«Серпін» жобасына серпін бермек

317
0
Бөлісу:

Nur Otan фракциясы жанындағы Экономикалық саясат кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиын «Серпін – 2050»: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» жобасы шеңберінде жастарды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету» тақырыбына арналды.

Кеңес мүшелері – Мәжіліс депутат­та­ры алдында Білім және ғылым минис­тр­лігінің Жоғары және жоғары оқу ор­ны­нан кейінгі білім департаменті ди­рек­торы Әділет Тойбаев баяндама жасады.
Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы аясында 2014 жылдан бері «Серпін – 2050: Мәңгілік ел жастары – индустрияға» атты әлеуметтік жоба іске асырылуда. Жоба­ның басты мақсаты – еңбек ресурс­тары мол әрі артық оңтүстік өңірлердің жаста­рының жұмыс қолы тапшы батыс және солтүстік аймақтарда білім алуына және кейін сол жерлерде жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасау болып отыр. Тиісінше, жобаға жұмыс күші мол Алматы, Маң­ғыстау, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының 9-11-сынып түлектері қатыса алады. Жоба аясында ол студент­терді 9 өңірдің – Ақмола, ­Ақ­төбе, Атырау, Қостанай, Павлодар, Шы­ғыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қара­ған­ды және Солтүстік Қазақстан облыс­та­рының ЖОО-ларында және Ақтөбе, Атырау, БҚО-ны қоспағанда 6 өңірдің колледж­дерінде оқыту жүзеге асырылады.
Ә.Тойбаевтың мәліметінше, «Сер­пін – 2050» жобасына 9 өңірден 26 ЖОО мен 36 колледж қатысады, 16 472 адам білім алып жатыр. Білім беру педа­го­гикалық, техникалық және ауылша­руа­шылық мамандықтары бойынша жүргізіледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Жылқыбаев та сөз сөйлеп, жоба түлектерін әлеуметтік қолдау бойынша біршама жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Мәжіліс депутаты К.Мұсырман қабылданып жат­қан шараларға қарамастан, жоба толық­қанды өз мақсатына жетпей тұрғанын және ел Үкіметі жобаның іске асырылу тиім­ділігін қарастырып, одан ары жетіл­діру шараларын қолдануы қажетін айтты.
Кеңес мүшелері мен сарапшылардың ұсыныстары тиісті ұсынымдарда көрініс тауып, ел Үкіметіне жолданады.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу: