Astana телеарнасына жаңа басшы келді

Белгілі тележурналист Бибігүл Жексенбай Astana телеарнасының бас директоры болып тағайындалды. Жаңа басшыны телеарна ұжымына Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев таныстырды.
Сөз басында Мәулен Әшімбаев Astana-ның бүгінде еліміздегі ең үздік телеарналардың бірі екеніне назар аударды.
– Қазір Astana – еліміздегі рейтингі жоғары телеарналардың бірі. Бұл осыған дейін арна басшысы болған Ләззат Мұратқызы мен ұжымның ерен еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.
Сондай-ақ ол телеарнаға басшы болып тағайындалған Бибігүл Жексенбайдың білікті маман екенін айтып, оның жетекшілігімен Astana арнасы бұдан да биік белестерді бағындыратынына сенім білдірді.
– Мұндай шешім Елбасының келісімімен қабылданып отыр. Сондықтан жауапкершілік жүгі еселене түсетіні анық. Десек те, Бибігүл Нұрғалиқызы – отандық ақпарат айдынында аты қалыптасқан кәсіби журналист. Көптеген тележобалар мен деректі фильмдердің авторы және «Бас редакторлар клубының» президенті ретінде де өзінің жоғары ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті. Қандай қызметте болса да тек талантты журналист, мықты медиа-менеджер, кәсіби маман және білікті басшы ретінде ғана танылды. Сондықтан Бибігүл Нұрғалиқызы жаңа қызметте де белсенділік танытып, Astana телеарнасының одан ары дамуына тың серпін береді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар ол қазір еліміздің аса маңызды тарихи әрі саяси кезеңді бастан өткеріп жатқанын тілге тиек етіп, алдағы Президент сайлауында ақпарат құралдарының белсенді әрекет ету керегіне көңіл бөлді.
Өз кезегінде Бибігүл Жексенбай жүктелген сенімді абыроймен ақтау үшін бар күш-жігерін жұмсауға дайын екенін айтты.
– Елбасының партия алдына қойған мақсат-міндеттері Astana телеарнасына да тікелей қатысты. Сондықтан алдағы уақытта осы міндеттерді мүлтіксіз орындап, телеарнаның қазіргі абырой-беделін одан ары арттыру үшін жұмыс істейміз. Осы жолда барша ұжым жұдырықтай жұмылып, көздеген мақсаттарға бірлесіп қол жеткіземіз деп сенемін, – деді Бибігүл Жексенбай.
Бибігүл Жексенбай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолын «Спорт» республикалық апталығының корреспонденті ретінде бастаған ол әр жылдарда «Жас Алаш», «Атамұра» газеттерінде жұмыс істеді. Сондай-ақ ұзақ жылдар отандық телевизия саласында нәтижелі еңбек етті. Соның ішінде «Хабар» агенттігі мен Qazaqstan ұлттық телеарнасында жауапты қызметтер атқарған. Одан бөлек, «Жетінші арна» телекомпаниясының бас директоры, кейін Директорлар кеңесінің төрағасы болды. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының кеңесшісі қызметінде де жауапкершілігімен таныла білді.
Айта кетейік, Astana Nur Otan партиясына қарасты «НҰР-Медиа» холдингінің құрамындағы телеарна. Бұдан басқа, аталған холдингке қарасты ақпарат құралдарының қатарында AIQYN, Литер, Túrkistan, «Қазақстан теміржолшысы» газеттері мен NS, Orda FM радиолары бар. Осы аптада еліміздегі ең ірі медиа холдинг болып саналатын бұл мекемеге белгілі журналист, отандық ақпарат саласындағы топ-менеджерлердің бірі Әлия Буриева бас директор болып тағайындалды.
Е.МАҚСАТҰЛЫ