Кәсіпқой бокстың бір аты – бизнес

526
0
Бөлісу:

Кәсіпқой бокстың бір аты – бизнес. Бұл жайлы екінің бірі хабардар. Есепсіз айналған ақша, толағай табыстың бәрі – осы салада. Күні кеше кәсіпқой боксшы Фируза Шәріпованың чемпион титулынан айрылғаны жайлы жаңалық шықты. Спортшы Халықаралық бокс ұйымының сайтында жарияланатын IBO нұсқасы бойынша чемпиондар тізімінен түсіп қалыпты. «Оған себеп – қаражаттың жетіспеуі» деп түсіндіреді Шәріпова. Спортшының мұндай мәлімдемесінен соң, Мәдениет және спорт министрлігі дереу жауап қатты. «Бақсам, бақа екен» демекші, қаражат кезінде бөлінген екен. Көлемі де аз емес – 74,8 миллион теңге. Сонда әуесқой бокстан бөлек, кәсіпқойға да мемлекет қаржысы қажет болғаны ма?   

Дәл қазір Фируза – WIBA нұс­қасы бойынша әлем чемпио­ны. Өзінің бір титулдан айырыл­ға­ны жөнінде спортшы БАҚ бет­терінен бір-ақ біліпті. «Ұйым­нан ресми хат әлі келген жоқ. Өз басым бұқаралық ақпарат құрал­да­рынан оқыдым. Жалпы бұл – қалыпты құбылыс. Ұйымның ере­жесі бойынша, бір жыл ішінде қорғау жекпе-жегін өткізуім ке­рек болған. Толыққанды WBC чемпион титулы бар Ева Вальстреммен бірлесіп өткізуді жоспарлағанымызбен, қаражат қолбайлау болды. Әкімдіктер мен Мәдениет және спорт министрлігіне хат жолдадық. Бірақ қаржы табылмады. Соңғы рет Юлия Куценкомен басқа салмақ дәрежесінде жекпе-жек өткіздім. Бұл туралы WBC пен IBO хабардар еді. Дегенмен қор­ғау жекпе-жегін бәрібір өткізуім керек болған. Осыға ұқсас жағдай кезінде Головкинде де болған. IBF титулына үміткер боксшы­сы­мен міндетті түрде кездесуі ке­рек болған. Жекпе-жек өтпе­ген соң, белбеуін тартып алған. Мұн­дай бокста жиі болып тұра­ды. Бүгінгі таңда үшінші салмақ­та әлем чемпионы болуды мақсат етіп отырмыз. Қолымнан келеті­ніне сенімдімін. Тек ақша керек. Күн сайын сан жерге хат жіберіп, коммерциялық ұсыныс жолдап жатырмыз. Тіпті прези­дент­ке арнайы хат әзірлеп қой­дық. Қазақ­стандық бизнесмендер мен сала министрлігінен қолдау күте­міз. Титулдан жеңіліп қал­ғаннан айырылмадым. Кінә менен емес» дейді Шәріпова. Бұл спорт­шы­ның жанайқайы ма, жоқ әлде ақталуы ма белгісіз.

 

«Фируза Шарипованың жекпе-жегін ұйымдастыруға бөлінген 74,8 миллион теңге миға қонымсыз. Оның үстіне бұл ақшаға ол чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек емес, жай белбеуін қорғау үшін кездесу ұйымдастырған. Негізі кәсіпқой бокста белбеу қорғайтын боксшы шығынға ұшырамайды. Керісінше, сол белбеуге үміткер адам ақысын төлеу керек. Америкада мемлекет боксшыларға көк тиын да бермейді. Мұнда боксшылар барлығын өз еңбегімен табады. Алдымен олар өз аттарып шығарып, кейін сол өзінің атағын телеарнаға беру арқылы сатады.  

Сөйтіп, керісінше мемлекетке қыруар салық төлейді. Негізі, мемлекеттен ақша бөлінгенге қарсы емеспін. Бірақ ретімен бөлінсе. Сосын бөле-жармай барлығына бірдей бөлінсе екен», – дейді спорт журналисі Уәлиxан Қосанбай.

Мәдениет және спорт ми­нис­тр­­лігі Спорт және дене шы­нық­тыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев кәсіби боксшы Фируза Шарипованың мәлім­де­ме­­сіне қатысты жауап берді. «Отан­дық спортшыға қолдау көрсету мақ­сатында, Фируза Шарипова­ның WBC чемпиондық белбеуінің иегері Ева Вальстрем­мен бірік­кен жекпе-жегін өткізу үшін Мәдениет және спорт министр­лігі 2018 жылдың мамыр айында 74,8 миллион теңге көлемінде қаражат бөлді. Алайда осы жекпе-жекті өткізудің орны­на, Юлия Куценкомен өз титу­лын қорғау жекпе-жегін өткіз­ген. Осы­лайша, аса маңыз­ды бірлес­кен кездесуге бөлінген қаражат қорғау жекпе-жегін ұйымдасты­руға жұмсалған».
Шәріпованың менеджері Сер­гей Завилейский қазақ­стан­дық спортшыға мүмкіндік беру керек, қолдау қажет дегенді алға тартады. «Ева Вальстреммен кездесу құны тым қымбат болды. Сондықтан басқа салмақта Юлия Куценкомен өткіздік. Соңғы рет 2018 жылдың жазында қаржылай қолдау алдық. Бірақ одан бері жүздеген жерге өтініш беріп, хат жолдадық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Instag­ram-нан жеке аккаунтын ашқа­нын естіп, сол жаққа қаржылай көмек сұрап, жаздық. Бізде қаражаттан басқа­ның бәрі бар. Фирузаның алдыңғы кездесуле­рін «Астана ЭКСПО» ұлттық компаниясының экс-бас­шысы Ахмет­жан Есімов, «Самұ­рық-Қазы­на» бұрынғы басшысы Өмірзақ Шөкеев, Мәде­ниет және спорт министрі Арыс­танбек Мұха­медиұлы қолдаған еді. Фи­ру­з­аға 2 миллион доллар ақша мен екі жыл уақыт керек. Сонда ғана ол әйел­дер боксындағы мық­тылардың бірі болады» дейді менед­жер.
Бокс кешін, спортшылар кез­десуін үтір-нүктесіне дейін ұйымдастыруды промоутерлік компаниялар мойнына алады. Боксшының бағы жануы үшін шеберлік пен қабілеттен бөлек, мық­ты маман да қажет-ақ. Себе­бі, бокс спорттың басқа түрле­ріне ұқсамайды. Әр кездесу – бөлек іс-шара, тәуелсіз келісім. Құры­лымы да көпшілікке түсі­нік­сіз. Футболда қақпаға доп кір­геннен гол екенін біліп отыра­мыз. Нәти­жесі көзге көрініп тұрады. Бокста сәл басқаша. Кім­­нің жең­генін дәл болжау қиын. Олимпиада кезінде әуес­қой боксшылардың талай рет басы тасқа соғылғаны – соған дәлел. Кәсіби бокста бәрі ақшаға келіп тіреді. Титу­лың­ды қорғау, кездесу өтетін орын мен уақытты белгілеу, қар­сы­ласқа бе­рілетін сыйақы, оның телеар­на­ларда көрсетілуі, биле­тін өткізу сынды мың сан шаруа шаш-етектен. Осындай үлкен ауы­ртпалықты менеджердің екі­нің бірі көтере алмайды. Демек, шоқпарды белге байламас бұрын бір бағам­дап алған дұрыс.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу: