Шәкәрімнің ескерткішін алғысы келгендердің арманы орындалмады

1819
0
Бөлісу:

Семейдегі қараусыз қалған жалғыз Орталық саябағы көркейетін болды. Жобалаушылар мен кафе иелері, жергілікті атқарушы билік пен БАҚ өкілдері Орталық саябақта бас қосып, проблемалық дүниелерді талқыға салды. Жиынға қала әкімі Ермак Сәлімов те қатысты.

Саябақты жөндеу өз алдына, бұдан екі жыл бұрын осында тұрған Шәкәрімнің ескерткішін алып тастап, орнына Лондон қаласындағыдай Big Ben сияқты биік сағат мұнарасын орнатамыз дегендер шыққан болатын. Бұған наразылық білдірген Семейдің зиялы қауымы, ардагер-ақсақалдар өз пікірлерін айтқан болатын. Саябақты аралау барысында осының барлығы да назарға алынды.

 Қала әкімінің айтуынша, шіріген, ескірген ағаштар патологиялық тексеруден өткен соң ғана кесіліп алынады. Жобалаушы мекеме өкілдерінің айтуынша, саябақ 4 аймаққа бөлінбек. Балалар және спорт алаңдары, амфитеатр пайда болмақ. Саябақтың аумағында заманауи субұрқақтар мен орындықтар қойылмақ. Ескі орындықтар алынып тасталады. Бұрындары Орталық саябақтың жарықтандыруы ақсап жататын. Енді жарық диодты шамдар орнатылатын болды.

– Саябақта футбол, баскетбол, волейбол алаңдары мен скейт алаңдар орнатамыз, – деді жобалаушы компания жетекшісінің орынбасары Марат Жұмағұлов. – Балалар ойнайтын алаңдағы әткеншектер атаулы табиғи материалдан жасалады. Ересектеу балалар үшін би алаңы мен шахмат тақтайларын орнатамыз.

Бұрындары көрінген жерде бей-берекет сатылып тұратын тәттілер мен балмұздақ дүңгіршектері жөнді қалыпқа келтірілетін болады. Десе де, кафе, мейрамхана сияқты барлық көңіл көтеру орындары өз орындарында қалатын болды. Бірақ, олар саябаққа қатыссыз жеке қоршаумен қоршалып, есігі басқа жақтан шығарылатын болды.

Қала әкімінің шешімімен саябақтың ортасында тұрған Шәкәрім ескерткіші алынып тасталмайтын болды. Шәкәрім қажы ескерткіші жаңа жоба бойынша бұрынғы орнында қалады. Саябақты көркейту 3 айға созылмақ. Жөндеу жұмыстары кезінде саябақ жабық болады.

Раушан Нұғманбекова,
Семей.

Бөлісу: