Қазақ журналистикасының дарабозы (әңгіме)

553
0
Бөлісу:

– Апа, бүгін біз мектепте Абайдың жігіттер туралы өлеңімен таныстық. Мен нағыз жігіттің қандай болатынын енді біліп жатырмын, – деп Жүрсін мектептен қуанышты көңіл күйде келді.

– Менің құлыным күн санап емес, Ер Төстіктей сағат санап, есейіп келе жатыр, – деп Тұмаркүл апа бір сүйсініп алып, ұршығын балет бишісіндей мың бұралта айналдыра, иіріп жіберді. – Құлыным, апайың қай өлеңімен таныстырды?

– «Керек іс бозбалаға – талаптылық,
Әр түрлі өнер, мінез, жақсы қылық.
Кейбір жігіт жүреді мақтан күйлеп,
Сыртқа пысық келеді, сөзге сынық» – деп өзіне ұнаған шумағын жаттап алған 5 сыныптың озаты, апасының еркесі сайрай жөнелді.

– Құлыным, Абайдың өлеңін қай жасыңда оқысаң, жасыңа сай нәрсені ұғынасың, өмірлік сабақ болады. Мен бір ұстазды білемін. Ана Асқар ағаңды оқуға түсірген кезде, сол ұлағатты ұстазбен танысқанмын. Сол ұстаз Абай атаңның өлеңдерін өмірінің шамшырағы еткен.

– Ол кім апа? Мен интернеттен қарайыншы.

– Сенің ана инернетің менен артық ештеңе білмейді-ау, сірә!

– Иә, апа, сіз әлі оқылмаған энциклопедиясыз ғой.

– «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген атаңның өлеңін білесің ғой. Мен айтқалы отырған Темірбек Қожекеев атаң осы өлең жолдарын өмірлік ұстанымы еткен. Ешкімге бағынбаған, иілмеген. Қайта кім қарсы тұрса, сол адамды өткір сөзімен иілдірген. Сендерде қазір бәрі бар ғой. Еркесіңдер. Ал Темекең қатал тәртіппен тәрбиелеген. Содан қалыптасқан қатал мінезімен Баукең айтпақшы тәртіпке бас идіріп, қазақтың әр азаматын өзгенің алдында құл қылдырмаған. Әдебиет дейтін киелі әлем мен ұстаздық дейтін үлкен ұғымға бар ғұмырын, әр бір сәтін арнап, жасаған жұмысынан ләззат алған тұғырлы тағдырдың егесі ғой ол.

– Апа, мен журфактың қазіргі деканы Сағатбек Медеубек ағаның сұхбатынан осы кісі жайлы естігенім бар. Апа, неге осы Қазақ Ұлттық Университетін бітірген, қазір аға журналист болғандар «Шерағаңның шекпенінен, Темкеңнің тепкісінен шыққанбыз» деп айтады?

– Ана бір сұхбатты кім алыпты?

– Жанерке есімді студент қыз, ол да болашақ мықты журналист екен.

– Ә, әлі-ақ мына студент қызың да «Медеубектің мейіріміне бөленіп өскенбіз» деп талай жазатыны шындық. Әркімдікі өзіне-ай! Олай дегендері – мақтаныш. Темірбектің қатал тәртібінен алты мыңдай шәкірт майталман маман болып шықты емес пе? Ол да Сағатбек ағаң секілді журналистика факультетін басқарды. «Қара шаңырақты» қалыптастырып кетті. Сен ауладағы достарың жайлы бәрін білесің бе? Ал Темекең қанша студенті болса, солардың барлығының отбасы жағдайын, қалай оқитынын, неге ебі бар екенін білген. Тіпті дарынды дегенінің қабілетін ашуға көмектескен. Студенттерін аялап тұрып аямаған, аямай тұрып аялай білген. Ол декан болған 16 жылда табансыздар тайып, қабілетсіздер журфактан қашқан. Қазір ғой кім көрінген журналист. Ана бір тесттен өте алмаса, оған түсу де басқаша екен ғой.

– Апа, ол кісі тек ұстаз болған ба?

– Қазақ «сегіз қырлы, бір сырлы жігіт» деп екенің бірін айтпаған. Мына Темекеңнің сегіз емес он алты қыры бар дерсің, шіркін! Тарихтың беттерін ашқан болсаңдар, біздің ауылдағы кітапханада бар ма жоқ па білмедім, «Көк сеңгірлер» деген кітап сонау 1992 жылдары жарыққа шықты. Міне сол кітапта Темекең «елім» деп етігінен су кешкен қазақтың маңдайалды қайраткерлер туралы айтылмаған сөз бен ашылмаған сырларды зерттеп- зерделеп жазып, тарихшылық қырынан көрінді. Ол тіпті сыншы дерсің! Талай рет газет беттерінде қазақ әдебиетінің бүгіні мен болашағы жайлы, оның зерттелуі мен дәріптелуі турасында талай мақаласын жариялады. Ол бостан бос декан болмады. Темірбек Қожекеев – журналистика саласының сүйегін мүжіп, майын ішкен. 1942 жылдан бастап қолына қаламын қару қылып ақпарат майданына белшесінен түсіп кетті емес пе? Очерк, суреттеме жазу дегендерің сол азаматтан-ақ артылмайтын. Құлыншағым сен не күлеріңді, не жыларыңды білмей қалатын сәттерің болады ғой. Біз Темкеңнің жазған сатираларын оқысақ, жымия күлгенімізбен, заманымыздың бейнесін көріп, көкірегіміз мұңға толатын. Шатаспасам, «Сатира және дәуір» деген еңбегі болуы керек. Қожекеев талай жанрды біздің журналистикамызға  әкеліп, жас балаша мәпелеп, өсірді. Оның адалдығының, тазалығының, еңбекқорлығының  арқасында  ғылымға да еңбегі сіңді.

Ол аңыздан ақиқатты ажырата білетін. Бір жылдары Щепоткин дейтін біреу Темекеңе қарсы «Шырмауық» деген мақала жазды. «Қожекеев журналистика факультетін өз меншігіне иемденіп алды» деп жаханнамға жар салған. Онсыз да ел жағдайы қиын боп тұран кезде әр түрлі жаламен іс те қозғалды. Кейін Колбин орнынан кеткесін ғана ол  өзінің 40 жыл еңбек еткен отанына қайта оралған. Осы Темекең қиыннан қиыстырып өлең де жазған. «Тасқынды талап оздырар, Талапсыздық тоздырар» деп айтып кеткен. Абай атаңмен ойы астарлас. Егер тағы білгің келсе өзің айтқан интернеттен қарап аларсың, – деп апа жымия қарады.

Ал Жүрсін әңгімені ләззат ала тыңдады. Өзінің талап жайлы үйреніп алған өлең жолдарын достарымен бөліскенше асықты.

Жанерке Мұратханқызы,
Қазақ ұлттық университеті
Журналистика факультетінің 2 курс студенті

Бөлісу: