Пранк: жел қайық па, тұңғиық па?

327
0
Бөлісу:

Бала кезден әкемнің «Құрдастар қалжыңы» сериясымен жасалған түрлі қызық оқиғаларына қанық болып өстім. Күлкіге қарық қылатыны да, қабылдауға қиыны да толып жатыр. Одан қала берді өзіміз де лагерьде ұйықтап жатқан құрбымыздың бетіне тіс пастасын жағып кететінбіз. Бұл ойынға әркімнің көрсететін эмоциясы да әртүрлі еді. Қарап отырсақ, бүгінгінің пранк дегенінің түп атасы осы екен. Бірақ қазір соңы қайғылы жағдайға апарғандары көбейіп келеді. Бұл тренд туралы не білесіз?

Әлқиссасына ауылдағы ағайынның әзіл-қалжыңын келтірейін. Бір-бірін үнемі қағытып жүретін қос көрші кезекті рет ойынға кіріспек болыпты. Қора жақта жүрген көршісіне барып, «Қаладағы Ерекеңдер ауылға келе жатыр екен. Сіздің үйге түсетін болыпты. Саған қой сойып, дайын отырсын деді» деп кетіп қалыпты. Қонақ дегенде астындағы тайын соятын қазақтың баласы барынша дайындалыпты. Дүкеннен азық-түлікті молынан алдырып, сақадай сай дайын отырған деседі. Кеш батып, түн болады. Келетін қонақтың түрі жоқ. Бір кезде көршісі «Мына үй қонақ күтіп отыр деп естідік. Ет дайын ба?» деп кіріп келіпті. Көршісі алданғанын дереу түсініп, жаюлы тұрған дастарқанның төріне отырғызыпты. Ішінен «Қап, бәлем. Көр де тұр. Өзіңді де солай алдамасам, атым құрысын» депті. Күн артынан күн өтіпті. Содан алданған көрші қарымтасын қайтару үшін көршісінің үйіне бүрге қаптатқан екен. Үйді тазалау үшін біраз уақыт керек болып, ақыры жеңгей екеуі бүргеге таланбай, қалада тұра тұруға бел буыпты. Алғашқыда үйдегі мысықтан көріп, кейіннен көршісінің айласы екенін ұғып, есепті теңестірген көршісімен қол алысқан екен.
Мұндай мысалдарды ауылдағы айтқыштар миллиондап айта беруге бар. Құрдастар арасындағы қатыгез қалжыңдарды да құлақ есіткен. Екі құрдастың мына оқиғасын да баяндап берейін. Көршілер бір-бірінің не істеп жатқанын көріп қойғыш келеді. Қараса, құрдасы мал жайлауға шығып жатыр екен. Ісіне енді кіріскенін біліп, үйге әзір кірмейтінін есептейді. Сөйтіп, түрі бұзылып, суыт хабарды естіртетін адамның кейпіне еніп, үйге кіріп барады. Дереу құрдасының келіншегіне «Өз-өзіңе бекем бол. Мәкеңнен айырылып қалдық. Жаңа мал жайлауға шыққанда құдыққа түсіп кетіпті. Содан денесі үсіп қалыпты» деп жеткізеді. Әлбетте, дәстүрге сай ақырын жеткізсе керек, мәні осы сөздерге саяды. Солқ түсіп, келіншегі отыра кетіпті. Жұбатып, өмірдің жалғасатынын айтып, одан әрмен қыздырыпты. Сөйтіп тұрғанда есіктен күйеуі кіріп келіпті. Құдды әруақ көргендей, көзіне сенер-сенбесін білмей, біраз абдырған деседі. Кейін барып құрдастардың қалжыңы екенін түсініпті. Бұдан кейін қарымтаның талай қайтқаны да анық.
Осы тектес оқиғаларды естігенде «бүгінгінің адамдары мұндайға шыдамас. Қалжың көтеретіндердің соңғы тұяғы сіздер шығарсыздар» деп отыратынмын. Өйткені қазіргі кезде көпшіліктің жүйкесі жұқарған, әзіл көтеруге шыдамайды. Дегенмен таныс әлде бейтанысты ыңғайсыз жағдайға қалдырып қана қоймай, сол сәтті таспаға түсіріп, дыбысын жазып, желіге жүктейтіндер көбейді. Мұны қазіргі тілмен «пранк» деп атайды. Осы арқылы үлкен табысқа кенеліп жатқандар да баршылық. Ендеше, елдегі және әлемдегі пранк туралы біршама ақпарат бере кетейік.
Естеріңізде болса, осыдан бірнеше жыл бұрын отандық арналардың бірінде «Мәссаған» ойын-сауық бағдарламасы эфирден беріліп жүрді. Танымал әзілкештер өздері сценарий жазып, өздері жүргізді. Рейтингі де жоғары еді. Сол бағдарламаның «Мәссаған, мен алдандым» деген бөлімі тіптен қызық болатын. Айтпақшы, ҚызықTimes бағдарламасында да аракідік осы айдар жарық көріп тұрады. Мәні мынадай, танымал адамдарды алдау операциясы құрастырылады. Мәселен, Айгүл Иманбаеваның құрбысын алып қашқаны, Есен Елеукенге белгісіз бір жігіттің тапанша кезеуі, Ерке Есмаханның алғашқы фильмі шығатын кезде прокаттан алып тастадық деп естіртуі секілді түрлі оқиғалар бар. Бұл
да –­ пранктің бір түрі. Оқыс жағдайда әртүрлі эмоцияға куә боламыз. Шынайы бет-бейне көрінетіндіктен, бұл бағдарламаны тамашалаушылар саны көп. Он жылға жуық уақыттан бері алдау операциясын жасап келе жатқан авторлар әлі де жалғастырып келеді.
Youtube желісінде пранктың түр-түрі бар. Ішінде естісінен есері көп. Олай дейтініміз, қазақстандық сегменттің өзінде боқтық сөз бен ерсі қылыққа толы роликтер жетіп артылады. Сонымен бірге, адам жүйкесіне, денсаулығына әсер ететіндері де баршылық. Айталық, белгілі вайнерлер Zheka Fatbelly мен Ратбекті Қапшағайда өтетін жабық кешке шақыратын пранк бар. Телефон арқылы келісім жасалып, белгіленген уақытта қос блогерді машина алып кететін болады. Әдетте Қапшағай тасжолында түн ішінде елес кезіп жүретіні туралы халық арасында сөз бар. Соны пранкты ұйымдастырушылар негізге алып, барлық үтір-нүктесіне дейін талқылап, оқиғаны қолдан жасайды. Машина бұзылып, бір кезде елес шығып, шыққанымен қоймай машинаның ішіне кіруге ұмтылады. Жека мен Ратбектің көздері шарадай болып, ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Әлбетте, қарсы алдынан елес шықса, кім-кімнің де жағдайы мәз бола қоймас. Қатты қорқып, дірілдеп, біраз уақыт өз-өздеріне келе алмай қояды. Осы ұйымдастырушы топ одан кейін қырғызстандық блогер қызды балгерге апарып, басын айналдырады. Сол сияқты алып қашу операциясын да жүргізеді. Енді бірде бір қызды көптен бері аңдып, қыр соңынан қалмай жүрген жігіттің рөлін сомдатады. Осылайша, психикалық тұрғыда қысым жасалады.
Есер пранктарын жасау арқылы миллиондаған қаралым жинап жүрген қазақ таксист белгілі. Жанына жолаушы қылып бір қызды отырғызып алады да, ойына келгенін істейді. Бірде қақырып, бірде түкіріп, бірде боқтайды. Ол аз болғандай, қыздардың ұятты жерлеріне қол жүгіртіп, намысына тиетін сөздер айтады. Жақында Алматы әуежайында қауіпсіздік қызметкерлерін күлкіге қалдыруға тырысқан бірнеше адам ұсталды. Олар жол жүктің ішіне адам салып, өткізбекші болған. 25 келіден асып кеткендіктен, әуежай қызметкерлері үстіне қосымша ақы төлеуді немесе жүкті бөлуді ұсынады. Кассаның жанына сөмкесін қоя бергенде жол жүктен адамның қолы көрінеді. Мұны байқап қалған қызметкерлер дереу шара қолданады. Видеоға түсіргенімен, желіге жариялай алмаған. Олардың айтуынша, бар болғаны хайп үшін істеуге бел буған. Күлкі үшін жасалған қадамдары үшін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабына сәйкес, 20 АЕК көлемінде айыппұл төлеп немесе 20 тәулікке дейін бас бостандығынан айырылады. WhatsApp желісінде аудиолар жиі тарайды. Солардың ішінде call-орталықтардың операторларымен әңгіме көп жария болады. Іші пысып отырған адам операторға хабарласып, жүйкесіне тиеді. Мұны да бүгінде пранктың бір түріне жатқызады. Көлденең келген көк аттыға қолайсыз қылық жасатқанның салдары кейде пранкердің өзіне кері әсер береді. Мысалы, эскалатормен төмен түсіп келе жатқан жігіт көтеріліп бара жатқан қыздардың қолынан ұстайтыны бар. Солай жасаймын деп, әлгі қыздың сүйіктісінен оңбай таяқ жейді.
Есті пранктердің адамдар үшін пайдасы мол немесе жағымды эмоция сыйлайды. Мысалы соңғы кезде «пранк-журналистика» деген шықты. Яғни, маңызды әрі құпия ақпаратты тауып алып, тұрғындар назарына ұсынатындар бар. Кейбір пранкерлер әлеуметтік мәселені көтеріп, қоғамның назарына ұсынады. Сол сияқты «Мейірімді жүрек» сынды акциялар жасайтындар бар. Яғни, ойламаған жерден құрбыңызға «Мейірімді жүрек» десеңіз, ол дереу сол маңда жүргендерге көмек беруі тиіс. Айталық, дүкеннен бауырсақ, самса сатып алып, айналадағы адамдарға таратады. Болмаса, көшедегі тазалықшыларға көмектесіп, қоқыс жинап, сыпырып қол ұшын береді. Халықаралық орамал күні қарсаңында бір топ мұсылман қыздар кездескен нәзік жандыларға орамал тағып көруге ұсыныс білдіреді. Өздері әдемілеп тағып беріп, айнаға қаратады. Нәтижесінде, қатысқандардың көбі өздерін бұрынғыдан бетер сұлу сезінгенін айтып жатты. Бұл пранктың мақсаты – орамалға деген негативті азайту. Діттеген мақсат орындалған да сыңайлы. Осы сынды мысалдар жетіп артылады. Күн сайын жаңа түрлері жарық көріп жатыр. Сіз көрген қандай қызық пранк бар?

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу: