ӨЗАРА БАЙЛАНЫС – ӨЗЕКТІ

326
0
Бөлісу:

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Өзбекстандағы жылы екіжақты қарым-қатынастар үшін де, бүкіл Орталық Азиядағы өзара түсіністік пен сенім ахуалын қалыптастыру үшін де ерекше маңызы бар оқиға екенін атап өтті. «Бүкіл әлемдік мәдениеттің игілігі болып табылатын  елдеріміздің басты рухани және тарихи орталықтарын өзара байланыстыруды ұсынамын. Жедел түрде Түркістан, Самарқан, Бұқараны бір бағытта қосатын туристік кластер ашылады», – деді. 

Қазақстандағы туризм индус­триясы – кенже қалып тұрған сала. Жыл сайын қыруар қаражат салсақ та, дәл Өзбекстан туризмі секілді дами алмай жатырмыз. Елімізде туристік саланы дамыту мен 2019-2025 жылдарға арнал­ған салалық мемлекеттік бағ­дарламаны енгізу мәселесі қарас­тырылып жатыр.
Осы ретте Мемлекет басшы­сының Түркістанды Самарқан мен Бұқара бағытына байланыс­тыру қажеттігі туралы бастама­сы – жақсы бастама. Өзбекстан туризм жағынан бізге қарағанда әлдеқайда тартымды, жыл сайын бұл елге келуші туристер легі толастар емес. Онда шағын және орта бизнес пен қызмет көрсету саласы толыққанды қанат жайған.
Бізде бір түсінік бар: елге ту­ристерді көптеп тарту үшін қо­лайлы инфрақұрылым жасау қажет – жолдар, қымбат қо­нақ­үй­лер салынып, сервистік қыз­метті жақсартуымыз керек дей­міз. Жолы жетісіп тұрмаған Моңғолияға да жұрт ағылып ба­рып жатыр. Мәселе тек сервисте тұрса, бәрі баяғыда өздігінен шешілер еді.
Туризм нысанына айналу үшін Қазақстанды тартымды ел етіп көрсету маңызды. Құдайға шүкір, тарихи орындар, көне ғимараттар бар. Әлеуетті турис­тер елге не үшін келеді? Басқа жақта жоқ нәрсені, ерекше та­рихи орын мен тұлғаға қатысты жәдігерлерді көргенді қалайды. Осы тұрғыдан алғанда, өзбектер Ақсақ Темірді жақсы пайдаланып отыр. Біз ше? Біз қайтеміз?
Шыңғысхан – тарихи тұлға. Осы Шыңғысханның қазақ тарихына қатысты ғұмырбаянын дұрыс пайдалануға не кедергі? Шыңғысханның өзі бізден алыс­тау шығар деген пайымды ысы­рып қойған күннің өзінде, оның үлкен ұлы Жошы хан, оның құр­ған ордасы қазақ тарихымен қабысып жатқан жоқ па? Осыны неге тиімді пайдаланбасқа?
Бізге жыл сайын келетін ту­ристер саны 900 000-нан аспайды екен. Оларға bed tax сияқты – қонақүйде орналастыру салығын енгізбек ниет бар. Біріккен Араб Әмірліктері Дубайға келген турист саны 12 миллионнан асқаннан кейін ғана, онда да 2014 жылы жаңағы алымды енгізген көрінеді.
Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында тұр. Өзбек­станға ағылып жатқан туристер енді Түркістанға келетін болса, жаңа облыста туризм қарқын алады.

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу: