ЕҚЫҰ ӨКІЛДЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ

456
0
Бөлісу:

Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлау жөніндегі кеңесшілері Радивоя Груич және Владимир Мисевпен, сондай-ақ ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының өкілі Димитрий Тодоричпен кездесті. Кездесуде тараптар алдағы Президенттің кезектен тыс сайлауына қатысты мәселелерді талқылады. Аталған ұйым өкілдері елімізге сайлауға байланысты ЕҚЫҰ/ДИАҚБ қажеттігін бағалау жөніндегі миссиямен келген.
Nur Otan партиясы Төр­а­ғасы­ның Бірінші орынбасары Қазақстан­ның тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ЕҚЫҰ-ның халықаралық қауіпсіздікті сақтау, бей­бітшілікті қамтамасыз ету, адам құқықтарын қорғау және демократиялық тетіктерді ілге­рілетуге бағытталған саясатын қолдап келе жатқанын айтты. Сондай-ақ ол қазіргі таңда Қазақстан мен ЕҚЫҰ ара­сындағы қарым-қатынастың күшейе түс­кеніне назар аударды.
– Қазақстанның ЕҚЫҰ-мен ынтымақ­тастығы еліміздің осы ұйымға төрағалық еткен кезеңінде бұрынғыдан да нығая түсті. Сол кезде қабылданған Астана декларациясы ұйымның дамуына тың серпін берген маңызды құжат болды, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар ол ЕҚЫҰ-ның барлық стандарттары Қазақстанның мемлекеттік бағдарламалары үшін негізгі бағдар болып саналатынын тілге тиек етті. Оның айтуын­ша, Қазақстан үшін ЕҚЫҰ-мен, ұйымның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросымен және басқа да құрылымдарымен ынтымақтастықты одан ары нығайту аса маңызды. Сондықтан партия Төрағасының Бірінші орынбасары алдағы уақытта екіжақты қарым-қатынастың дами түсетініне сенім білдірді.
Бұдан басқа Мәулен Әшімбаев дәл қазір қазақстандықтардың тарихи кезеңді бастан өткеріп жатқанына назар аударып, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтатқанымен, Nur Otan партия­сының Төрағасы болып қала беретінін жеткізді.
– Біздің партия Елбасымыз айқындап берген еліміздің барлық стратегиялық мақ­саттарына қол жеткізу жолындағы жұмыс­тарын жалғастыра береді. Сондықтан алдағы прези­дент сайлауына белсенді түрде қаты­самыз. Келесі аптада өтетін партияның ке­зектен тыс XIX съезінде сайлауға қатысатын кандида­тымызды ұсынамыз. Nur Otan сайлаудың ашық әрі әділ өтуіне және барлық демократия­лық нормалардың сақталуына мүдделі. Өйткені бұл билік сабақтастығын қамтамасыз ететін тетіктердің бірі болып саналады, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен бірге, Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары сай­лауалды үгіт-насихат жұмыстары Қазақстан Республи­касының Сайлау туралы заңына және халықаралық талаптарға сәйкес жүргізілетінін айтып, партияның бұл істе халықаралық бақылаушылармен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының сайлау жөніндегі кеңесшісі Радивоя Груич елімізге Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша келгендерін айтты.
– Біз мұнда сайлауға қатысты кейбір талаптарға бағалау жұмыстарын жүргізіп, алдағы саяси науқанға дайындықтың қазіргі деңгейін бағамдаймыз. Сондай-ақ ұйымның атынан сайлауға бақылаушылар жіберу ісін пысықтап, Қазақстанның бірқатар мемле­кеттік органдарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және саяси партия өкілдерімен кездесулер өткіземіз, – деді Радивоя Груич.
Сондай-ақ ЕҚЫҰ өкілі алдағы уақытта Nur Otan партиясының жұмысы қай бағытта өрбитінін сұрады. Бұл сауалға жауап берген партия Төрағасының Бірінші орынбасары ең алдымен Nur Otan Қазақстанның Тұңғыш Президентінің саясатын ары қарай жалғас­тырып, билік сабақтастығының бейбіт жол­мен жүргізілуіне басымдық беретінін айтты.
– Елбасы саясатының негізінде ел дамуы­ның негізгі басымдықтары анық көрсетілген. Бірінші басымдық – нарықтық экономиканы дамыту. Қазірдің өзінде біз бұл бағытта көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Екінші басымдық – әлеуметтік саясат. Тұңғыш Президентіміз үнемі осы салаға айрықша мән беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған еліміздің әлеуметтік доктринасын қалыптастырып берді. Үшінші басымдық – елімізде бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету. Бұл – көпұлтты және геосаяси жағдайы күрделі Қазақстан үшін аса маңызды сала. Келесі басымдық – еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатын жүйелі түрде жүргізу. Партиямыз Елбасы анықтап берген осындай басымдықтарды ары қарай жалғастырып, олардың сақталуы үшін жұмыс істейді, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар ол Қазақстанның алдында тұрған басты мақсат – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылу екеніне назар аударып, бұл партия жұмысының да негізгі басымдығы болып қала беретінін айтты.
– Ең дамыған елдермен бірге Экономи­калық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің қатарына қосылу да – еліміздің негізгі мақсаттарының бірі. Осы бағыттағы басымдықтар партияның жаңа бағдарлама­сында анық көрсетілген. Аталған міндеттер біздің сайлауалды науқан кезіндегі жұмысы­мызда да басты назарда болады, – деді Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.
Айта кетейік, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы – саяси диалогқа арналған халықаралық ұйым. Негізгі мақсаты — жетілдірілген басқару мен демократиялық үрдіс негізіндегі аймақтық тыныштық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Ұйымның құрамында Аз ұлттардың ісі жөніндегі 9 жо­ғарғы комиссар, Демокра­тиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюро және Парламенттік ассамблея бар. Қазақстан бұл ұйымға 1992 жылы мүше болды. Ал 2010 жылы еліміз ұйымға төрағалық етіп, әлемдік дең­гейдегі өзекті мәселелердің оң шешілуіне ықпалын тигізді.

Еламан ҚОҢЫР

Бөлісу: