Саиданың шығармашылық кеші

327
0
Бөлісу:

Кеше Конгресс-холдың «Астана» концерт залында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармония артисі,  Халықаралық байқаулардың жеңімпазы, музыка академигі, пианист және композитор Саида Қалықова шығармашылығының 20 жылдығына орай «Ырыс күнім» атты  концерті өтті.  

Саида Қалықова – пианинода еркін ойнайтын білікті музыкант. Италияда «Болашақ» бағдарламасы бойынша 3 жыл білім алған. Музыка академигі атанған. Қазақстаннан басқа, Ресей, Италия сияқты елдерде 80-ге жуық концерт берген. Алғашқы концертін 4-сыныпта өткізген. Енді «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» еніп, мемлекеттік стипендияның лауреаты болды. Бала күнінде көзіне жасалған операция Саиданы қос жанарынан айырған. Сол кезден бастап жігері жасымаған ол, музыка әлеміне қызығып, классикалық бағыттағы шығармаларды орындай бастаған. Міне, бүгінде оның шығармашылық жолына  – 20 жыл.

Бір қызығы Саида әр концертін, әрбір өнер көрсетуін ерекше әрі есте қаларлықтай етуге тырысады. Кеше де өзінің жеке концертіне сирек әрі күрделі орындалатын шығармаларды қосты. Оның орындауында ұлы неміс композиторы Людвиг Ван Бетховеннің музыкалық бояуға бай шығармаларының бірі 110 опус №31 сонатасы болды. Ал Клода Дебюссидің «Image», «Колокольный звон сквозь листву» шығармасы тұңғиығымен, көркемдігімен тыңдарманның жүрегін жаулады. Оған қоса, сүйікті композиторларының бірі Фредерик Шопеннің «Ноктюрн» шығармасын орындап, өз шеберлігін көрсетті.

Сонымен қатар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ерхат Нұрғалиев  кештің бас қонағы болды.   Кеште өнерлі музыкант өзі жазған «Самрұқ құс» шығармасын ойнап қана қоймай, флейта мен фортепианоға арналған «Туған жерім» шығармасымен көрерменді баурап алды. Ал ойнаған  «Асыл әжем» шығармасын өзінің әжесіне арнаған екен. Бұл шығарма тыңдармандардың жанын қозғап, жылылыққа толтырды.  Саида Қалықова шығармашылық кешінде шеберлігі мен дарындылығын айқын көрсетті. Бастысы, ол көрерменді тебірентіп салды.

Анар ҚОНЫС

Сурет: Советбек Мағзұмов

Бөлісу: