«Дипломмен ауылға»: оң өзгерістер көп

132
0
Бөлісу:

Биылдан бастап «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасымен елдімекендерге баратын мамандардың міндетті жұмыс істеу мерзімі 5 жылдан 3 жылға қысқарды. Енді бағдарламаға дәрігер, мұғалімдерден бөлек ауыл шаруашылығы мамандары да қатыспақ. Сондай-ақ жастарға берілетін үстеме ақы өңірлердің ерекшеліктеріне қарай төленетін болды.

Nur Otan партиясының орта­лық аппаратында «Жастарды қолдау» бағытының жаңартылған құрамының алғашқы отыры­сында «Дипломмен ауылға» мем­лекеттік бағдарламасын жүзеге асыру тетіктері талқыға салынды. Жиынға төрағалық еткен Мәжіліс депутаты Бақтияр Мәкен талқы­лау барысында «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша жас­тар­ды ауылдағы жұмыс орын­дарына тарту мәселесін көтерді.
– Елбасы Н.Назарбаевтың атынан «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында ауыл жастарын жан-жақты дамыту, ауылды жердегі кадрлық әлеуетті нығайту үшін жағдай жасау жоспарлануда. Барлығымыз үшін «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарла­масын жетілдіру маңызды және жас мамандарға әлеуметтік көмек түрлерін күшейтуіміз қажет, – дейді Б.Мәкенұлы.
Бағдарлама 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарла­ма­сымен 54 мыңнан астам түлек ауылға барды. Бүгінде бұл жобаға 14,8 миллиард теңге бөлу жоспар­ланған. Статистика бойынша, елімізде 2 мыңнан астам ауылдық округ бар. Онда тұратын халық саны 8 миллионнан асады. Кадр тапшылығы Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыс­тарында өзекті мәселеге айналып отыр.
Ұлттық экономика вице-ми­нистрі Ермек Алпысов бағдар­лама аясында биыл тұрғын үйді несиелендіруге жеткілікті қара­жат бөлінетінін айтты. Ол сон­дай-ақ құрылғанына он жыл болған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жыл сайын маңызы артып келе жатқанын, алдағы уақытта бағдарлама төңіре­гінде атқаратын жұмыс­тардың көп екенін жеткізді.
Білім және ғылым вице-ми­нистрі Фатима Жақыпова бола­шақта ауылдық жерлерде жұмыс істегісі келетін үміткерлерге грант­­тар саны көбейетінін айтып, жұмыспен қамту мәселелерінің жай-күйіне де кеңірек тоқталды. Ал Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев бағдар­ламаның кейбір тармақтарын қайта қарап, әлі де жетілдіру қажет екенін тілге тиек етті.
Жиын соңында күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша ко­ми­с­­сия мүшелерінің ұсыныс­тары ескеріліп, «Дипломмен ауыл­ға» мемлекеттік бағдар­ла­ма­сы­ның жобасын жетілдіру тап­сырылды.

Әбілмансұр ЖАСАН

Бөлісу: