Илья Ильин Азия чемпионаты қарсаңында жаңа бапкермен жаттығуға кірісті (видео)

354
0
Бөлісу:

Қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин екі күннен кейін басталатын Азия чемпионатындағы мүмкіндігі жайлы айтты. Спортшы қазір жас бапкер Антон Моисеевпен бірге жаттығып жүр.

Бұл туралы спортшы Sports True бағдарламасында айтқан.

«Антон бұрын спортшы болған. Спорт шебері. Жас, болашағы бар бапкер. Оның тәсілдері менің көңілімнен шықты. Онымен жұмыс істеген ұнайды. Менің мүмкіндігімді, кемшілігімді, өзімді қалай сезінетінімді бәрін біледі» дейді Илья.

Оның айтуынша, омыртқасы ауырып әлем чемпионаты мен Катардағы лицензиялық турнирге қатыса алмай қалған Илья қазір өзін әлдеқайда жақсы сезінеді екен.

«Қазір жаттығуымды аздап өзгерттім. Қалпыма келу процесі жылдам әрі сапалы жүріп жатыр. Бапкерім тәртіпті қадағалап, жаттығуымды орнатып, дайындық жоспарымды жасап, диетама мән береді. Қысқасы, жалғыз емеспін. Толықтай бір командам бар» дейді ол.

Спортшы осы жолы Азия чемпионатына қатысатынын айтты.

«Иә, мен үнемі жеңіске жеттім. Дегенмен дәл қазір Олимпиада ойындары туралы ғана ойлау керек. Сондықтан жарысқа қатысып, қажетті ұпайды жинап, әрі қарай әлем чемпионатына, басқа да сайыстарға көз салу керек. Сондықтан осы жолы қандай да бір рекорд болады деп айта алмаймын» деді Илья Ильин.

Еске салсақ, Азия чемпионаты Қытайдың Нинбо қаласында 18-28 сәуір аралығында өтеді. Ильин 96 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түспек.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: