Атырауда интернат тәрбиешілері балаларды ұрып, жұмсаған

1431
0
Бөлісу:

Атырау облыстық прокуратурасы психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арналған мектеп-интернаттағы балаларға тәрбиешілер тарапынан күш көрсетіліп келген дерегін анықтады. Интернат тәрбиешілері балаларды ұрып, оларға жұмыс  істеуге мәжбүрлеген.

Психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арналған мектеп-интернатта ата-ана қамқорлығынсыз қалған 98 мүгедек бала тұрақты тұрып жатыр.  Атырау облысы прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарлауынша, интернат тәрбиешілері ұзақ уақыт бойына балаларды сабап, жұмыс жасауға мәжбүрлепті. Сөйлей алмайтын балалар бұл туралы ешкімге шағымдана алмаған.

Облыс прокуроры Ернат Сыбанқұлов: «Тәрбиешілер тіпті бейнекамералардан да қаймықпаған. Өкінішке орай, 2018 жылдың желтоқсанынан үстіміздегі жылдың қаңтар айы аралығындағы бейнежазбаларды қолға түсіре алдық. Бірақ, осының өзі сотқа дейінгі тексеру жұмыстарын бастап кетуге толықтай мүмкіндік беріп отыр» деді.

Тергеу жұмыстары Қылмыстық кодекстің 140-бабы, 2-бөлімі (кәмелетке жасы толмағандарды тәрбиелеуге қатысты міндеттерді орындамау) бойынша жүргізілуде.

Анықталған дерекке жергілікті атқарушы билік те назар аударды.

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов тәрбиешілер тарапынан күш көрсету деректері анықталған психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға арналған мектеп-интернатқа қоғам өкілдерімен бірге барып, мектеп-интернаттағы балалардың жағдайларын тексерді. Комиссия мүшелері балалардың бөлмелерін  қарап, оқу-әдістемелік базамен, асхана мен медбөлімшенің жағдайымен танысты. Комиссия мүшелерін тәрбиешілер тарапынан дұрыс бақылаудың жоқтығы, балалар жатқан бөлмелердің  санитарлық нормаларға сай еместігі алаңдатты.

Мекеме директоры Рымбек Тұрдағалидың айтуынша, ол бұл лауазымға өткен жылы келген.

– Жауапкершіліктен жалтаруға бұл себеп емес. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы екі ай бұрын тағайындалды, мен де осы салаға жақыннан бері жетекшілік етемін, бірақ бұл бізден де, осы салаға бірнеше жылдан бері  жетекшілік жасап отырған адамдардан да жауапкершілікті алып тастамайды.  Барлығына шара қолданылады, ерекше балаларға тікелей жауапты басқарма басшысының орынбасарына сөгіс жарияланды. Іс мұнымен де аяқталмайды,  қызметтік тексеру қортындысымен барлық жауапты тұлғаларға қатысты шешім қабылданады. Біз жағдайды жұртшылықтың ашық бақылауына шығарамыз, – деді Серік Жамбылұлы.

Директордың кабинетінде бейне бақылау камерасы бар, сол арқылы балаларға қол көтеру деректері анықталған. Жағдайды мекеме қызметкерлері емес, прокуратура анықтады.

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары С.Шапкенов барлық кабинеттерге интернетке қосылған  веб-камера орнатуға тапсырма берді. Сайып келгенде бұл ата-аналар, комиссия мүшелері мен тексеруші орган өкілдерінің  балалардың жағдайын тәулік бойы бақылай алуына жағдай жасайды.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,
Атырау облысы

Бөлісу: