Қарағанды облысында делегаттар сайланды

277
0
Бөлісу:

Қарағандыда Nur Otan партиясы Қарағанды облыстық филиалының ХХХІІ конференциясы өтті. Онда 28 сәуірде өтетін партияның 19-кезектен тыс съезіне өңір атынан баратын 48 делегат анықталды. Олардың 11-і орталық тізім бойынша.

Конференция облыс әкімі Ерлан Қошановтың төрағалығымен өтті. Партия мүшелері алдағы кезектен тыс президенттік сайлау туралы өз ойларын білдірді. Серік Ақсұңқарұлының айтуынша, дұрыс әрі қажетті шешім қабылданды.

– Біз жарқын болашағымыз үшін дауыс береміз», – деді ақын.

Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Виталий Тварионас еліміз тәуелсіздік жылдарында бейбітшілік, тұрақтылық пен келісімнің арқасында көптеген жетістіктерге жеткенін атап өтті. Осы басты жетістіктер мен  құндылықтарды сақтап, келешек ұрпаққа беру маңызды.

– Партия үшін осы жылдың басты оқиғасы – ол кезектен тыс 19-съезд болмақ. Онда Nur Otan өз үміткерін ұсынады. Әрқайсымыз Тұңғыш Президент ұсынған реформалардың жалғасын тапқанын қалаймыз. Олар экономикалық, саяси және рухани модернизацияға бағытталған. Сол себепті қоғамның әр мүшесі алдағы сайлаудың болуына және оның тиісті деңгейде өтуіне өз үлесін қосуы тиіс,– дейді Виталий Тварионас.

Партияның Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова «Халыққа көмек» және «Бақытты отбасы» ұлттық жобаларын іске асырудағы партия жұмыстарын баяндады. Бірінші жоба өңір тұрғындарының маңызды мәселелерін, оның ішінде көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың мәселелерін шешуге көмектеседі. Осы мәселелер бойынша бүгінде өңір бойынша 10 мыңға жуық тұрғын хабарласқан.

«Бақытты отбасы» жобасы аясында жол картасы әзірленген. Онда көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың әл-ауқатын жоғарлатуға бағытталған, оларға жүйелі түрде көмек көрсету, құқықтық көмек көрсету, қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету бойынша шаралар енген.

– Бүгінде олардың көбісін тұрғын үй, атаулы әлеуметтік көмекті алу және жұмыссыздық мәселелері толғандырады. «Бақытты отбасы» жобасы бойныша біз жұмыс тобын құрдық, олар 237 көпбалалы отбасын қабылдады. Бұл жұмыстар ары қарай жалғасын табатын болады, – дейді Қадиша Оспанова.

 

Ләззат Қожахметова

Қарағанды облысы

Бөлісу: