«СЫҒАНАҚ» САН СОҚТЫРДЫ

481
0
Бөлісу:

Еліміздің түкпір-түк­пі­рі­нен қасиетті Түркістанға жиналған 130 журналист теңбіл доп додасына қатыс­ты. Түркістан қала­сын­да шағын футбол­дан БАҚ өкілдері арасында «Жаңарған Түркістан» рес­пуб­ликалық турнирі өтті. Тартысты өткен дүбірлі турнир аясында қаламгер­лер Түркістан облысының киелі орындарын аралап, бабалар басына  тәу етті. Сондай-ақ олар облыс мақ­­та­нышына айналған ірі ауылшаруа­шылық кәсіп­орын­дарына да барып, он­да­ғы жұмыстар­мен танысты.  

Жарысты Түркістан облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды. Турнир «Астана» спорт кешенінде өтті. Түркістан төрінде тұңғыш рет ұйымдасты­рыл­ған додаға Нұр-Сұлтан, Алма­ты, Шымкент қалалары мен БҚО, Жамбыл, Қызылорда, Алматы, СҚО және Түркістан облысынан 13 команда қатысты.
Қаламы қарымды журналистер облыстағы ауылшаруашылық нысандарына барды: Ордабасы ауданындағы «Александровский сад» ЖШС мен «Бөрте-милка» сүт тауарлы фермасының жұмысымен жете танысты. Баспасөз туры аясында қонақтар Түркістанда өткен даңқты боксшы Бекзат Саттарха­нов атындағы бокстан халық­аралық турнирдің ақтық мәресіне де көрермен болып қатысты.
«Астана» спорт кешенінде теңбіл доптан турнир басталды. Доданың ашылуында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Шәмшиддин Пәттеев спорттық шараның дайындығы мен ұйым­дасты­рылуы жақсы деңгейде екенін айта келіп:
– Турнир тамаша ұйымдасты­рылған. Негізінде мұндай шара­лар­­дың нәтижесі – журналис­тер­дің бірін-бірі жақын та­нуы­­на үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар шығармашылық бәсеке­лес­тікті де арттырады», – деді.
Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсенбай Тәжібаев бүгінде әлем назары ауып отырған Түркістанды түлету мақсатында киелі шаһарда ірі құрылыстар мен өзге де бағыттағы жұмыстар қарқынды жүріп жатқанын жеткізді. Ол, сондай-ақ ұйымдастырылып отыр­ған республикалық спорттық шаралар Түркістанның танымал­ды­ғын елімізге және өзгелерге таныстыра түсуге зор үлес қо­сатынына сенім білдірді және турнирдің мақсатымен таныс­тыр­ды.


– Одан бөлек үздік ойын өрнегін көрсеткен спортшыларға да арнайы жүлделер бар. Мәселен, үздік қақпашы, үздік шабуыл­даушы деген. Сонымен қатар Түркістан топырағында туып-өскен спортшылардың атындағы арнайы жүлделер де тағайындап отырмыз, – деген Бейсенбай Тәжі­баев спортшы қауымға сәтті­лік тілеп, әділ де қызықты ойын өтетініне сенім білдірді.
Екі күнге жалғасқан доп дода­сы тартысты өтті. Өйткені турнир­ге журналистер қауымы сақадай сай дайындықпен келіпті.
Тартысты басталған ойындар нәтижесінде, жартылай финалға Алматы құрамасы, Taraz-Press (Жамбыл), «Хабар» (Нұр-Сұлтан) және «Сығанақ» (Қызы­лор­да облысы) командала­ры шықты. Екі кездесу де тең аяқта­лып, жеңімпаздар тек ойын соңын­дағы пенальтилер сериясы арқылы анықталды. «Сығанақ» командасы алматылықтарды қапы қалдырса, жамбылдықтар «Хабар­дан» басым түсті.
Үшінші орын үшін болған бә­се­­кеде Жанарбек Әшімжан бас­та­ған Алматының жігіттері «Хабар» агенттігінің осал тұсын тапты.
Финалда «Сығанақ» пен Taraz-Press кездесті. Бұл матчта негіз­гі уақыт тең аяқталды. Ойын соңын­дағы пенальтиде бағы басым түскен «Сығанақ» коман­дасы «Жаңарған Түркістан» рес­публикалық турнирінің чемпионы атанды.
Жеңімпаз бен жүлдегерлерді Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсен­бай Тәжібаев марапаттады. Оза шапқан «Сығанақ» (Қызылор­да облысы) командасы кубокпен, медаль­дармен және 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталды. Екінші орынды жеңіп алған Taraz-Press – 300 мың, ал қола жүлдегер атанған Алматы құра­масы 150 мың теңгеге ие болды.
Турнирдің «Үздік ойыншысы» сыйлығымен белгілі спорт журна­лисі, Алматы қаласының өкілі Жандос Айтбайұлы марапатталса, «Хабар» агенттігінің капитаны Нұрсұлтан Құрман үздік шабуыл­шы деп танылды. Жастармен тең дәрежеде ойнап, шеберлігін паш еткен Шоқан Маханов (Алма­­ты) үздік қақпашы атанса, турнирдің «Үздік қорғаушысы» сыйлығымен Алматы облысынан келген Рүстем Қанапиянов мара­пат­талды.
«Жаңарған Түркістан» дода­сын­да ардагер ойыншы атанған «Орал өңірі» газетінің бас редак­торы Бауыржан Ғұбайдуллинге (БҚО) Октябрь Жарылғапов атындағы сыйлық тапсырылды. Әбдісалан Нұрмаханов атындағы сыйлыққа «Солтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Ербақыт Амантай (СҚО) лайық деп таныл­ды. Көрермен көзайымына айнала білген «Қазақ спорты» газетінің журналисі Бек Төлеуге Бекзат Саттарханов атындағы арнайы жүлде тапсырылды.
«Жаңарған Түркістан» республи­калық турниріне қаты­су­шы­лар қонақжай Түр­кістан жұрт­шы­лы­ғына риза­шы­лық­тарын білдіріп, қасиетті ша­һар­дан көтерің­кі көңіл күймен аттанды.
Ойынды тамашалауға келген аға буын журналистер мен түрлі сала өкілдері мұндай шаралар қалам иелеріне зор шабыт береді деп бағалады.

Тельман БЕЙСЕН,
Түркістан облысы

Бөлісу: