар, көз сүріндіретін сұлу сәулет өнерін көрсетуге тырыстық. Туризм елшілері ретінде жеңімпаз қыздар қызмет атқарады. Ұлттық компания бөлген 73 миллион теңгенің 21 миллионы 30 видеоролик жасауға кетеді. Ең бастысы, жалпы сомасы 30 миллион теңгеге 2 фильм тү­сіреміз. Олар «Мисс Қазақстан» және «Әлем аруы» байқауларының таныстырылымында көрсетіледі. Сонымен бірге, ұлттық киімдер де арзан тұрмайды. Мәселен, орта есеппен бір костюмнің бағасы – 1,5-2 миллион теңге. Биыл әр қатысушыға арнап кәдесыйлар жасатқымыз келіп отыр. Міне, бөлінген 73 миллион теңге осыларға кетеді» дейді ұлттық конкурстың директоры Алена Қырбасова.


Әбден тұралап қалған туризмді дамытуға соңғы уақытта белсене кірістік. Елбасының өзі шетелде емес, елде демалуға кеңес бергені көптің есінде. Осы мақсатта отандық туризмге күш салуға тапсырма берілген болатын. 28 жыл бойы туризмнің бар көтерілген қарқыны – 7-8 пайыз ғана.


Қаржының қаншалықты орын­ды жұмсалары белгісіз. Бірақ Мәдениет және спорт министрлігі қайтарымы болары анық деп сендіреді. Вице-министрдің сөзін келтіре кетейік. «KazahTourism ұлттық компаниясын құру – уа­қыт талабы. Бізде өкінішке қарай, туризм аса қатты қарқынмен дамып жатқан жоқ. Көршілес ­Ресеймен, болмаса Еуропа, АҚШ-пен салыстыру қиын. Көрмелерде туристік бизнес жайлы өте қарабайыр таныстырылым өткізіледі. Бастысы, қалыпқа салып, буклет жасата салады. Ал ұлттық компанияны құрудағы мақсат туристік бизнесті дамыту болатын. «Мисс Қазақстан» байқауының форматын өзгертіп, ұйымдастырғалы отырмыз. Ту­рис­тік бизнесті зерттей келе, қазіргі таңда қытайлық және үндістандық туристер осы байқауды тағатсыздана күтіп отырғаны анықталды. Олар сұлулық конкурсын теледидардан тамашалап, интернеттен іздеп қарайды екен. Тіпті арнайы келіп көреді деседі. Бұл сө­зі­мізге дәлел ретінде былтыр өт­кіз­­ген «Мисс Астана» байқауын мы­­сал қылуға болады. Қытай мен Үндістаннан 400 адам келді. Қыздарымыздың сұлулығына тамсанады. Бұл өте дұрыс деп ойлаймын» деген еді Ерлан Қожағапанов.
Туристік салаға бөлінген 8,2 миллиард теңгеге мемлекеттік аудит жасалғанын атап өттік. Тиімсіз жоспарлар, мемлекет қаржысының дұрыс жұмсалмауы секілді фактілер белгілі болды. Бұл олқылықтар есепшілердің есепті дұрыс жүргізбеуі салдарынан туындап отырған көрінеді. Осы ақпарат жарыққа шыққан күні Kazakh Tourism әлеуметтік желідегі ресми парақшасына жаңа жазба салды. Ол жерде қаржылық құқық бұзулардың болмағаны айтылған. Бірақ жоспарлауда қателіктер болғанын мойындап отыр. «Ұйымдастыру құрылымында тиімсіз тұстар бар екенін жасырмаймыз. Одан бөлек, бірнеше ескертпелер де орынды. Көпшілігін тексеру барысында түзедік. Ал құрылым болса, қазіргі таңда қайта қаралып жатыр. Әу баста ұйымдастыру құрылымы 70 адамды қамтитын болған. Бі­рақ кейін штат санын 40-50 адам көлемінде ұстап тұрамыз деген шешім қабылданды. Ұлттық компанияның барлық жұмысы Қазақстанның заңнамасына сәйкес жүргізіледі» делінген.
Әбден тұралап қалған туризмді дамытуға соңғы уақытта белсене кірістік. Елбасының өзі шетелде емес, елде демалуға кеңес бергені көптің есінде. Осы мақсатта отандық туризмге күш салуға тапсырма берілген болатын. 28 жыл бойы туризмнің бар көтерілген қарқыны – 7-8 пайыз ғана. Көршілес Өзбекстан, Қыр­ғызстанға демалуға баратын туристер саны таңғалдырады. Ол жақта жауһарларға көз жүгірту мақсат етілсе, бізде қаракөздерге көз жүгірту арқылы даму бағдарламасы іске асырылып жатыр. Сұлулық байқауының басталуына да аз қалды. Әлемнің әр жерінен сұлулыққа сұқтануға келетіндердің саны да жақында белгілі болады деген сөз.
Туризмнің бір орында тұрып қалуына нашар инфрақұрылым себеп дегенді жиі айтамыз. Бірақ Моңғолияға жол салынбаса да, туристер өкшесі көтеріліп тұрады. Одан кейінгі себептердің қатарында кадрлар білігінің төмен болуы және санының аздығы. Енді осы мәселелерді реттеудің орнына бір байқауға байланудың қажеті қандай? Этика тұрғысынан да қыздардың сұлулығына тамсандырып қойғанымыз қалай? Бұл сауалға сала министрлігі өкілдерінің жауабы дайын болып шықты. «Негатив іздесеңіз, кез келген жерден табуға болады. Ведомство атынан мынаны мәлімдейміз: елімізді азғын мақсатта пайдаланғысы келгендер заңмен қудаланып, елден қуылады. ІІМ-мен бірлесіп туристік полиция құрамыз. Туризмді дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған бағдарламасында бұл мәселе бар» деп жауап берді.

Тақырыпқа тұздық: Туризмді осы әдіспен дамытуды Уганданың туризм министрлігі де ұсынған болатын. Министр дәл біздің вице-министр секілді сөз сөйлейді. Осыдан кейін адам құқығын қашанда бірінші орынға қоятын христиан университетінің (UCU) студенттері Годфрей Киванданы жазалау керек деп шағымданады. Бұл жөнінде Daily Monitor Uganda хабарлаған. Олардың айтуынша, Киванда әйелдерді зообақтағы жануарлармен теңестірген. Сондай-ақ Miss Curvy байқауы әйел құқығына қол сұғып, оларды азғын етеді деп тоқтатуды талап еткен. Мұны естіген президент Йовери Мусевени арнайы мәлімдеме жасайды. «Министрлер кабинетінде мұндай ұсыныс болғаны рас. Бірақ туристер әйелдерге қарау үшін келмеуі керек. Қыз­дарды саудалау арқылы туризмді дамыту идеясын қолдамаймын» деп жауап берген. Бәлкім, бізге де дәл осындай жауап қажет шығар…

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу: