Тұрғындар мәселесі шешілді

290
0
Бөлісу:

Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық филиалында «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған қоғамдық қабылдауда  өңір тұрғындарының мәселесі оңтайлы шешілді. Олардың дені – көпбалалы, жалғызбасты аналар.

Қабылдаудың алғашқы қонағы Дәмежен Құнанбаева қоғамдық қабылдауға жиенінің қамымен келген. Айтуынша, қолындағы қызының ортаншы ұлы қант диабетімен және көз ауруымен ауырады. Ол 1-сыныптан бастап 4-сыныпқа дейін үйден оқыған. Талантты бала өнерге қабілеті болғанымен ақылы үйірмелерге қаржы тапшылығынан, мектеп жанындағы үйірмелерге ауруына байланысты қатыса алмай отыр екен.

Өз кезегінде облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева Дәмежан Құнанбаеваға көмек көрсететіндігін жеткізді. Жиені дәрігердің бақылауымен бассейнге, домбыра, вокал үйірмелеріне жазылатын болды. Сондай-ақ Дәмежен Құнанбаева денсаулық сақтау басқармасы басшысымен жиенінің көзіне Астанадан ота жасау үшін квота бөлу, жол қаражаты жөнінде сөйлесті.

Ал балаларына атаулы әлеуметтік көмек ала алмай жүрген жалғызбасты ана Баян Жүсіпова қоғамдық қабылдау арқылы барлық мәселесі тез шешілгенін айтып, ризашылығын білдірді.

– Біріншіден, облыстық мәслихаттағы Nur Otan фракциясының мүшесі Сергей Вищняк қарызымды өтеу үшін материалдық көмек көрсететін болды.  Екіншіден мекен-жайға тіркелдім. Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандарынан кеңес алдым. Яғни бір баламның құжатын жинақтауым қажет, – дейді ол.

Шара барсында Берік Көшекбаевтың Құрашасай ауылының көше жолдарын тегістеу туралы өтініші де аяқсыз қалмады. Оны қабылдаған Астана ауданы бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Айнат Қазмағанбетов Сазды ауылынан кейін, яғни келесі жетіде Құрашасай ауылының көше жолдары тегістелетінін айтты.

Қабылдауға келген барлық азаматтың мәселесін оң шешімін тауып, құзырлы мекемелерге тиісті тапсырма берілді.

 

А.Жасанұлы

Бөлісу: