22 ҒАЛЫМ ШЫҚҚАН АУЫЛ

777
0
Бөлісу:

 Наурыз тойда бес бүлдіршіннің тұсауын кесті

Биыл түркістандықтар Ұлыстың ұлы күнін ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Облыс орталығында тоғыз күн бойы түрлі шара ұйымдастырып тойланған ұлы мейрам ауылдарда да жалғасын тапты. Қазақ тарихынан ойып тұрып орын алатын Сауран қорғаны қаласының  іргесінде жатқан Ескі Сауран ауылының тұрғындары да  әз Наурызды дүрілдетіп атап өтті.

Наурызды жоғары деңгейде тойлауға жергілікті тұрғындар белсенді қатысты. Еліміздегі ірі кәсіпорындарға жетекшілік етіп отырған Қожабаевтар әулеті сынды кәсіпкерлердің қолдауы­мен киіз үй тігіліп, ас берілді. Алтыбақан орнатылып, өнерпаз жастардың қатысуымен концерт­тік бағдарлама өтті. Бізге ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға арналған іс-шараның қонағы болу бақыты бұйырды.
Ескі саурандықтар қонақ­тарды ауылдың кіреберісінен күтіп алды. Бірлігі жарасқан ауыл тұрғындары өз күшімен ауылдың атын жазып, арнайы қақпа тұрғы­зыпты. Жиынға қатысқан Кентау қаласының әкімі Ғани Рысбеков көпшілікті Ұлыстың ұлы күнімен құттықтады. Ауыл ақсақалдарымен бірге лента қиып, игі іске ұйытқы болған жан­дарға ризашылығын білдірді.
Сәні мен салтанаты жарасқан Наурыз тойында ақ жаулықты аналар шашу шашып, мерекенің көркін кіргізді. Келген қонақтар көшет отырғызды.
Кентау қаласының әкімі Ғани Рысбеков пен облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, кәсіпкер Бәйділда Қожабаев пен ауыл ақсақалдары жиналған жұртты мерекемен құттықтады. Ақсақалдар ауыл­дың құрылуы мен өркендеуіне айрықша еңбек сіңірген ақын-жазушы, журналист, соғыс арда­гері, ұлағатты ұстаз Ілияс Қожа­баевтың есімін ауыл мектебіне беру жөнінде ұсыныс айтты. Ескі Сауран ауылының тарихы терең­де жатыр. Керей мен Жәні­бек бастаған Қазақ xандығының түп тамыры Ақ Орда мемлекетінде жатқаны және Қазақ xандығы оның тікелей мұрагері екендігі тариxтан белгілі. «Ескі Сауран» ауылы сол Ақ Орда мемлекетінің астанасы болған.
Дешті қыпшақ даласында жатқан Сауран Сырдария ала­бын­дағы әскери-стратегиялық, сауда-саттық, экономикалық және тарихи-мәдени маңызы бар орталық болғаны тарихтан белгі­лі. Әйгілі ғалым Әлкей Мар­ғұлан Сауран қаласы ең жойқын қалалардың бірі болғанын айтса, түркінің ата тарихын зерделеген жылнамашы Махмуд Қашқари жазбаларында көне қаланың тарихы тым әріде – оғыздар дәуірінде болғаны айтылады.
ХІІІ ғасырдың орта шенінде Сауран Ақ Орданың астанасы болады. Берісі Сауран қаласы XIV ғасырдың бірінші жарты­сында қазақ халқының этнос ретінде қалыптасуының алғашқы саяси ұйытқысы саналатын Ақ Орданың билеушісі Сасы-Бұқа осы қалада жерленген. Көптеген деректе Сауран қаласы Ақсақ Темірдің Алтын Орда хандарымен қақтығыстары тұсында қала қолдан-қолға өткен. ХІV ғасыр­дың аяғында қаланы Әмір Темір әскери қамалға айналдырған. Үлкен мешіті болған қала қазақ даласына ислам дінінің тарауына ықпал еткен.
Мәскеуді басып алып, оны өртеген екі адам болса, соның бірі – Алтын Орданың xаны Тоқтамыс, екіншісі – Наполеон Бона­парт. Сол Тоқтамыс xан осы Сау­ран қаласының 4 жыл билеу­шісі болған. Хақназар xан­ның сенімді нөкерлері ағайын­ды Қияқ пен Тұяқ батырлар да осы Саураннан шыққан.
ХVІ ғасырда Сауран мұнаралы биік дуалмен қоршалған үлкен қала болған. Оның ірі-ірі құры­лыс­тарының ішінен заман­дастары «шайқалмалы минарет­ті» және қала мен оның айна­ласын сумен қамтамасыз еткен кәріздерді – жер астынан салын­ған каналды ерекше атаған. Сауран ХVІІ ғасырдың аяғы мен ХVІІІ ғасырдың басында әлсіреп, ХІХ ғасырдың басында біржолата күйреп, қазіргі сұлбасы қалған.
Сол себепті қабырғасын жел мүжіп, арсасы шыққанмен алыс­тан сұлбасы зорайып көрінетін, заманында Ұлы даламыздың жұртына қорған болған Сауран­дай орта ғасырлық қаласы бар және әлем назарындағы Ясауи мавзо­лейі­­нің қаланған кірпіші мен топырағы тасымалданған қасиеті тасыған осы ауылдан
1 академик, 4 ғылым докторы мен 17 ғылым кандидаты шық­қан. Бұл да тегін болмаса керек. Шы­ғыс пен батыстың арасын жалғап жатқан темір жол Ескі Сауран ауылының бойынан өт­кен. Сондай-ақ бұл ауылдың іргесінде Батыс Қытай – Батыс Еуропа жолы жатыр.
Биыл ауылдың ауызсу мәсе­лесі түбегейлі шешімін таппақ. Су құбыры жүргізіліп біткен соң, орталық көшенің жолы жөндеу­ден өтеді. Жарықтандыру мәсе­ле­сі де шешіліп келеді. Ғани Құрмаш­ұлы қариялардың сұра­ғы­на жауап беріп, ел ішіндегі ынты­мақ пен бірлікті нығайту жолындағы жұмыстарына алғы­сын айтты.
Халық артисі Қажыбек Бекбосынов Естай ақынның термесін шырқаса, республи­ка­лық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Бақытжан Тоқтасын және ауылдың өнерпаз жастары әсем ән орындап, күмбірлете күй тартты. Мың бұрала би билеп, көпшіліктің ыстық ықы­ласына бөленді.
Мерекелік шарада бес бүлдір­шін­нің тұсауы кесілді. Салтанат­ты рәсімді атқарған Ғани Құр­маш­ұлы, Баймахан Тойма­ханұлы, Бәйділдә Ілиясұлы, Хайрулла Бәйділдәұлының иықтарына шапан жабылды.
Жастар беташардан көрініс көрсетіп, салт-дәстүрді дәріптеді. Ауыл жастары алтыбақан тепсе, бүлдіршіндер батутта ойнап, керемет көңіл күйге бөленді.

Ауыл ақсақалдарының бұйым­­тайы
Шыны керек, кейде әр ауылда бір әттеген-ай болаты­ны рас. Олай дейтініміз, Түркі­стан облыстық Ақсақалдар алқа­сының мүшесі, ауыл ақсақалдары алқасының төрағасы, ұстаз Балта­бай Жарылқасынов тілші­лерге ауыл тұрғындарының атынан бұйымтай айтты.
Ауылдың қазіргі ресми атауы «Жібек жолы» ауылдық округіне қарасты «30 разъезд» аталғанмен, ел аузындағы ежелгі атауымен «Ескі Сауран» аталып жүр. Деген­мен қазір ауылдың ежелгі атауы Ескі Сауран атауын алу үшін дайындалып жатқан құ­жаттар облыс атауының өзгеруі­­не және 12 ауылдық округ­тің Түркістаннан Кентау қала­сына өтіп жатқанына байланысты кешеуілдеп жатқан көрінеді.
«Шыны керек, ауылға келген қонақтар кейде қай Сауранға түсерін білмей адасып кетеді. Себебі, бізде 3 Сауран бар. Бірін­шісі – Сауран стансасы (ауыл окру­гінің орталығы). Екін­шісі, біз­дің ауыл – ескі Сауран. Үшін­шісі – Сауран қалашығы. Сон­дық­тан біздің ауыл өзінің ежелгі атауы бойынша Ескі Сау­ран аталуы қажет», – дейді ақсақал.
Ақсақалдың айтуынша, ауыл үшін ең басты мәселе, ауыл ірге­сінен өтіп жатқан Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық автожолы салынғалы бері ауыл тұрғындары қарсы бетке өту үшін біраз жерді айналып жүреді. Жолдың арғы бетіне өту үшін жүргіншілер жолы (өткел) жасал­маған және ешқандай аялдама жоқ. Тіпті Түркістан жақтан ауылға келетін көліктер ауылға бұрыла алмай ауылдың тұсынан өтіп кетіп 1 шақырым жерден кейін кері бұрылып қайту қажет. Ал ауылдан Қызылорда бағытына қарай шығатын көлік­тер 9 шақы­рым жол жүріп барып қайтадан кері бұрылуына тура келеді.
Сорақысы сол, туристік аймақ саналып отырған Сауран қорғанына да арнайы бұрылыс жасалмаған. Ауылға келген қонақты тарихи жерге апару үшін талай жерді шарлап, Қызылорда облысының аумағына өтіп кетіп, «Бесарық» елдімекенінің тұсы­нан кері бұрылып, 55 шақырым шамасында жол жүру қажет екен. Ақсақал жоғары жақтағылар, яғни «ҚазАвтоЖол» ұлттық ком­па­ниясы сияқты мекемелер осы­ны назарға алып, тезірек реттесе деген өтінішін жеткізді.

Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы

Бөлісу: