Технологияны меңгеру – заман талабы

279
0
Бөлісу:

Nur Otan партиясы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында «Балаларға арналған тегін IT сыныптар ашу және ІТ мамандар даярлау» ісін жүзеге асырып келеді. Жоба шеңберінде Nur Otan партиясының Орталық аппаратында «Инновация мәдениеті» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. 

Жиынды ашқан Nur Otan партиясының хатшысы Илья Теренченко еліміздегі цифрлық технологияларды дамыту бойынша жүзеге асып жатқан жобалардың маңызына ерекше тоқталды.
– Бүгінде Қазақстанда қолға алынған маңызды жобалардың нәтижесін көріп жүрміз. Әсіресе, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қазірдің өзінде елімізде 1 500-ден аса IT сынып ашылды. Олардың әрқайсысы өз жемісін беріп келеді, – дейді партия хат­шысы.
Кездесуге арнайы спикер ретінде ша­қырылған Google компаниясының програм­мисі Тілек Мамутов үздіксіз дамып жатқан әлемде компанияларға көшбасшылық бағытты қалай ұстап қалудың қыр-сырын айтты.
– Өзгелерден ерекше болуға ұмтылып, әрқашан жаңа бағыттарды іздеуден шаршамау керек. Креативті ойлардан жаңа, жақсы дүниелер туады, – дейді 11 жыл бойы Google және Google Х жобаларымен жұмыс істеген білікті маман.
Тілек Мамутов Search, Gmail, YouTube, Chrome бағдарламалар мен өнімдерін жасауға қатысқан. Оның қол жеткізген ең ірі табыс­тарының бірі – Google Х-қа арналған жаңа жасанды интеллект.
Дөңгелек үстел кезінде сөз сөйлеген STEM Academia, Bolashak Engineering компания­ларының негізін қалаушы Әбутәліп Мүтәлі Nur Otan партиясымен бірігіп жасалып жатқан «1 000 IT сынып» жобасы аясында бүгінде 100-ден астам зертхана ашылғанын атап өтті.
– STEM лабараторияларында оқушы химия, физика, биология пәндерінен алған білімін өмірде қалай қолдану керегін, олардан қалай өнім алу керек екенін үйренеді. Қазір жас өнертапқыштар төрт бағдарлама бойынша білім алып жатыр. Осы бағдарламалардың негізінде олар жобаларын жүзеге асыра алады, – дейді Ә.Мүтәлі.
Жобаны жүзеге асыру барысында оң өзгерістер орын алып жатыр. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы №73 мектептің оқушысы мүгедектерге арналған арбаны автомат­тандырған. Дәл қазір автоматтандырылған арбаның құны 380 мың теңге тұратын болса, жас өнертапқыш 100 мың теңгелік арбаға 70 мың теңгелік автоматтандыру жүйесін қон­дырған. Соның нәтижесінде, жас өнер­тапқыш екі байқаудан 3,5 млн теңге грант жеңіп алды. Енді ол өзі ойлап тапқан жаңа­лықты ары қарай жетілдіріп, нарыққа шығаруға дайындауда.
Кездесу соңында қатысушалар барша қазақстандықтарды инновациялар мен цифрлық технологияларды дамыту ісіне белсене атсалысуға шақырып, бұл саланы ілгерілету үшін елімізде зор мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу:

Оқуға кеңес береміз