Сақтанбаған егіншінің сағы сынар

426
0
Бөлісу:

Жыл сайын көктем келе Қазақстанда «астық үшін күрес» басталады. Көктемгі дән себу сүрлігісін, жаз бойғы қарбалас күтімді, күзгі қызу орақ науқанын қамтитын бұл күрес диқандардың бәрі үшін жеңіспен аяқтала бермейді. Аспаннан тамшы тамбай, егіннің қуаңшылықтан қурауы, шегірткенің жалмауы, астықтың бұршақ не қар астында қалуы жиі кездесіп жатыр.

Бұл ретте «сақтансаң, сақ­таймын» деп келетін халық да­на­лығы қажетке жарамақ. Ресми мә­лімет бойынша, АҚШ пен Ка­надада егіс алқаптарының ша­ма­мен 85%-ы сақтандырылады. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш ал­қап­тардың жартысын да қам­тымайды. Сарапшылардың ай­туынша, отан­дық егіншілердің басым көпшілігі қосымша шығын шығарып, егісті сақтандыруды басы артық шаруа санайды, ал төтенше жағдайларда ақпарат құралдары арқылы дабыл қағып, мемлекеттен көмек дәме­теді. Бі­рақ мемлекеттің олардың бәріне бірдей көмектесуге қар­жысы жетпейді.
Өз кезегінде аграршылардың ынта-ықыласын байқамаған соң, қазақстандық сақтандырушылар да агросақтандыруды дамытуға асықпай отыр. Қазіргі кезде рес­публикада бұл секторда небәрі екі компания ғана жұмыс істейді. Саланың көрсеткіштері болса, жыл өткен сайын құлдырауда.
Бүкіл аумағының 58%-дайы шөл және шөлейт жерлерге жа­татын Қазақстанда ауыл шаруа­шылығы жаз маусымында қуаң­шылыққа бейім тұрады. АШМ Инвестициялық саясат депар­таменті директорының орын­басары Азамат Хамиев агросақ­тандыруды ілгерілету қажеттілігін айтады.
Әйтпесе, отандық осы сектор дамуда кенже қалған салалардың бірі саналады әрі оның қазіргі жай-күйі нашар. Бұл нарықта тек екі сақтандыру компаниясы – «Халық» (Қазақстан халық бан­кінің еншілес кәсіпорны) және «Астық сақтандыру компаниясы» АҚ ғана жұмыс атқаруда. Бас­қалары бұл бағытқа қызығушылық білдірмеуде.
А.Хамиевтің байламынша, сақтандырушылардың осы іске еш іңкәрлік пен ықтияр таныт­пауына сақтандыру төлемдерінің аздығы және сақтандыру жағ­дайын анықтаудың күрделілігі себепкер.
2018 жылы өсімдік шаруа­шылығын міндетті сақтандыру бағытына келіп түскен сақтандыру сыйақыларының көлемі 23 па­йызға, ал төленген төлемдер – бірден 61,4 пайызға құлады. Нақ­тырақ тоқталсақ, 2018 жылы жи­налған сақтандыру сыйақы­ла­ры­ның көлемі небәрі 299,2 миллион теңгені құраған. Бұл алдыңғы жылғыдан 23,4%-ға кем: 2017 жы­лы 390,6 миллион теңге болған. Айтқандай, 2013-2014 жылдары бұл көрсеткіш жарты миллиард теңгеге жуықтайтын.
Сақтандырушылар егін­ші­лер­ге былтыр бар-жоғы 29,6 миллион теңге ғана төлеген. Бұл бір жыл бұрынғыдан 61,4 пайызға аз:
2017 жылы 76,6 миллион теңге сақтан­дыру төлемі беріліпті.
Сақтандыру төлемдерінің ең көп төленуі 2014 жылға тиесілі: сонда сақтандырылған аграр­шыларға 1 миллиард 65,8 миллион теңге төлем төленген екен. Ал 2014 жылы Қазақстанның біраз өңірін қуаңшылық жайлағаны белгілі.
Ұлттық банктің дерегінше, 2019 жылғы қаңтар-ақпан ай­ларының қорытындысы бойынша өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру сыйақылары бо­йын­ша керісінше, 13,5 миллион теңге «теріс көрсеткіш», шығын тір­ке­луде. Бұған сыйақылардың кері қайтарылуы да себеп болуы мүмкін.
Салыстыру үшін айтсақ, жо­ғарыда аттары аталған екі ком­панияға 2014 жылғы қаңтар-ақпанда 1,4 млн теңге сақтандыру сыйақысы түскен-тін. 2017 жылғы ұқсас кезеңде бұл көрсеткіш не­бәрі 0,8 млн теңге, 2018 жылғы бастапқы екі айда 0,1 млн теңге ғана болды. Ал биылғы қаңтар-ақпанда әлгінде айтылғандай «-13,5 млн теңге» көрсеткіші тіркелуде.
Қазір ел Үкіметі бұл саланы жандандыруға, құздан суырып алуға күш салуда. Осы мақсатта «Кейбір заңнамалық актілерге агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңының жобасы әзірленді. Өткен аптада, 27 наурыз күнгі жалпы оты­рыста Мәжіліс бірінші оқы­лымда мақұлдаған бұл құжатқа сәйкес, аграршыларға қаржы­ландырудың қолжетімділігін арттыру көзделіп отыр.
– Бұл үшін заң жобасы ая­сын­да қолданыстағы қаржы құ­рал­дарын жетілдіру және жаңаларын енгізу қарастырылады. Соның ішінде ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйесі түбегейлі өз­гертіледі: міндетті сақтандырудан ерікті сақтандыруға көшу, сақ­тандыру төлемдерін субсидия­лаудан – сақтандыру сыйақы­ларын субсидиялауға ауысу жүзеге асырылады. Сақтандырудың қа­зіргі қолданыстағы тетігі саладағы тәуекелдерді басқарудың лайықты деңгейін қамтамасыз етпей тұр. Егіс алаңдарының тіпті жартысы да сақтандырумен қамтылмайды: 2018 жылы бар-жоғы 43 пайызы ғана сақтандырылды, – дейді Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.
Оның дерегінше, осы сақтан­дырудың 70%-ы өзара сақтандыру қоғамдарына тиесілі болуда.
– Оларға қатысты тиісті ба­қылау жоқ, салдарынан бұл олар­да тарифтерді белгілеу, сақ­тан­дыру сыйақыларын жинау, сақ­тан­дыру төлемдерін төлеу және басқасы бойынша заң бұзушы­лықтарға әкеліп соқтырады. Сақтандырудың міндетті түр­ле­рінің теріс тәжірибесін ескере отырып, ерікті сақтандыруға кө­шу туралы шешім қабылданды. Ал сақтандыру төлемдерін суб­сидиялаудан сақтандыру сыйа­қыларын субсидиялауға көшу – агроөнеркәсіптік кешен субъек­тілері үшін сақтандыруға қол­жетімділікті арттырады. Өйткені аграршылар екінші деңгейлі банк­терден қарыз алу кезінде сақ­тандыру полисін қосымша ке­піл­дік ретінде пайдалана алады, – дейді АШМ басшысы.
Агросақтандырудың дамуына басты кедергілердің бірі – шы­ғындарды бағалаудың қиындығы болып отыр. Расында, өгізді де өл­тірмейтін, арбаны да сындыр­майтын, яғни, егіншілерді де қанағаттандыратын, сақтандыру компаниясын да белшеден шы­ғынға батырмайтын төлемнің болуы аса маңызды. Бұл ретте Қа­зақстанға «дөңгелекті» қай­тадан ойлап табудың қажеті жоқ. Дамыған елдерде есептеулер мен шығынды бағалаудағы мәсе­ле­лер­дің көбі «параметрлік сақтан­ды­ру» көмегімен шешіледі. Сақ­тандырудың бұл түрі арнайы индекстер негізінде аграршының жоғалтқан табысын өтейді.
Экономика ғылымдарының докторы, БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының өкілі Евгения Серованың тү­сіндіруінше, бұл ретте астықтың орташа шығымдылығы, ауа райы, шаруашылықтың табысы, веге­тация және басқа да индекстер есепке алынады. Сонымен қатар нақты бір шекті мәндер белгі­ле­неді: жай-күйі сол шектерге жет­кен барлық сақтанды­ры­лу­шы­лар­ға еш алалаусыз төлемдер төленеді.
«Айталық, жазғы маусымда қандай да бір облыстың белгілі бір ауданында қуаңшылық болып, ауа температурасы 28 градустан жоғары деңгейде сақталса, жа­уын-шашын әдеттегі көлемнен азайса, онда ол ауданда «сақтан­дыру жағдайы туындады» деп са­налады да, барлық сақтан­ды­рылған егін­шілерге төлемдер төленеді. Осы орайда аграршы­лар­дан егінінің күйіп кеткенін дәлелдеп, қаптаған қосымша құ­жаттарды жинау талап етілмейді. Нәтижесінде, сақ­тан­дыру өнімі арзандайды. Соның арқасында ол өнімді сату же­ңіл­дейді, сақ­тан­­ды­ру компа­ния­сы­ның клиенттері­нің саны да кө­бейеді», – дейді Е.Серова.
Осылайша, барлық тараптар пайдаға шығады: сақтандыру компаниясына қуаңшылық не басқа да сақтандыру жағдайы туғанда, алыс егістіктерге сапар­лап, аграрлық өндірістің техно­логиялық егжей-тегжейлерінің байыбына барып жүрудің қажеті болмайды. Клиенттер ұғынықты индекстерге жүгініп, қандай жағ­дайда қанша төлем төлену ке­рек­тігін біледі. Бұған қоса, құны арзандау полиске қол жеткізеді.
АШМ дерегінше, жалпы ал­ғанда, 2019 жылы елімізде 22,3 млн гектар жерде егін егілмек. Бұл былтырғыдан 291 мың гектарға немесе 1,3%-ға көп.
Егістік алқаптарды әртарап­тандыру жалғасуда. Атап айт­қанда, дәнді дақылдар биыл тек 14,9 млн гектар алаңға, оның ішінде бидай тұқымдары 11,2 млн гектарға ғана себілмек. Сөйтіп, 2017 жылдан бері бидай егістігі 168 мың гектарға қысқарды.
Қазіргі кезде оңтүстік өңір­лерде – Алматы, Жамбыл, Қы­зылорда, Түркістан облыстарында көктемгі егіс жұмыстары қызу жү­руде: оларда 379,3 мың гек­тар­ға, яғни жоспарланған көлемнің 22,1%-ына егістік егіліп болыпты.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу: