Елбасы жүктеген міндеттер жүзеге асырылуда

241
0
Бөлісу:

Nur Otan партиясы Алматы облыстық филиалының кезектен тыс XXVІ конференциясын ашқан облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев конференцияға аудандық, қалалық партия филиалдарынан 126 делегат сайланғанын, қажетті форум бар екенін айтып, конференция жұмысын ашық деп жариялады. Бұл жолғы басқосуда партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің экономикасын дамытып, халықтың тұрмысын жақсартуға қатысты берген тапсырмаларының орындалуы сөз болып, Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезіне делегаттар сайланатынын еске салды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев баяндама жасады.

– Елбасының Nur Otan партиясына берген тапсырмаларын орындау мақсатында өңірімізде жаңа ұлттық төрт жобаның жүзеге асырылып жатқанын жақсы білесіздер. «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» 2030 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша алдағы онжылдықта 10 стратегиялық маңызды жұмыс жүзеге асырылуға тиісті. Соның ішінде «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Құтты мекен» және «Ауыл – ел бесігі» сынды бірінші кезекте елдің тұрмысын жақсартуға, ұрпақ тәрбиесін нығайтуға, елдімекендерді өркендетуге бағытталған жобалардың орындалуы партияның тұрақты назарында.

«Бақытты отбасы» жобасының мақсаты – отбасы институтын нығайту, балалар құқығын қорғау кеңестерінің жұмысын күшейтіп, қоғамдық қорлар құру. Көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік көмек көрсетудің арнайы жол картасы аясында жұмыстар жүргізу. Қазіргі кезде аудан, қала және ауыл әкімдері өз аумақтарындағы жағдайды толықтай зерделеп, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар туралы мәлімет жинақтауда. Соңғы деректер бойынша Жетісу өңіріндегі 40 мың көпбалалы отбасында 165 мың бала тәрбиеленеді және осы отбасылардың 11 мыңы атаулы әлеуметтік көмек алады. Сонымен бірге «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік көмек шаралары негізінде 17 мың отбасының атаулы әлеуметтік көмек алуына 10,9 млрд теңге қаражатқа бюджеттік сұраныс берілді.

Облыстың 20 ауданында әлеуметтік мұқтаж жандардың қажеттіліктерін анықтайтын жедел штабтар құрылды. «Бақытты отбасы» жобасы аясында Әлеуметтік жол картасы іске қосылып, ағымдағы жылы әлеуметтік көмекке жергілікті бюджеттен 6 млрд теңге, Әлеуметтік жол картасына қосымша 3,4 млрд теңге қаражат қарастырылды, – деген баяндамашы әлеуметтік қамқорлық жасауда бірінші кезекте тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға баса назар аударылып отырғанын нақты цифрларды келтіре отырып, айтып өтті.

Алматы облысында қалталы азаматтардың жерлестеріне көмек қолын созуы жақсы жолға қойылған. Жыл басынан бері сондай жомарт жандардың арқасында 3,5 мың отбасына жалпы сомасы 125 млн.теңгенің қаржылай көмегі көрсетіліп, 3 пәтер, 20 үй беріліпті. Келер жылға дейін әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылар үшін 628 пәтер салынады.

«Құтты мекен» жобасы бойынша жергілікті жерлерде инфрақұрылымды нығайту, инженерлік және әлеуметтік желілер тарту, газ, су құбыры, электрмен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізу және моноқалаларды дамыту жалғастырылады. Бұл жоба аясында арнайы жұмысшы топ жасақталып, Жол картасы әзірленген. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары аясында облыстың депутаттық фракциясы жанындағы тұрақты бес комиссияның мүшелері, Елбасының Бес әлеуметтік бастамасы аясында құрылған қоғамдық кеңестің, облыстық филиалдың партиялық бақылау комиссиясының мүшелері Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың тиімді пайдалануына тұрақты бақылау жүргізеді.

«Ауыл ел бесігі» партиялық жобасының мақсаты – ауылдарда жұмыс орындарын ашу, жастарды ауылды дамытуға тарту және кәсіпкерлікпен айналысуға бейімдеу жұмыстарын жүргізу. Ауылды елді мекендерде «Білім орталықтарын» ашып, мектептерінің спорт алаңдарын жөндеу жұмыстары қолға алынуда. Жобаны жүзеге асыру барысында облыс орталығының орталық сауда алаңында халыққа кеңес беру бекеттерін ашу жоспарланған. Облыстағы жастар саны жарты миллионға жуықтайды. Әлеуметтік көмекті алуды жеңілдету үшін 253 ауылдық округ «Е-Халық» ақпараттық жүйесіне қосылады, ол үшін жергілікті бюджеттен 170 млн.теңге қаражат қарастырылған.

«Халыққа көмек» бірыңғай әлеуметтік терезе» партиялық жобасы аясында облыстағы барлық партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде 376 өтініш тіркеліп, 81 өтініш яғни 21,5%-ы оң шешімін тауыпты. Ал республика бойынша жоба аясында 40 пайыз өтініш оңтайлы шешілген. Сондықтан облыстың көрсеткіші тез арада жақсартуды керек етеді. Ғалиасқар Төлендіұлы өзінің сөзінде жоғарыда айтылғандарға қосымша талай деректерді келтірді. Оның ішінде кейбір кемшіліктерді атап көрсетіп, жетістіктерді желпінте жеткізді.

Сөз кезегін алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, облыстық партия филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ермек Келемсейіт: «Елбасы Nur Otan партиясының XVIII съезінде «Әрбір адам жақсылықты бүгін сезінуі керек» деді. Осы орайда, біз партияның бағдарламасында экономика табыстарын жекелеген азаматар сезінуі керегін түсіндіретін «Инклюзивті экономика» деген мақсатты белгіледік. Елімізде жүзеге асырыла бастаған жаңа әлеуметтік стратегияны басшылыққа алып, халықтың әл-ауқатын одан ары арттыруға баса көңіл бөлетін болсақ, Елбасының діттеген мақсаттарының орындалуына қол жеткізетініміз сөзсіз» деді. Сонымен бірге Еліміздің Ата заңына сәйкес, биылғы маусымның тоғызында болатын Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауының қажеттілігінің негізгі себептерін атап көрсетіп, адагерлердің сайлауалды жұмыстарға белсене қатысатындығын мәлімдеді.

– Тәуелсіздік белесінің даму, өрлеу, өркендеу жолындағы ширек ғасырдан астам өткелінен өтіп, әлемдегі ең дамыған өркениетті елдің қатарына қосылуды мұрат тұтқан Қазақстан халқының ертеңін оза ойлай, болашағын баса болжай білген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тірегі, халық сеніміне ие болған, елдіктің партиясы, Елбасымен бірге ел қуатын еселеген бірліктің партиясы, кемел келешегіміздің кепілі, жарқын болашағымыздын сенімі – «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл,– деп сөзін бастаған Талдықорған қаласындағы «Айналайын» балалар үйі директорының орынбасары, партия ардагері, Алматы облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Несіпжамал Баймадиева халқымыздың бүгінге дейін талай қиын-қыстау күндерді бастан өткергенін, қандай зұлматты, соғыс, тұрмыс тауқыметі мол жылдар болса да, аналарымыз еңсені езген ауыртпалыққа мойымай, ұрпағын Тәуелсіздігіміздің бейбіт күніне аман-есен жеткізгеніне тоқталды. Nur Otan партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасымыз халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында көптеген маңызды мәселелерді қозғап, шешу жолдарын ұсынғанын ортаға салып, оларды әл-ауқаты мен өмір сапасын жақсарту үшін жасалып жатқан игі қадамдар деп санайтынын жеткізді. Несіпжамал Қасымбекқызының айтуынша, Талдықорған қаласында ашылған «Белсенді өмір сүру орталығы», орталық кітапханадағы Коворкинг орталығы мен жастарды заманауи ІТ-білімге жетелейтін ІТ орталықтар мен ІТ-сыныптар, Оқушылар сарайындағы робототехника сыныптары жаңа заманның сұранысына сай жас ұрпақ тәрбиелеуге, аға буын ұрпақтың ұзақ өмір сүруіне мүмкіндік жасаудың жарқын мысалы болып саналады. Сонымен бірге «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Ауыл – ел бесігі», «Құтты мекен» бағдарламаларының әрқайсысы әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталғаны нақты қадамдар екені адан аныық.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің жастар орталығының басшысы, «Жас Отан» жастар қанатының белсендісі Арнай Байжұрынов «Елбасымыз, партия Төрағасының өз сөзінде: «Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап, жастар мәселесі мемлекеттің басты назарында. Қазақстан – жастары жасампаздыққа ұмтылған елге айналды. Оларды жаңа заманда өмір сүруге үйрету – біздің міндетіміз. Білімді жастар – мемлекетіміздің жарқын болашағы», – деген сөздерінен жастарға артқан зор сенімін, ыстық ықыласын көреміз. 2019 жылдың «Жастар жылы» болып жариялануы да соның айқын айғағы. Бүгінде еліміз қарқынды даму үстінде. Осы қарқыннан таймас үшін ел тізгінін ұстайтын, көшті бастап, Елбасының сындарлы саясатын жалғастыратын тұлғаны таңдауымыз қажет.

Алда келе жатқан жауапты Президенттік сайлау азаматтық көзқарасымыз, ауызбірлігіміз бен берекеміздің сыналар кезі. Сол себепті, облысымыздың 500 мыңға жуық жастарына, тағдыршешті кезеңде сайлауға белсене атсалысып, өз таңдауын батыл жасауларына мүмкіндік беріледі деп санаймын» деп өз ойын білдірді. Осы орайда жетсулық жастардың партиялық жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты қолдау танытып, үлестерін қосып отырғанын да баяндай кетті. Жетісу мемлекеттік университетінің жастар орталығының өзінде бұл бағытта еріктілердің төрт тобы жұмыс атқарады екен. «Күш-жігер» еріктілер клубы «Ардагерлерді ардақтайық», «Бақытты отбасы» жобалары аясында қарт адамдарға көмектерін көрсетсе, «Сәтті қадам», «Еркін пікір», «Ағылшын тілін меңгерту» жобаларын «Rise Up» тобының еріктілері сәтті жүзеге асыруда. Сондай-ақ табиғатты қастерлеуге бағытталған «Аяла» еріктілер тобы да өз жұмысын ойдағыдай жүргізуде.

Конференция соңында Елбасы, Партия Төрағасының «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігі Жарғысының 8.3.1. тармақшасы негізінде кезектен тыс XІХ съезін шақыру» туралы қаулысына сәйкес 2019 жылдың 23 сәуірінде Нұр-Сұлтан қаласында өтетін партияның кезектен тыс XІХ съезіне Алматы облысынан делегаттар сайланды. «Nur Otan» партиясы Орталық аппаратының бекітілген квотасына сәйкес партияның кезектен тыс XІХ съезіне облыстан 45 делегат қатысады, оның ішінде 12-і партияның орталық аппаратынан ұсынылған тізім бойынша, қалғаны партия ардагерлері және қызметкерлері арасынан таңдалды.

Болат Абаған, Алматы облысы.

Бөлісу: