«Бесқонақ» атыраулықтарды әбігерге салуда

693
0
Бөлісу:

Атыраулықтар екі тәуліктен бері халқымыз «Бесқонақ» деп атап кеткен амалдың мінезіне төтеп беруде. Сәрсенбі күні тәулік бойы толассыз нөсерлеткен ауа райы кеше бұрқасынды боранға ұласты.

Қала көшелері көл болып, қаланың біраз ықшам аудандары жарықсыз қалды. Тіпті «Алматы-Атырау» бағытындағы ұшақтың бірі ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақтөбе қаласының әуежайына қонса, өзге рейстерде уақытынан кешіктіріліп ұшатыны белгілі болып отыр.

Өткен тәулікте қала көшелері мен тұрғын үйлерді нөсер суынан тазартуға жұмылған коммуналдық қызмет мекемелері бүгін жаңбыр мен жауған қардан қаланы тазарту жұмыстарын жалғастырды.

Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев пен Атырау қаласының әкімі Әлимұхаммед Құттұмұратұлы бүгін де жаңбыр мен қар салдарын жою жөніндегі жедел штабтың жұмысымен танысты.

Қазіргі уақытта қала көшелерін сору мен қарды жинау үшін арнайы 45 вакуум машинасы жұмыс істеуде. Жаңбыр мен қар салдарын жою жұмыстарына 5 өзі аударғыш жүк машинасы, 6 трактор, 3 Камаз және «Арнаулы авто база» ЖШС-нің 290 қызметкері жұмылдырылған. Екі күн бойы қала көшелерінен 7 мың текше метр су жиналды.

– 20 вакуумдық арнайы техниканы ұсынған қаланың жеке кәсіпкерлері үлкен көмек көрсетті. Қазір суды жинау үшін жеке кәсіпкерлерге тиесілі тағы 10 вакуумды тарту бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бүгінгі таңда қалада 5-6 су басқан шағын аудан бар, онда біз балабақшалар мен мектептердің, сондай-ақ жеке меншік үйлердің маңайына баса назар аудардық, – деп мәлімдеді Атырау қаласы әкімінің орынбасары, жаңбыр мен қардың салдарын жою жөніндегі жедел штабтың басшысы Шәкір Кейкин.

Атырау қаласындағы бірқатар ықшам аудандарда электр қуатының үзілісі мәселесі туындады. Бүгінгі күні апатты жоюмен айналысатын «Атырау Жарық» АҚ-ның 25 бригадасы трансформаторлық станцияларда жұмыс істеуде.

Ауа райының қолайсыздығына және жылыту маусымының аяқталуына байланысты, бүгін барлық қалалық мектептерде сабақтар тоқтатылды.

Белгілі болғандай, түнде жеке меншік үйлердің тұрғындарынан су сорылу керектігі туралы көптеген өтініш келіп түскен.
– Әлеуметтік нысандардың, мектептердің және балабақшалардың аумағы оқушыларға кедергісіз мектепке баруды толығымен қамтамасыз ету қажет. Алдымен жеке меншік үйлердің алдарындағы суды сору қажет, аулаларына және үйлерін су баспауы үшін, – деді Әлимұхаммед Құттұмұратұлы.

Ауа райының қолайсыздығы  жол-көлік апаттары оқиғаларын болдырып отыр.  «Атырау-Доссор» трассасында болған жол оқиғасынан адам қазасы тіркелді. Облыс полицейлері жаяу жүргіншілерді де көлденең оқиғалардан сақ болуын ескертуде.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы

Бөлісу: