Тәуелсіздік тұғыры нығая түссін десек…

430
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы осы жыл­дың 9 маусымында кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін жа­риялады. Осы орайда М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары арнайы бас қосып, Президент мәлімдемесіне қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Институт директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов «18 миллионға жуық адамның көзқарасы бірдей болуы мүмкін емес. Бірақ ұлттық мүддеге байланысты ойымыз бір жерден шығуы қажет деп ойлаймын. Ал ұлттық мүдденің тізгінін ұстап отырған Әуезов институты бұл мәселеде белсенділік танытуы тиіс» деп атап өтті.

Жазушы Нұрдәулет Ақыш «ҚР Президенті сайлауының жақын уақытта өтетініне қуанып отырмын. Президент боп кім сайланса да, ең басты қазына – Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайта түсу жолында қызмет етуі тиіс деп есептеймін. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси еркіндікке, рухани әлеуетіміздің дамуына арналған бағдарламалары жалғасын тапса деймін» деген ниетін білдірді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Бақытжан Әзібаева бейбітшілік пен тыныштықтың іргесін нығайта түсу үшін де, көпұлтты мемлекет ретінде де Президентімізді бірден анықтап алуымыздың маңызына ерекше тоқталды.

Өнертану кандидаты, доцент Амангелді Мұқан «Кеше Өзбекстандағы Қазақстан мәдениеті күндерінің ашылуын тамашаладым. Біздің өнерпаздардың таланттарына қайран қалып отырдым. Президент Тоқаевтың да сондай үлкен мақтанышпен риза болғандығын көрдім. Сол жақтағы әріптестерім Қазақстан мәдениетінің өте жоғары деңгейге шыққандағын үлкен таңданыспен жазып жатыр. Мұның бәрі тәуелсіздік кезеңіндегі бейбіт өмірдің, демократиялық тұрақтылықтың нәтижесі. Бұл барлығымыздың ортақ жетістігіміз. Еліміздің дамуының тағы бір үлкен белесі – ҚР екінші Президентін сайлауға белсенді қатысуға шақырамын» деген ойын ортаға салды.

Филология ғылымдарының кандидаты, доцент Светлана Ананьева «Еліміздің жаңа заманға сай қарқынды дамуында әдебиеттанушылар мен өнертанушылар, жалпы гуманитарлық ғылымдар саласындағы мамандарға артылар жауапкершілік зор. Мемлекет басшысының сайлауға байланысты шешімін толықтай құптаймын. Қасым-Жомарт Кемелұлының іскерлігі мен саясаткерлігін жоғары бағалаймын. Институтта жарық көрген «Казахско-американские литературные связи» монографиясының «Дипломатиялық хаттар» бөлімінде Қ.Тоқаевтың жазбалары жан-жақты талданған болатын. Оның Женевадағы БҰҰ-ға төрағалық етуінің өзі өте биік деңгейдегі саяси тұлға екендігін көрсетеді» деп атап өтті. Ал жас ғалым Алмас Қияс жастарды бұл істе белсенді болуға шақырды. «Әлеуметтік желілерде сайлауға шақыруда белсенділік танытуымыз керек» деді ол.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу: