АЛИК ШПЕКПАЕВ: МЕШІТТЕРДЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ УАҒЫЗ АЙТЫЛАДЫ

522
0
Бөлісу:

Екі жыл ішінде еліміздегі 2,5 мың мешітте сыбайлас жемқорлыққа қарсы уағыздар жүргізілген. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев мәлімдеді.
Кеше агенттікте өткен «Сыбайлас жемқорлықсыз өнегелі ұрпақты қалыптастырудағы руханияттың рөлі» атты дөңгелек үстелде А. Шпекбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы табысты саясатты жүргізуде рухани мәдениеттің маңызына тоқталды. Ол барлық әлемдік діндер мен рухани ой мектептері сыбайлас жемқорлықты айыптайтынын, ал бөтен мүлікті заңсыз иемдену мен парақорлық күнә екенін айтты.
«Өткен екі жылы 2,5 мың мешітте жұма намазының алдында «Парақорлық пен жемқорлықтың қасіреті» уағыздары оқылды. Агенттік діни қызметкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту мәселелері бойынша дайындау мақсатында діни бірлестіктер үшін 300-ден астам семинар ұйымдастырды. Осы саланың 15 000-нан астам өкілі бүгінде қажетті ақпарат пен дағдыға ие», – деді А.Шпекбаев.
Ал агенттік төрағасының орынбасары Олжас Бектенов өскелең ұрпақтың еліміздің мектепке дейінгі мекемелерінде, мектептерінде, колледждері мен жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиемен және оқытумен қамтылғанын айтады.
«Адамдардың сыбайлас жемқорлықтан саналы түрде алшақ жүруі маңызды. Мұндай сенім адамның адамгершілік және рухани дамуы арқылы болуы мүмкін. Мешіт, шіркеу, ғибадатхана, синагога және басқа да діни ғимараттар – бұл адамгершілік тәрбие орталықтары. Діни рәсімдерді, уағыздарды орындау кезінде сыбайлас жемқорлықтың күнә екендігі туралы үнемі түсіндіруді тәжірибеге енгізуді сұрағым келеді», – деді ол дін өкілдеріне.
Айта кетейік, Қазақстанда 15 діни білім беру ұйымы, мешіттер мен жексенбілік мектептер жанында 400 бастауыш курстары, діни ғимараттардан тыс жерлерде діни іс-шараларды өткізуге арналған 383 үй-жай, діни әдебиеттер мен діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды таратуға арналған 257 арнайы тұрақты үй-жай жұмыс істейді.

Тұмар МЫРЗА

Бөлісу: