Ұлыбританиямен ынтымақтастық күшейеді

412
0
Бөлісу:

 Үкімет басшысы Асқар Мамин Ұлыбритания Сыртқы істер министрлігінің Еуропа және Америка істері жөніндегі мемлекеттік министрі Алан Данканмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың өзекті мәселелері мен перспективалары талқыланды.

А.Данкан атап өткендей, Қазақстанда бизнесті жүргізу үшін барлық мүмкіндіктер бар және шетелдік инвестицияларды тарту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. «Тұманды Альбионнан» жеткен мәртебелі мейман Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуы аясында Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарда негізгі ережелердің сабақтастығы қамтамасыз етілетініне сендірді.

«Қазақстан мен Ұлыбританияның екіжақты ынтымақтастықты арттыру үшін зор әлеуеті бар, оны тиімді пайдалану қажет», – деді Премьер-министр Асқар Мамин.

Елімізде британдықтардың қатысуымен 850-ден аса заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер тіркелген. Олардың ішінде Royal Dutch Shell, Ernst & Young және басқалары бар. Бизнес құрылымдардың өзара іс-қимылын одан әрі ұлғайту үшін биыл қазан айында Лондонда кезекті қазақстандық-британдық инвестициялық форум өтпек. Бұл шара ірі британдық бизнестің қызығушылық танытқан жаңа өкілдерін Қазақстанға тартуға мүмкіндік береді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: