Көлік қозғалысы қадағаланды

440
0
Бөлісу:

Алматы – аумағы мен халық саны жағынан еліміздегі ең ірі шаһар болғандықтан ондағы көлік қозғалысын жіті бақылау өте маңызды. Соңғы бір ай көлемінде қалалық көліктік бақылау инспек­циясы мегаполис ішіндегі көліктердің салмақ өлшемдеріне байла­нысты қатаң қадағалау жұмыстарын жүргізді.

Автокөлік қозғалысы кезін­де салмақтық параметр­ле­рі­не шектеу қою туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұйрық еткен бола­тын. Аталған ереже мемле­кеттің жалпы айналым­дағы республи­ка­лық маңызы бар жолдарында ғана қолданылады. Бұл шараның маңызы жайлы қалалық инспек­ция басшы­лығы егжей-тегжейлі түсіндірді. Айтуынша, Қазақ­стан­ның жол­дары негізінен екі аймаққа бөлінген.

– Алматы қаласы төртінші кли­маттық аумаққа жатады. Жай күндері бір білікті автокө­лік­ке 10 тоннаға дейін тасуға бола­ды. Ал қазір көктем уақы­ты. Жылдың бұл мезгілінде қар еріп, жол бедерінің астындағы топы­рақ босаңсиды. Сондықтан шек­теу 8 тоннаға дейін түсіріледі. Яғни, әдеттегі рұқсат етілген жүк сал­мағының 20 пайызы қысқар­ты­лады. Бұл жол сапасын сақтау мақсатында жасалып отыр, – дейді қалалық көліктік бақы­лау инспекциясы басшысы­ның орынбасары Хамитбек Пітір­әлиев.

Инспекция қызметкерлері қала ішіндегі тасымалдарды жүзе­ге асырған көліктерді жоға­ры­дағы бұйрық негізінде тексер­мей­ді. Назарға тек өзге облыстар мен өңірлерден келе жатқан жүк көліктері ілінген. Шекті салмақ­тан асыра жүк тасыған көлік ие­ле­ріне ҚР Әкімшілік кодек­сі­нің 571-бөлімінің 6-тармағы бо­йын­ша жауапкершілікке тартылған. Ереже бұзған жеке тұлғалар салынған айыппұлды бір апта ішінде төлесе айып со­ма­сының жартысын ғана төлеп құтылуына болады. Ал заңды тұлғаларға айып салар кезде олардың қандай бизнес иесі екеніне назар аударылған.

– Шағын бизнес иесіне 30 АЕК көлемінде, орта бизнес жүргізушілеріне 30-дан 50 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Көліктің артық салмағы арнайы мобилді таразы арқылы анық­тал­ды. Жол сапасының бұзыл­ма­уын біз ұйымдастырған жыл­жы­малы көліктік-бақылау бе­кет­тері қатаң қадағалап, заң бұ­зу­шы­лықтардың алдын алды, – деді Хамитбек Пітірәлиев.

Абай Аймағамбет

Бөлісу: