Порошенко мен Зеленский тікелей эфирде сөзге келіп қалды (видео)

589
0
Бөлісу:

Украинадағы президент сайлауының екінші туры қарсаңында кандидаттар Петр Порошенко мен Владимир Зеленский 1+1 телеарнасының эфирінде бір-бірімен сөзге келіп қалды.

Петр Порошенко телеарна ұсынысын қабыл алып студияға келген. Алайда оның қарсыласы Владимир Зеленский бұл жолы төбе көрсеткен жоқ. Журналистер Зеленскийге телефон арқылы хабарласып, сөйлесу мүмкіндігіне ие болған. Сөйлесу барысында шоумен өзінің қазір Францияда жүргенін айтады.

Журналистен кейін сөз алған Порошенко қарсыласымен теледебат жайында сөз қозғап, оны 14 сәуір күніне кездесуге шақырған. Алайда Зеленский Порошенконы 14-і емес, 19 сәуір күні «Олимпийский» стадионында күтетінін айтқан. Порошенко өз дегенінен қайтпай Зеленскийге талап қоя бастайды.

«Владимир Александрович, мен бүгін сізді дебатқа шақырдым. Егер сіз қазір Киевтен тысқары жерде болсаңыз мен оны түсіністікпен қабылдаймын. Және сіздің командаңызға 14 сәуір күні стадионда кездесу туралы айтылған. Ертең сіздің Киевке оралуыңызға мүмкіндік бар» дейді Порошенко.

«Президент Петр Алексеевич Порошенко мырза менің дәл қазір Парижде екенімді жақсы біледі. Өйткені Украина қауіпсіздік қызметінің автомобилдері мені әуежайға шығарып салды. Бұл ақпарат сізге мәлім. Ертең сағат 15:00-ге Франция президентімен кездесу белгіленген. Сондықтан студияға келудің еш ыңғайы жоқ. Дебатқа келетін болсақ, мен Порошенко мырзаны 19 сәуір күні «Олимпийский» стадионына шақырған болатынмын. Ол «стадион болса стадион болсын» деп келісті және бұл шартты қабыл алды. Демек, 19 сәуір күні мен сізді «Олимпийский» стадионында күтемін. Нүкте. Сау болыңыз» деп тұтқаны тастай салған.

Еске салсақ, Украинадағы президент сайлауының екінші туры 21 сәуірде өтеді. Бірінші турдың қорытындысы бойынша Зеленский сайлаушылардың 30,24 пайыз дауысын жинаса, Порошенко 15,95 пайыз дауыс жинап, екінші орын алды. Енді мемлекет басшысының кім болатыны екінші турдан кейін анықталмақ.

Абай Қазбекұлы 

Бөлісу: