ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТКЕ КӨРСЕТІЛГЕН ҚҰРМЕТ

578
0
Бөлісу:

Алматыда Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда ел астанасының Нұр-Сұлтан деп аталуына қатысты ойларын ортаға салды.

Кеңесті «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы, қалалық мәслихат депутаты Қали Сәрсенбай жүргізіп, пікірін білдірді.
– Мемлекеттің негізін қалаушы тұлға­лардың есімдерін ел тарихына мәңгі қалдырған мұндай оқиға әлемдік тарихта жиі кездеседі. Оған мысал да жетіп артылады. Мәселен, АҚШ астанасы Вашингтонның осы елдің тұңғыш президентінің құрметіне берілгенін тарихтан жақсы білеміз. Мемлекеттің әлеу­меттік-эконо­микалық және саяси өмірін түбе­гейлі өзгертуге ықпал еткен ұлы тұлға­лар­дың есім­дерін қалаларға беріп, оларды ардақтау өркениетті мемлекеттерде дәстүр болып қалыптасқан. Сондықтан Астананың бүгінде Нұр-Сұлтан болып аталуын өте маңыз­ды әрі тарихи дұрыс шешім деп білеміз, – деді Қали Сәрсенбай.
Сондай-ақ партияның Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров та тарихи шешімге орай ойын айтты.
– Елбасының белгілеп берген бағытымен дами берсек, енді аз ғана уақыт ішінде Қазақстан әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарынан табылып, мәртебесі биіктей түсетін болады. Бұл ешкім де күмән келтіре алмайтын ақиқат. Ширек ғасырдан астам уақыт елді басқарған бір ғана адамның Қазақстанды әлемге танытқан кемеңгерлігі мен даналығын бүкіл қоғам болып бағалап, елорданы Нұр-Сұлтан деп атап отыр, – деді ол.
Отырыста Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымының докторы, академик Ұлықпан Сыдықов, тарих ғылы­мының докторы, профессор Хангелді Әбжанов, жазушы, киносценарист Смағұл Елубай сияқты әйгілі азаматтар сөз алып, ел астанасы атауының өзгеруіне қолдау танытты.
– Кезінде қазақтың білімді болуы, елдің іргесін бекітіп, әлемге әйгілі біртұтас мемле­кет­ке айналдыру, халықтың бірлігін нығайтып, берекесін арттыру Абылай ханның асыл ар­ма­ны болатын. Сол арман Елбасымыз басқарған кезеңде орындалып, қазақ «қой үстіне боз­торғай жұмыртқалаған» заманға жетті. Елба­сының есімін ұлттың ұранына айналдырып, оны Астана қаласына беру халықтың Тұңғыш Президентке деген құрметінің шынайы белгісі, – деді академик Ұлықпан Сыдықов.
«Мирас» кеңесінің отырысы әдеттегідей еркін және өзара түсіністік жағдайында өтті.

Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ

Бөлісу: