АССАМБЛЕЯ ҮНДЕУ ҚАБЫЛДАДЫ

415
0
Бөлісу:

Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары – Президент әкімшілігі ҚХА хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен ҚХА кеңесінің Президенттің кезектен тыс сайлауына арналған кеңейтілген отырысы өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 9 маусымында Қазақстан Президентінің кезектен тыс сай­лауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл – өте маңызды, еліміздің да­муына қажетті қадам. Қазақ­станның Тұңғыш Президенті – Елбасының арқа­сында тәуелсіздігіміз нығайды. Бүкіл әлем Қазақстанды экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты мемлекет ретінде мойындайды. Өткен айда болған жоғары билікті ауыстыру заңды және бейбіт жолмен өтті. Алдағы сайлау еліміздің тұрақтылығын нығайтуға, әлеуметтік-экономикалық жаңғыруды лайықты жүзеге асыруға ықпал ететіні айғақ. Бұл еліміздің келешегі үшін қажетті сайлау болмақ. Президент Тоқаев айтқандай, еліміздің келешегі, әр отбасы мен әр азаматтың тағдыры қазақстан­дықтардың шешіміне тікелей байланысты. Сондықтан Қазақстан халқы ассамблеясы осы маңызды шешімге қатысты өз ұста­нымын жеткізіп, қолдау көрсеткені жөн деп санаймын, – деді Жан­сейіт Түймебаев жиынды ашқан сөзінде.
Кеңес отырысында сөз алған ҚХА Төра­ғасының орынбасары, Lituanica қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Виталий Тварио­настың айтуынша, енді бүкіл ішкі саяси процестің барлық сатысы нақты белгіленді.
– Президент сайлауы, бір жағынан, ел дамуының түйінді мәселелері бойынша жаңа қоғамдық пәтуаластықты тұжырым­дауға, екінші жағынан қоғамға мүмкін болатын, ең озықтарын жаңадан сайланған Президент ескеретін балама шешімдердің барлық спектрін көрсетуге мүмкіндік береді, – деді.
ҚХА Ғылыми-сапаршылық кеңесі­нің мүшесі, профессор Әділ Ахметов сайлау қарсаңында әлеуметтік желіге назар аударудың қажетін атап өтті.
– Үкімет, Ассамблея және Президент әкімшілігі жанынан әлеуметтік желілерді күнделікті зерттеп отыратын бөлімдер ашылса, өйткені халықпен жұмыс істеудің нағыз тетігі – осы, – дейді ғалым.
Оның айтуынша, Президент Қ.Тоқаев­тың Үндеуінде сайлаудың ашық әрі заңға сәйкес өтетініне кепілдік беруі жай айтыл­ған сөз емес.
– Қасым-Жомарт Кемелұлының ха­лықа­ралық аренада салмағы барын, БҰҰ-ның Женевадаға кеңсесінде қызмет істе­генін бәріміз жақсы білеміз. Халықа­ралық қауымдастық Тұңғыш Президентті де, іс басындағы Президентті де жақсы біледі. Күні кешегі Ресейге жасаған мем­лекеттік сапарында екі ел Президенттері қатысқан жиынға Ресейдің элитасы тайлы-таяғымен келіп, қолдау көрсетті. Халық арасында уақытша Президент қой деген алып-қашпа сөздерге нүкте қою үшін осы сайлаудың өткенін біз қолдаймыз, себебі, билік нық отырып, нық сөйлеуі керек, – деді Ә.Ахметов.
ҚХА кеңесінің отырысына Ассамблея мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктер төрағалары, қоғамдық келісім, аналар кеңестері, ғылыми-сараптамалық кеңес, кәсіпкерлер қауымдастығы, ҚХА жанындағы «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы, ғылыми және шығармашылық ұйым өкілдері қатысты.

Отырыс соңында Ассамблея кеңесі сайлаушыларға үндеу қабылдады. Үндеуде «Біз болашақ ұрпақ алдындағы жауапкер­шілігімізді түсіне отырып, халық пен елдің биік мүдделеріне сүйеніп, өзіміздің азамат­тық және патриоттық парызымызды ­орын­дай отырып, Қазақстан Пре­зиденті­нің кезектен тыс сайлауы өткі­зілуін қолдаймыз. Барша қазақстандықты Қа­зақстан халқының игілігі мен өркендеуі жолында, болашақ ұрпақ үшін жасалып отырған бірден бір дұрыс таңдау ретінде, осы шешімді  қолдауға шақырамыз!» деген жолдар бар.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу: