Владимир Зеленский Франция президенті Макронмен кездесті (видео)

424
0
Бөлісу:

Украина президенттігіне кандидат Владимир Зеленский Франция президенті Эммануэль Макронмен кездесті.

Франция президенті Зеленскийді Елисей сарайында қабылдаған. «Макрон мырзамен кездесу жақсы әсер етті» деген Зеленский кездесуге көңілі толғанын айтыпты.

Оқи отырыңыз – ВЛАДИМИР ЗЕЛЕНСКИЙ: ЕГЕР БІЗ ЖЕҢЕТІН БОЛСАҚ – БҰЛ ҚЫРЫМДЫ ҚАЙТАРЫП АЛУҒА ДЕГЕН АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ БОЛМАҚ

Бұдан кейін Украинаның қазіргі президенті, кандидат Петр Порошенко да Франция басшысымен кездесу өткізді. Олардың да кездесуі Елисей сарайында өтті.

Бұл туралы Порошенко өзінің Твиттердегі парақшасында да жазды. «Украинаның адал досы Эммануэль Макронмен кездескеніме қуаныштымын» деп жазды ол.

Оқи отырыңыз – УКРАИНА ПРЕЗИДЕНТТІГІНЕ БАСТЫ ҮМІТКЕРЛЕР ӨЗ ТАҢДАУЛАРЫН ЖАСАДЫ. ОЛАР НЕ АЙТТЫ? (ВИДЕО)

Макронның баспасөз қызметі президенттің украиналық саясаткерлермен нақты не жөнінде әңгімелескенін ашып жария етпеді. Тек екі жақты қарым-қатынас, Норманд келісімі аясындағы ынтымақтастық талқыланады деп қана көрсетілген. Ал Зеленскийдің штабы кездесудің болғанын нақтылаған. Дегенмен не мәселелер көтерілгенін жарияламаған.

Сарапшылардың айтуынша, Порошенко мен Зеленскийдің Еуропаға сапары олардың сайлау алды кампаниясына байланысты болып отыр.

Еске салсақ, Украинадағы президент сайлауының екінші туры 21 сәуірде өтеді. Бірінші турдың қорытындысы бойынша Зеленский сайлаушылардың 30,24 пайыз дауысын жинаса, Порошенко 15,95 пайыз дауыс жинап, екінші орын алды. Енді мемлекет басшысының кім болатыны екінші турдан кейін анықталмақ.

Абай Қазбекұлы

Бөлісу: