ЖЫРШЫЛАР ФЕСТИВАЛІНІҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Белгілі жырау, Nur Otan партиясы саяси кеңесінің мүшесі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің директоры Ұлжан Байбосынова Өзбекстанның Термез қаласында өткен Халықаралық бахшы (жыршы) өнерінің фестивалінде жеңімпаз атанды.
Бес күнге созылған жарыста Корея, Моңғолия, Малайзия, Венгрия, Сербия, Түркіменстан, Түркия, Әзірбайжан, Болгария, Қырғызстан секілді 74 мемлекеттен 160-тан аса өнер иесі бақ сынады. Фестивальдің ашылу салтанатына Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің өзі қатысты.
Халықаралық байқауда жыршылар сайысынан бөлек, ұлттық тағамдар, қолөнер бұйымдары, халықтың салт-дәстүріне қатысты жәдігерлердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Қазақстанның атынан аталған өнер бәйгесіне Сыр бойы жыраулық мектебінің үлкен өкілі Ұлжан Байбосынова қатысып, бас жүлдені жеңіп алды.
Бүгінде Ұлжан Байбосынова Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейін басқарумен қатар, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында жас өнерпаздарға сабақ береді.