Жобаларды жандандырады

2019 жылдың 9 маусымы күні өтетін сайлауға байланысты Nur Otan партиясының жарғысына сәйкес, партияның кезектен тыс съезіне делегаттарды сайлау үшін бастауыш партия ұйымдарының жиыны еліміздің әр аймағында жалғасуда. Сондай шараның бірі Nur Otan партиясы ШҚО Ұлан аудандық филиалында өтті.
Конференцияға мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің, партиялық бақылау комиссиясының, аудандық депутаттық фракциясының жетекшілері, «Жас Отан» Жастар қанатының мүшелері, мекеме басшылары, қоғамдық бірлестіктер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиында партия бастамасымен қолға алынған «Бақытты отбасы, «Құтты мекен», «Халыққа көмек» және «Ауыл – ел бесігі» жобаларын түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Nur Otan партиясы Ұлан аудандық филиалының төрағасы Нұрымбет Сақтағанов ұлттық жобалардың өміршеңдігі мен әлеуметтік маңызы туралы айтты.
– Елбасы Н.Назарбаев көрегендігі мен көпжылдық тәжірибесін Отанымыздың жарқын болашағы үшін жұмсап, ел игілігін еселеу жолында ерен еңбек атқаруда. Nur Otan партиясының кезекті ХVIII съезінде жариялаған «Бақытты отбасы», «Халыққа көмек», «Құтты мекен», «Ауыл – ел бесігі» жалпыұлттық жобалары – осының айқын сипаты. Елімізде жүргізіліп отырған мемлекеттік саясат пен Nur Otan партиясы бағдарламасының басты мақсаты бір, ол – халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту, әл-ауқатын арттыру. Бірлесіп атқарған жұмыстардың нәтижесінде Қазақстан әлемнің озық 30 мемлекетінің қатарына кіру мұратын уақытынан бұрын орындайды деп сенемін, – деді Н.Аманұлы.
Жиын соңында облыстық партия филиалы конференциясына делегаттар сайланды.
Абылайхан ЖҰМАШ